«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Конституциялық сот жаңа Азаматтық кодексте нені ескеру керектігін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын жариялап, конституциялық бақылаудың қорытындыларын және ұлттық құқықтық жүйені одан әрі дамытудың басым бағыттарын ұсынды.

Атап айтқанда, жолдау биылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституция қолданыста болған кезеңге қатысты ұсынылды. Жаңа Конституция мемлекеттің, оның институттары мен қоғамның одан әрі дамуының құндылық бағдарын айқындайды. Бұл конституциялық-құқықтық тәуекелдердің алдын алу мақсатында заңнаманы жүйелі түрде жаңартуды талап етеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығында жаңа Конституцияның қабылдануы қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы маңызды кезең болды.

Азаматтардың өтініші — конституциялық заңдылықтың жай-күйін белгілейтін көрсеткіш. Конституциялық Сот жұмысын бастағаннан бері 18 мыңнан астам өтініш түсті. Өтініш берушілердің шамамен 99 пайызға жуығы — азаматтар. Оларды қорғау нәтижесінде 500-ден астам қаулы және 91 нормативтік қаулы қабылданды. Бұл көрсеткішт конституциялық бақылаудың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі ретінде сұранысқа ие екенін көрсетеді, — деді Э.Әзімова.

Конституциялық бақылаудың негізгі нәтижелері

Алдыңғы жолдаудан кейінгі кезеңде конституциялық бақылау нәтижесінде 23 норма мен бір конституциялық заң Конституцияға сәйкес деп танылды, 14 норма конституциялық емес деп танылып, қолданыстағы құқық жүйесінен алынып тасталды, ал 19 ереже бойынша конституциялық-құқықтық түсіндірме берілді. Қаралған істер қоғамдық қатынастардың әртүрлі салаларын қамтыды. Солардың ішіндегі ең маңызды құқықтық ұстанымдарға тоқталайын.

Конституциялық сот шешімдерінің орындалуы

Конституциялық бақылаудың нәтижесі қорытынды шешімнің қабылдануымен ғана емес, оның толық орындалуымен де бағаланады. Қазіргі уақытта Конституциялық соттың 91 нормативтік қаулысының 70 пайызы орындалды. 17 шешімді Құрылтай депутаттарының заң шығару бастамасы аясында іске асыру жоспарланып отыр.

— Сонымен бірге шешімді орындау тек даулы норманы өзгертумен шектелмеуге тиіс. Біздің құқықтық ұстанымдар сот тәжірибесінде қолдануда маңызы зор. Мәселен, тоғыз нормативтік қаулыны орындау мақсатында бірқатар сот актілері қайта қаралды. Мыңнан астам сот актісінде Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларына сілтеме жасалған. Жоғарғы Соттың жеті нормативтік қаулысы біздің құқықтық ұстанымдарымызға сәйкес келтірілді, екеуі бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Конституциялық бақылаудың іс жүзіндегі маңызы прокурорлық қадағалау нәтижелерінен де көрінеді. Біздің нормативтік қаулыларымыздың негізінде прокуратура органдары 85 қадағалау және ден қою актісін енгізді. Мыңнан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, заңсыз өндіріп алынған қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешектің 40 млн теңгеден астамы қайтарылды, 46 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Осылайша біздің құқықтық ұстанымдарымыз мемлекеттік органдардың қызметінде көрініс тауып, азаматтардың нақты құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етіп жатыр, — деді Конституциялық сот төрағасы.

Жаңа Конституция жағдайында заңнаманы жетілдіру

Жаңа Конституция құқықтық жүйені одан әрі жаңартудың негізін қалады. Басты міндет – оның ережелерін салалық заңнамада, мемлекеттік басқаруда және құқық қолдану тәжірибесінде дәйекті түрде жүзеге асыру.

— Осыған байланысты бес басым бағытты атап өтуді қажет деп санаймыз. Бірінші – салалық заңнаманы жүйелі түрде жаңарту. Азаматтық, азаматтық процестік, қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнама ерекше назар аударуды қажет етеді. Оларды жетілдіру материалдық және процестік нормалардың өзара байланысын ескере отырып, кешенді түрде жүргізілуге тиіс. Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде меншік құқығын қорғау, жеке өмірге қол сұқпау, шарт еркіндігі, азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі және шектеулердің мөлшерлестігі мәселелері бойынша біздің құқықтық ұстанымдарымызды ескеру маңызды, — деді Әзімова.

Екінші бағыт — сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Заң соттың дербес бағалауын алмастырмай, сот төрелігін іске асырудың құқықтық шеңберін белгілеуге тиіс. Жекелеген заңнамалық ережелер соттың қалауын шамадан тыс шектеуі, істі қарау нәтижесін алдын ала айқындап қоюы немесе жеке мән-жайларды ескермеуі мүмкін.

Осы орайда ол заңнамаға осы бөлікте талдау жүргізу қажет екенін айтты.

— Үшінші – цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану жағдайындағы құқықтық кепілдіктер. Заңнама жасанды интеллектті қолданудың негіздері мен шектерін айқындауға, оның көмегімен қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті нақты бөлуге, алгоритмдердің ашықтығын және нәтижелерді тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Егер автоматтандырылған жүйелер адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер етсе, оларды адам тарапынан нақты бақылау және шешімдерге шағым жасаудың тиімді тетігі көзделуі қажет, — деді Конституциялық сот төрағасы.

Төртінші – мемлекеттік институттарды өзгерту кезінде құқықтық сабақтастықты қамтамасыз ету. Мемлекеттік органдардың құрылымын өзгерту және өкілеттіктерді қайта бөлу олардың құзыретін нақты ажыратумен, қайталанатын функцияларды жоюмен және жауапкершілікті айқындаумен қатар жүруге тиіс. Ұйымдастырушылық өзгерістер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін төмендетпеуі немесе азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін әлсіретпеуі керек.

— Бесінші – конституциялық-құқықтық мәдениетті дамыту. Жаңа Конституцияны іске асыру оның ережелерін білуді ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін, оларды қорғау тәсілдерін және заңды сақтау үшін жауапкершілікті түсінуін де көздейді. Конституциялық ережелерді іске асыруға қатысатын мемлекеттік қызметшілерді, судьяларды, адвокаттарды және басқа да мамандарды кәсіби даярлаудың маңызы ерекше. Конституциялық-құқықтық ағарту мемлекеттік саясаттың тұрақты бөлігіне айналып, Конституцияға, адам қадір-қасиетіне, заңдылық пен жауапкершілікке құрметті нығайтуға ықпал етуге тиіс, — деді Эльвира Әзімова.

Бұл тұрғыда ол жаңа Конституция бүкіл мемлекеттік билік жүйесіне жоғары талаптар қоятынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа Азаматтық кодекс шарт еркіндігі мен меншік құқығын қорғауды күшейтетінін жазған едік.

Ұқсас ақпараттар

COVID-19: ҚАУІП СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

admin_mugalzhar

МАҚСАТ — ҚОРҒАНЫС ІСТЕР ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ

admin_mugalzhar

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

admin_mugalzhar