«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ХАЛЫҚ ҮНІ – МЕНІҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМ! ӘР ТҰРҒЫННЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ – ОРТАҚ МАҚСАТЫМЫЗ!»

№13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат АГАЙДАРОВА ГУЛЬДЕН МИРАМГАЛИЕВНА
Өзін-өзі ұсынушы

ӨМІРБАЯН
Агайдарова Гульден Мирамгалиевна 1989 жылы Ембі қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2008 жылы «Құмжарған НОМ» КММ-нен бастаған. 2015 жылдан бастап №2 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. 2024 жылдан бері осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. «Педагог-зерттеуші» санатына ие, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымы бойынша 2-санатты маман.
Педагогикалық қызмет барысында мол практикалық және кәсіби тәжірибе жинақтаған. Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, білім алушылармен жұмыс жүргізу, білім сапасын арттыру, оқу жетістіктерін талдау, педагогтердің қызметін үйлестіру және оқу үдерісін тиімді жоспарлау бағыттарында тәжірибесі қалыптасқан.
Өзінің кәсіби білімі мен көпжылдық тәжірибесін білім алушылардың жан-жақты дамуына бағыттап, оқушыларының аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға белсенді қатысуына және жүлделі орындарға ие болуына ықпал етіп келеді.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға, білім сапасын бақылауға және педагогтердің кәсіби қызметін үйлестіруге жауапкершілікпен қарайды.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Бірнеше жылдан бері білім беру саласында еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде еліміздің білім беру саласындағы түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтардың куәсі болдым. Ең басты түсінгенім – бүгінгі тәрбиелеп отырған білімді, саналы ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Білім мен тәрбие – қоғам дамуының негізі. Осы салада жинақтаған білімім мен тәжірибемді жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, жастардың дұрыс бағыт-бағдар таңдауына және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға жұмсағым келеді.
Сонымен қатар, туған өлкем – Мұғалжар ауданының өркендеуіне, әрбір тұрғынның әл-ауқатының артуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлесімді қосуды азаматтық парызым деп білемін.
«Халық үні – менің басты ұстанымым! Әр тұрғынның әл-ауқаты – ортақ мақсатымыз!» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, Сіздерге өзімнің сайлауалды бағдарламамды ұсынамын.
Егер мені аудандық мәслихат депутаты етіп сайласаңыздар, халықтың талап-тілегі мен ұсыныстарын назарға алып, әрбір тұрғынның мәселесін ортақ мүдде тұрғысынан қарастыруға күш саламын. Білімім мен жинақтаған тәжірибемді, күш-жігерімді ауданымыздың дамуына бағыттап, төмендегі өзекті мәселелердің оң шешімін табуына атсалысамын.
Мен үшін басты мақсат – халықпен бірге болу, халықтың үнін жеткізу және әр тұрғынның өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты істерге үлес қосу.
Өйткені ауданның дамуы – әр отбасының әл-ауқатынан, әр баланың болашағынан және әр тұрғынның лайықты өмір сүруінен басталады!
1. Әлеуметтік қолдау және халықтың әл-ауқаты.
*Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау мәселелерін тұрақты назарда ұстаға;
*Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға атсалысуға;
*Ардагерлерге, зейнеткерлерге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қолайлы жағдай жасауға;
*Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру мәселелерін көтеруге;
2. Білім беру және өскелең ұрпақ
*Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселелерін көтеруге;
*Мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігіне және сапалы білім алу мүмкіндігіне назар аударуға;
*Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасауға;
*Жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуге;
3. Денсаулық сақтау саласы
*Ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелерін назарда ұстауға;
*Медициналық мекемелердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ықпал етуге;
*Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуын қолдауға;
*Салауатты өмір салтын насихаттау бастамаларын қолдауға;
4. Жол, инфрақұрылым және абаттандыру
*Аудан ішіндегі және ауылдар арасындағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мәселесін көтеруге;
*Көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге ықпал етуге;
*Ауызсу, электр энергиясы және жылумен қамтамасыз ету мәселелерін бақылауда ұстауға;
*Аула, көше және қоғамдық орындарды абаттандыруға атсалысуға;
*Қоқыс шығару және санитарлық тазалық мәселелерін шешуге ықпал етуге;
5. Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту
*Шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау бастамаларын қолдауға;
*Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлерді қолдауға;
*Жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды қолдауға;
*Жастар мен ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына мүмкіндік беретін бағдарламалар туралы ақпараттандыруға ықпал етуге;
6. Жастар саясаты, мәдениет және спорт
*Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға;
*Ауылдық жерлерде спорттық нысандар мен балалар ойын алаңдарын дамыту мәселелерін көтеруге;
*Мәдени іс-шаралар мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бастамаларын қолдауға;
*Дарынды жастар мен спортшыларға қолдау көрсетуге атсалысуға;
7. Экология және қоршаған ортаны қорғау
Аудан аумағының тазалығын сақтау бойынша қоғамдық бастамаларды қолдауға;
*Заңсыз қоқыс орындарын жою мәселесін көтеруге; *Көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстарын қолдауға; *Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал жасауға ЫҚПАЛ ЕТЕМІН!
МЕНІҢ ДЕПУТАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМ
ҚОРЫТЫНДЫ
Құрметті жерлестер!
Мұғалжар ауданы – біздің ортақ үйіміз. Оның дамуы мен өркендеуі әрқайсымыздың бейжай қарамауымызға байланысты.
Менің мақсатым –уәде беру емес, нақты мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне табандылықпен атсалысу. Халықпен бірге болу, халықтың сөзін сөйлеу және халықтың сенімін ақтау – менің басты қағидам.
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын!
Сіздердің сенімдеріңіз – менің жауапкершілігім!
Құрметпен, Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Агайдарова Гульден Мирамгалиевна.

Ұқсас ақпараттар

Өңірде су тасқынына қарсы жедел штаб жұмысын бастады

admin_mugalzhar

ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫ -ӘЙЕЛ КӘСІПКЕРГЕ БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

admin_mugalzhar

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: 37 МЕКТЕП, 1573 МҰҒАЛІМ, 12777 ОҚУШЫ

admin_mugalzhar