Заң мен тәртіпті құрметтеу — қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шартының бірі. Ал мұндай құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру отбасындағы тәрбиеден, мектептегі тағылымды шаралардан басталады.
Осы мақсатта Ақтөбе қаласындағы Ә.Ермеков атындағы №23 орта мектеп-лицейінде «Заң мен тәртіп — салауатты қоғам кепілі» атты спорт сайысы өтті.
Іс-шараны Ақтөбе қаласы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Дәурен Саттарбекұлы ашып, «Заң мен тәртіп» қағидатына тоқталды. Ол оқушылардың бойында тәртіп, жауапкершілік пен ізеттілік қасиеттерін қалыптастырудың маңызы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ бұл бағытта ата-ана мен мектептің бірлескен жұмысы қажет екенін айтып, спорттың жасөспірімдерді ұйымшылдыққа, төзімге және салауатты өмір салтына баулудағы рөлін атап өтті. Ал Ақтөбе қаласы полиция басқармасының қызметкері Серікбай Саймбаев заң талабын сақтау мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Ол жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, оқушыларға әр әрекетіне жауапкершілікпен қарау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ спортпен шұғылдану, бос уақытта пайдалы істермен айналысу жасөспірімдердің жақсы әдет қалыптастыруына ықпал ететінін жеткізді.
Жарысқа 5 «Ә», 5 «Ғ», 5 «Ж», 5 «Е», 5 «Д» сыныптарының оқушылары, сынып жетекшілері мен ата-аналар қатысты. Қатысушылар бірнеше спорттық кезең бойынша бақ сынап, ептілік, шапшаңдық, тапқырлық пен командалық бірліктерін көрсетті. Әр кезеңде өзара қолдау танытып, жеңіске деген жігерлерін байқатты.
Сайыстың ерекшелігі — оқушылардың ата-аналарымен және мұғалімдерімен бір командада өнер көрсетуі. Бұл балаларға спорттағы қабілеттерін танытып қана қоймай, үлкендермен ортақ мақсатқа жұмылып, бірлесе әрекет етудің мәнін сезінуге мүмкіндік берді. Жарыс алаңындағы белсенділік пен ұйымшылдық шараның тәрбиелік мазмұнын аша түсті.
Мұндай бастамалар мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға жол ашады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

