Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге интернет қызметін қосатын провайдерлердің қызметін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біріншіден ауқымды жұмыс (білім саласын цифрландыруға қатысты) атқарылып жатыр. Оны жоққа шығаруға болмайды. Біраз ауыз толтырып айтатын өзгеріс бар. Бірақ бізге бүгінгі күні ол жеткіліксіз. Біздің басты міндетіміз – білім саласындағы цифрландыру саясатын белгілеу, анықтау. Сол бойынша тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау. Бұл бір. Екіншіден тиісті талаптар қою. Үшіншіден барлық деңгей бойынша тиісті жұмысты ұйымдастыру. Осы ретте бірінші мәселе бойынша нормативті құқықтық құжаттар арқылы талаптар бекіту бойынша жұмыс жеткіліксіз», — деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Министрдің айтуынша, мектептерге интернет қызметін қосатын провайдердің тарифі өте қымбат. «Екіншіден, біз сатып алып жатқан сол қызметтің сапасы төмен. 10 Мбит дегенімен, барып өлшесек ол өлшемге жетпейді. Оны әр мектептің басшысы қадағалап, тиісті жұмысты жүргізіп, керек болса шағымданып, сотқа беруі керек. Бірақ ол жұмыс, өкінішке қарай, жоқ. Қомақты қаражат бөлініп жатқанымен, нәтижесі шамалы. Бізде бірнеше провайдер – Қазақтелеком, Билайн, тағы басқалары бар. Біз бір ғана провайдермен жұмыс жүргізбей, қайсысы сапалы қызмет көрсетеді – соның қызметін пайдалануымыз керек», — деді ол.
Асхат Аймағамбетов мәселен 100 Мгиттік интернет қызметін жеке тұлғалар — бір бағамен, мектеп — басқа бағамен алатынын айтады.
«Мысалы Microsoft компаниясы мектептерге кем дегенде 70 пайыз төмендетілген тарифпен қызмет көрсетеді. Ал басқа мекемелерге коммерциялық тарифтерді ұсынады. Біздің мемлекетте де осындай саясат болуы керек. Менің ойымша, интернетке ең үлкен тапсырыс беруші – білім саласы. Сондықтан провайдерлермен жұмыс жүргізу керек», — деді министр.