«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қаржы пирамидалары: Алдын ала шығын – 5,4 млрд теңге, 9 адамға іздеу жарияланды

ҚР Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидалары мен ломбардтарға алданған қазақстандықтардан арыз-шағымдар әлі де түсіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың қазан айында Қазақстанның 13 аймағында бір уақытта үш ЖШС, атап айтқанда, «Гарант 24 Ломбард», «ЕSTATE Ломбард», «Выгодный займ» жұмысын бастады. Аталған қаржылық кәсіпорындардың негізін қалаушылар мен басшылары – Ақтөбе облысының тумалары. Олар осы компаниялардың заңсыз жұмысын ұйымдастырған», — деп хабарлады ІІМ-нен.

Компаниялардың жайлы кеңселері бар аймақтық өкілдіктері ашылған, жалған директорлары тағайындалып, қызметкерлер штаты құрылған. Солайша, азаматтардың мүлкі мен ақшасын жымқыру схемасы жасалған. Салымшылардың санын көбейту үшін Қазақстан эстрадасының және спорт саласының жұлдыздары тартылып, ауқымды жарнамалық кампания жүргізілген.

«WhatsApp мессенджері арқылы ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшылар қосылған. Аталған ЖШС-лар азаматтардан жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қымбат бағамен бөліп төлеу арқылы сатып алған. Кейінгі 3-5 айда келісім сомасының бір бөлігін берген. Ал осы уақытта қабылданған мүліктер үшінші тұлғаларға нарықтағыдан төмен бағаға сатылып отырған», — деді ведомстводан.

Бұдан бөлек, аталған компаниялар ай сайынғы сомадан 30-дан 40% дейін сыйақы төлеуге уәде беріп, клиенттерден депозиттік салымдар қабылдаған. Барлық ақша бас кеңсеге түсіп отырған. 2020 жылдың 15 ақпаны күні ЖШС басшылары өз жұмысын бір уақытта тоқтатып, жымқырылған ақшамен із суытып кеткен.

19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылғы Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы WhatsApp чатында салымшыларына
«Ақшаларыңызды қайтармаймын! Оңай олжаға кенелгісі келгендер! Бәріңе қош!» деген жазба қалдырған. Дәл сол күні ішкі істер органдарына мүлкі мен ақшасынан айырылған аймақ-аймақтардағы адамдардан шағымдар түсе бастады. Осыдан кейін ІІМ Тергеу департаменті мен аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен құрылған жедел тергеу тобы құрылды.

«Бүгінге дейін 2 мыңға тарта шағым түсті. Компаниялардың аймақтардағы барлық кеңсесіне тінту жүргізіліп, бірлескен жұмыс туралы келісімдер, бухгалтерлік құжаттамалар, ноутбуктар, оргтехника, зергерлік бұйымдар мен өзге де заттар тәркіленді. Тәркіленген құжаттарға сәйкес компаниялар 42 мың адаммен келісімге келген. Алдын ала есептелгендей, шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңге болып отыр», — делінген ІІМ хабарламасында.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) және 217-бабы (қаржы пирамидасы) бойынша 22 қылмыстық іс қозғалып, 13 адам қамауға алынған. 9 күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды.

Ұқсас ақпараттар

ЖАҢАШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ КЕШІ ӨТТІ

admin_mugalzhar

КӨЛІК ТІЗГІНДЕГЕН ҚҰТҚАРУШЫ

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысы президент тапсырмасын тиімді орындауда

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.