«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АНА» деп ЖАЗДЫМ ЫЛҒИ СӨЗ БАСЫНА…

Сәуле ӨТЕПОВА — Қандыағаш қаласында тұрады. 10 баланы өмірге әкелген Батыр ана. «11 бала деп жазшы. Кенжем оқыса, көңіліне келер» дейді өзі. Кенжесі — бауырына басқан тұңғыш немересі. Әңгімеміз де сексенге келіп қалса да, баласының көңілін баққан Ана туралы…

Қырыққа қараған шағында 10 баламен жесір қалған Ана шүкірін ешқашан ұмытпапты. Жарынан жастай айырылса да, оның жалғасын балаларынан көре білді. Қиналып кетсе, анасындай болған енесіне, туған әпкесіне айналған абысынына мұңын шағып алатын. Заманның басқалығы ма, адамның өзгелігі ме, ол кезде бәрі де басқаша еді…

Отағасы Магеллан өмірден озғанда 8 бала сыртта, егіз бала іште қалды. Қырыққа енді келген келіншекке жалғыз қалу қиын болды, әрине. Ағайын ортасында отырса да, балаларына әкенің орнын кім басар?.. Әкелері дүниеден озғаннан кейін 5 айдан соң өмірге келген қос ұл әке бейнесін сарғайған суреттен көріп өсті…

«Мен Шалқарда дүниеге келдім. Сонда мектеп бітіргеннен кейін, дүкеншілік оқып, 1958 жылдан бастап дүкенші болып жұмыс жасадым. 1961 жылы Ырғыздың Калинин совхозына тұрмысқа шықтым» дейді кейіпкеріміз.

Келін болып түскен жері үлкен әулет екен. Атасы соғыс ардагері, ел ішінде сыйлы жан болыпты. Ата-енесін еске алған ана көзіне жас алды. «Мен үшін орны бөлек жандар еді, марқұмдар. Туған ата-анамдай болып кетті. Қашан да қолдай білді, қорғай білді. Қанша жыл бір шаңырақ астында тұрғанда, бір шәй десіп көрмеппіз» деп еске алады өзі.

Кіндіктен жалғыз атасы балалары үйленсе де, бөлек шығармай, бір үйде ұстапты. «Мен түскенде алдымда абысыным бар екен. Мінезі жәй, аса жайлы жан-тұғын. Кейін қайным үйленіп, келін әкелді. Бәріміз бір үйде тұрдық. Тату болғанымыз сонша, жұрт бізді «абысындар емес, ағайындылар» дейтін. «Болсаң, Кариманның келіндеріндей болыңдар» деп бір-біріне үлгі қып отыратын» деп мақтанып та алды Сәуле әже. Қайын атасының атын ойнап жүрген немересіне ататқан өзі де әже кейіпкеріміз осы қылығымен-ақ асылдың сынығы екенін дәлелдегендей болды…

«Енем тоқымасын тоқып, ісін тігіп, өзімен өзі отыратын. Қай нәрсені де орнымен істейті-німізді білгеннен болар, біздің шаруамызға араласа бермейтін» деген ананың өзі де 7 келін түсіріпті. Өзінің айтуынша, ағайынның ортасында отырып, балаларын жеткізген Сәуле әже бүгінде олардың бәрі бір-бір үй екенін айтады.«Келіндерім оқы-ған-тоқыған жандар. Үлкенді сыйлап, кішіні қамқорлай жүреді. Айтқанымнан шыққан емес, қарсы келген жоқ. Үйленгенін үйленгендей бөлек шығарып, өз алдына отау құруына көмектестік».

Бүгінгі күннің биігінен өткенге көз салған кейіпкеріміз: «аз ба, көп пе, жақсы ма, жаман ба, әйтеуір 80 жылға жуық өмірді өткіздік. Адамның ала жібін аттамай, алдымен әке-шешеміз, кейін ата-енеміз бойымызға сіңірген, құлағымызға құйған тәртіппен күн көруге тырыстық. Қиналсақ та, қуансақ та, аузымыздан шүкіріміз түспеді. Қазақ «әке баланы, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Мен де өз балаларыма жақсы тәрбие бердім деп айта аламын» дейді Ана.

p.s/     Ана — баласымен мақтанады. Бары да, шүкірі де — бала. Қазір 24 немереден 4 шөбере сүйіп отырған әже наурыздың 13-де 78-ге толады екен. Кейіпкерімізді көктеммен бірге келген туған күнімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Б. ӘНУАРБЕК

Ұқсас ақпараттар

САҒАШИЛІДЕ «КЕЛІНТӨБЕ» АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ЕМБІ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІ УЧАСКЕСІ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.