«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбеде жазасын өтеп жатқандар аттестат алды. Олардың арасында 40 жастан асқандар да бар

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар мекеме аумағындағы мектепті бітіріп, оларға жалпы орта білім алғаны туралы аттестаттар табысталды, деп хабарлайды «Мұғалжар» тілшісі жергілікті полиция департаментіне сілтеме жасап.

Аталған жалпы кешкі мектепті бітіргендердің арасында жасы 40-тан асқан сотталғандар да бар. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында, мектеп бітіруші жазасын өтеушілерге аттестатты түрме әкімшілігі барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, салтанатты жағдайда табыстады.

– Заң бойынша сотталғандар орта білім алуға міндеттеліп, жасы 30-дан асқандармен білім алып, сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, 30-дан асқан сотталғандар арасында да осындай аттестаты жоқтары кездессе, олар өз еріктерімен білім алуға өтініш білдіре алады. Жалпы кешкі мектепті оқу кезінде жазасын өтеушілердің қызығушылығы негізінен – тарих, география, математика, “Адам, қоғам, құқық” пәндеріне жоғары болып келеді. Сондай-ақ, “Табиғат құпиялары” секілді факультативті сабақтар да оларды жақсы қызықтырады, – дейді КА-168/2 мекемесінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Қанат Макатов.

Мектепті бітірген сотталғандардың айтуынша, бірінің бостандықта жүргенде жоғары сынып оқуына өмірлік жағдайы кедергі болса, енді бірі жастайынан қамауға алынғандықтан, мектептен қол үзуіне тура келіпті.

Мәселен, А.Ж. есімді 41 жастағы сотталған биыл үлкен қызымен бірге 11-сыныпты тәмамдағанын және осы аттестатты оқып, алу үшін өзі өтініш білдіргенін айтады.

– Бостандықта жүргенімде әріп танымайтынмын. Осы түзеу мекемесіне келгеннен кейін ғана әріп үйреніп, жәймен кітапханадан кітап алып оқитын болдым. Бұл аттестаттың маған бостандыққа шыққанда көмегі тиетініне сенемін. Менің екі қызым бар. Үлкен қызым да биыл 11-сыныпты аяқтап жатқандықтан, қызыммен бірге аттестат алып жатқанымды хабарлауға ұялдым. Бірақ, бостандыққа шыққаннан кейін айтатын шығармын, – деп күлді 41 жастағы аттестат иесі, жазасын өтеуші сотталған.

КА-168/2 түзеу мекемесінің 11-сынып бітірген келесі бір түлегі бостандықта жүргенде жоғары сыныпты арнаулы орта білім беретін колледжде жалғастырып жүріп, кейін 18 жасында істі болғанын айтты.

– Жалпы орта білім туралы аттестатты биыл туған ініммен бірге, 21 жасымда алып жатырмын. Бүгін өте қуаныштымын. Себебі, осы аттестаттың арқасында келесі жылдан бастап, мекеме аумағындағы Көпсалалы колледжден өзіме ұнаған мамандықтардың біріне оқитын боламын. Жалпы, осы жоба біз секілді сотталғандарға қамауда отырған уақытын текке өткізбей және бостандықта ала алмаған білімін жалғастыруына үлкен мүмкіндік. Осы сәтті пайдаланып, мекемеде сотталғандарға басқа да мамандықтар бойынша оқытатын оқу орны көбейсе екен деген тілегім бар, – дейді А.Б. есімді сотталған.

Айта кету керек, биылғы жылы КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіндегі жалпы кешкі мектепті 31 сотталған аяқтаса, олардың 16-сы 11-сынып бітірген сотталғандар, қалған 15-і 10 сынып бітірген сотталғандар. Ресми шарадан кейін, жалпы орта білімді аяқтаған сотталған түлектер аттестаттарын қолдарына ұстап, естелік суретке түсті.

Ұқсас ақпараттар

ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

admin_mugalzhar

Тоқаев реформалар жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы қашан өтетінін айтты

admin_mugalzhar

Тоқаев Жаңа Қазақстанның мағынасын айтты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.