Темір аудандық пробация қызметінің қызметкерлері және пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үйі өртеніп, баспанасыз қалған осы аудандағы бір отбасыға жаңа үйдің іргетасын құю үшін алғашқы құрылыс жұмыстарына бір күнін арнады, деп хабарлайды «Мұғалжар» тілшісі.
Polisia.kz сайтының хабарлауынша, бүкіл бір үйді өрт жалмап, отбасындағы жеті адамды баспанасыз қалдырған бұл оқиға мамыр айының соңында таңғы сағат 04.30-да Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде болған еді.
Қайырымды істі бірлесіп атқару үшін Темір аудандық пробация қызметіне осы ауданындағы “Болашақ жолы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынгүл Игибаева бастаған аудан еріктілері, Жастар саясаты және дін істері жөніндегі орталық басшысы Наурызбек Отарбек және аталған орталықтың еріктілері қосылды.
– Осындай қиын жағдайға тап болған отбасыға бүкіл ауыл болып көмек беріп жатқандықтан, біз де қолымыздан келгенше көмектесуді өзімізге борыш санадық. Жалпы, қайырымды іс – қай уақытта да адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Бір жағынан бұл жұмыстар істі болып, пробация есебінде жазасын өтеп жүрген адамдарды жақсы істер атқарып, қоғамға пайдасын тигізуіне итермелейді, – дейді Темір аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Ренат Жұмабаев.
Тілсіз жаудан жапа шегіп, жаңа үйдің қабырғасын қалап жатқан үй иесі, жұмыстарды жасау үшін көмек беретін адам іздегенін, өйткені бұл жұмысты дәл осылай бір күнде аяқтау мүмкін емес екенін айтып, қол ұшын созып келген Темір аудандық пробация қызметі мен олармен бірлескен еріктілерге ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.