«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ауылшаруашылығы министрі ақтөбелік шаруалармен кездесті

Өткен жұма күні Ақтөбеге Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров жұмыс сапарымен келіп, шаруалармен кездесті. Сондай-ақ Мәртөк ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Министр алдымен Мәртөк ауданында егін және мал шаруашылығымен айналысатын «Рад Агро» ЖШС-ын  барып көрді. Шаруашылықта бүгінгі таңда 500-ден астам ірі қара  бар. Ал ауыл шаруашылығы жерінің жалпы көлемі — 8800 гектар. Оның 3200 гектары егістікке пайдаланылады. Биылғы көрсеткіштерге тоқталсақ, серіктестік 2800 гектар жерге егін егіпті. Айталық, 1100 гектар мақсары, 200 гектар арпа, 500 гектар жүгері, 300 гектар жоңышқа мен 500 гектар көксерке. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясындааумаққа инфрақұрылым жүргізіліп, электр беру желілері мен 2 сорғы станциясы орнатылған. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы Канада мемлекетінен«Valley» брендінің 6 суару машинасын және сатып алған. Бұл жаңа технология арқылы 860 гектараумақтысуаруға мүмкіндік бар.

— Мал азығын дайындау — негізгі бағыттардың бірі болса да, суармалы жерлерді игеруді ұмытпау керек. Өйткені аталған шаруашылықтың мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда барлық жағдайжасалған. Жер аумағы да қолайлы. Экспортқа шығаруға ыңғайлы, — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы тектес шаруалардың жұмысы пандемия кезінде де жүріп тұрғанын атап өтті.

Одан соң сүт өндірісіне ден қойған «Айс» ЖШС-на қарасты сүтті-тауарлы ферманы аралады. Аталған ірі кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған, табынды басқару, саууды бақылауизраильдік «Афимилк» бағдарламасымен жүзеге асырылады. Сүт өнімдерін Ақтөбе қаласынан өзге Ақтау, Атырау, Орал, Алматы қалаларына жеткізетін компания алдағы уақытта кәсібін кеңейткелі отыр. Серіктестік енді тәулігіне 4 тонна қатты ірімшік өндіретін зауыттың құрылысын бастауды қолға алмақ.

Сол сияқты «Милкер» ЖШС-ның да жұмысы таныстырылды. 2010 жылы ашылған зауытта жылына 12 мың тонна құрама жем өндіріледі. Ал мұндағы ауыл шаруашылығы алқабының аумағы — 2 мың гектар. Қазіргі уақытта компания ірі және шырынды азықтарды өндіруге басымдық  беріп жатыр.

Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров жұмыс сапары барысындаРодников ауылындағы «Родники-агро» ЖШС өкілдерінің бидайды қалай орып жатқанын да көрді. Бұл жұмыстарға біз барғанда 19 комбайн жұмылдырылыпты. Жалпы,серіктестік биыл 25576 гектар жер алқабына ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен: 635 гектар күздік бидай, 13947 гектар бидай, 195 гектар тары, 5142 гектар күнбағыс, 5396 гектар мақсары, 456 гектар біржылдық шөптер. Мұнда сағатына 24 тонна астық кептіретін база жұмыс істейді. Сондай-ақ сыйымдылығы 14800 тонна қоймасы бар.

Осы орайда, Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Сариннің айтуынша, аудандағы егістік алқабының аумағы — 126 мың гектар. Соның 62 мың гектарына дәнді дақыл  егіліпті. Жалпы, аталған өлкеде егін шаруашылығына маманданған 186 шаруа қожалығы бар.

Сонымен қатарөткен жұма күні елордадан келген министр облыс орталығының іргесінде орналасқан Ақтөбе ауылшаруашылығы колледжіне де соқты. Оқу ошағында қазіргі таңда 1150 жас білім алады. Орта арнаулы білім мекемесі жыл сайын 300-ден астам сала маманын даярлайтыны айтылды. Колледждегілер оқушылардыңқолымен жасалған бақты көрсетіп, ғимараттың материалдық-техникалық базасымен таныстырды. Бұл жерде жан-жануарлар да өсіріледі екен. Мақсат — жастарға малға қалай қарау керек, сондай-ақ оның игілігін пайдалану жолын үйрету. Артынша осы жерде өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілік назарына 20-ға жуық ірілі-ұсақты кәсіпорынның ет, сүт, бал, ұн өнімдері, көкөністер ұсынылды.

Министрге шаруашылығының аужайы туралы әңгімелегендердің бірі  — Әйтеке би ауданындағы «Шыңғыс» шаруа қожалығы басшысының көмекшісі Қайрат Жолмұратов:

— Біздің шаруа қожалық 2000 жылы құрылды. Әкем басшылық етеді. Атакәсіппен  айналысамыз. 200 жылқымыз бар. Қымызды облыс аумағы мен көршілес Орал қаласына сатамыз. Литрі — 800 теңге. Қазіргі таңда қарамағымызда 20 шақты адам еңбек етеді.

Соңғы 5 жылда мемлекеттің қолдауымен жаңа технологияларға көштік. Яғни барлығы автоматтандырылған, — дейді.

Сапархан Омаров облыстағы шаруалармен де жүздесті. Фермерлер несие пайызының тым жоғары екенін, ауыл шаруашылығы техникасының соңғы жылдары едәуір қымбаттағанын, ал мемлекеттің қолдауы күшеймегенін айтып, министрге шағымын жеткізді.

— Ақтөбеге бұған дейін де келгенмін. Сондықтан осындағы шаруалардың мәселелерін білемін.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Өзіммен бірге департамент директорларын арнайы ертіп келдім, солар сұрақтарыңызды жазып алады. Бірақ бәрін бірдей шешемін деп уәде бере алмаймын. Мәселелер кезек-кезегімен қаралатын болады, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

Арызын айтқандардың қатарында Александр Мандрыкин де бар. Ол аталған салаға үлкен өзгерістердің керек екенін, өйтпеген жағдайда фермерлердің әрі қарай жұмыс істеуі екіталай екенін айтты. «Министрлікте қоғамдық кеңес құрып, біздің өңірден екі адамды соған қосу керек. Олар субсидияның аздығын, мемлекеттік қолдаудың жеткілікті емес екенін жеткізсе дейміз. Өйткені біз соңғы жылдары тек қып-қызыл шығынға батып отырмыз»,— деп базынасын білдірді шаруа.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ, «Ақтөбе» газеті

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе

Ұқсас ақпараттар

6 өңірде су тасқыны болуы мүмкін

admin_mugalzhar

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА»: 3 МАМАН ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

ЖҰМЫСЫНАН АЙЫРЫЛҒАНҒА ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.