20 қазан күні Ақтөбеге қашықтан білім алып жатқан оқушыларға берілетін 3442 ноутбук жеткізілді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған бұл техникалар облысқа 10 қыркүйек күні жеткізілуге тиіс болатын. Бірақ бір айдан астам уақыт кешіктірілді.
Облыстық білім басқармасының өкілдері тасымалдаушы компаниялардың жазасыз қалмайтынын айтады.
— Ноутбуктерді тасымалдаушы компания келісімшарт бойынша 10 кыркүйек күні әкелуі керек болатын. Бірақ алғашқы легі кешігіп бүгін жетті. Келісімшарт негізінде біз бұл компанияның үстінен сотқа арыз-шағым түсірдік, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Марал Мыржықбаева.
Ноутбуктердің уақтылы жеткізілмеуінің себебін тасымалдаушы компания өкілдері оларды құрастырушы зауыттың жүктемесі көп болуынан деп түсіндірді.
— Өкінішке қарай, біздің компания ноутбуктерді кешіктіріп әкеліп отыр. Әлемдік брендті процессорлар тек бір зауытта ғана шығарылатын болғандықтан үлгермей жатыр. Ал бұл техникаларды теміржол немесе автокөлік жолымен әкелудің өзі тағы 30-40 күн алады. Біз әуе жолы арқылы әкелдік. Ал қалған ноутбуктерді айдың соңына дейін әкелуге тырысамыз, — деді тасымалдаушы компанияның өкілі Ғабит Базаралин.
Ноутбуктер қашықтан оқытуға қажетті барлық құралдармен жабдықталған.
Ноутбуктер алдымен жетім, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ компьютерлік техникаға мұқтаж оқушыларға таратылып беріледі. Бұл процестің ашықтығын «Aqtobe — adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері мен жобалық кеңсенің сарапшылары, облыстық білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, Ақтөбе облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері құрайтын арнайы жұмыс тобы қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында республикалық бюджеттен 19146 компьютерлік техника алуға қаражат бөлінді. Бұған дейін облысқа оның 3268-і техника әкелінген болатын.
Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.