Коронавирус індеті көктемнің басында адамзаттың өміріне дендеп еніп, жазда көптің көз жұмуына алып келді. Сол себепті елдегі эпидемиологиялық жағдайдың бірқалыпқа түсіп, карантиндік режімнің тезірек аяқталуын жеделдету үшін сақтық шараларының қатаң сақталуына баса назар аудару қажет екені анық. Дегенмен соңғы уақытта ауру өз ауылын алыс салғандай болып, жағдай қалыпқа келе бастағанда, көпшіліктің осалдық танытып, бетпердеге бейқам қарап, сақтықты ұмыта бастағаны — қынжылтады. Өзім Жаңажол дәрігерлік амбулаториясында 34 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Бұл уақытқа дейін дәл осындай дүрбелеңде «денсаулық» ұғымы жоғарғы межедегі статусқа ие болғанын көрмеппін. Біз — дәрігерлер ұжымы әрқашан халықпен біргеміз.Үнемі денсаулықты күтуге, аурудың алдын алуға арналған үгіт-насихат жұмыстарын, сақтық шараларын жүргізіп отырамыз. Алайда, бұл вирусқа сенбей, дертті елемей жүргендер қаншама?! Ал сенсе де, көзі жетсе де, сақтықты жадыдан шығарып алатынымыз тағы бар. Барлық адамның ағзасы бірдей емес, кейбірінің иммунитеті мықты болып, вирусқа қарсы тұра алғанымен, енді біреулер қарапайым тұмаудан да тұра алмай жататындарын көреміз. Коронавирус кәдімгі тұмау тәрізді болғандықтан, оның алғашқы белгілерін көп адам байқай бермейді. Сондықтан тұмау белгілерінде дәрігерге қаралып, ем алып , сақтық шарала- рын сақтауымыз қажет. Әсіресе, вирус тараған елдерден сапарлап келгендер міндетті түрде тексерілгендері жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әрбір отандасымыз саулығы үшін қолдан келгенше, жеке сақтық шараларын ұстануы керек. Жалқы адамның жауапкершілік жұмысы — жалпы жұрттың саулығының негізі екенін естен шығармайық!
Жанат ҚАЛАБАЗАРОВА, Жаңажол дәрігерлік амбулаториясының дәрігері.