Коронавирус жұқтырғандар күн сайын тіркеліп жатыр. 29 қараша күні індет жұқтырған үш адам тіркелді. Оның екеуі Ақтөбе қаласынан болса, бір адам Мұғалжар ауданынан анықталып отыр. Науқастың екеуінде ауру белгісі байқалмаған. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,1% .
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров тұрғындарға алаңсыз жүруге болмайтынын айтып, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Себебі Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен көрші Ресейде вирус өршіп тұр. Егер қауіпсіздікті сақтамасақ, эпидемиологиялық жағдай аз уақытта ушығып кетуі мүмкін.
Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, соңғы тәулікте Египеттен келген жиырма бес адамда ПТР тест болмаған. Сондықтан жолаушылар карантиндік стационарда жатыр. Олардан ПТР сынама алынған.
Індет өршіп тұрған кезде санитарлық талапты сақтамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынуда. Алайда ескертуге құлақ асатындар аз. Мобильді мониторингтік топтар мен жергілікті полиция қызметінен түскен материалдар негізінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша заң бұзғандарға 142 312 670 теңге көлемінде 1143 айыппұл салынған. Сондай-ақ қазіргі күні қала мен аудандарда координациялық орталықтар жұмыс жасап жатыр. Осы орталықтар арқылы түскен 7 ақпарат бойынша акт жасалып, жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде 4 объектіге 1 277 880 теңге көлемінде айыппұл салынды. Олар — «Алкомаркет», «Мега Шығыс», «Мерей», «Алтай» сауда орталықтары.
— Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ санитарлық талапты сақтамайтын болсақ, ахуал бірден өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды қолды жиі жуып, бетпердені тағып, антисептикалық сұйықтықтарды пайдаланып, арақашықтықты сақтап жүруге шақырамын. Қауіп сейілген жоқ, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.
Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, соңғы тәулікте пневмонияға шалдыққан жеті науқас тіркелген. Облыс бойынша өкпесі қабынған 62 науқас ем алып жатыр. Облыстың стационарларында коронавирусқа шалдыққан он алты науқас ем қабылдауда. Оның үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Басқарма өкілі тұрғындарға қауіпсіздік шараларын барынша сақтап жүруді ескертті.
Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3484 адам тіркелді, оның 49%-ы ауру белгілерімен (1699) және 51%-ы симптомсыз (1785) жағдай. 3319 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2476 адам ауырса, Әйтеке би — 21, Алға — 97, Байғанин — 57, Ырғыз — 54, Қобда — 14, Қарғалы — 57, Мәртөк — 86, Мұғалжар — 173, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 125, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3484 науқастың 3,3%-ы сырттан келген. 491 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 994. Қазіргі таңда үй карантиніне 276 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.
Кәмшат ҚОПАЕВА, «Ақтөбе» газеті.