Мен көрген ЕЛБАСЫ
«1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Президент болып тұрған кезінде Нұрсұлтан Назарбаев біздің ауданға бірнеше рет келіп, мұғалжарлықтармен кездескен екен. Сәті түскен сол Тұңғыш Президент іссапарларының куәсі болған аудан азаматтарының айтар естеліктері де ерекше. Сонымен… «
— Сыр елі, жыр елі жерінен шыққан соң да өнерден алыстамауым заңды еді. Алайда, 1970 жылыЖұрынстансасына (бұрынғы Октябрь ауданына) көшіп келдік. Өңірде Ғ.Құрманғалиевтің мектебін бітірген дәстүрлі әнші, термеші болып сахналарға шығып, жанжаққа шақыртулар алып жүрдім. Содан 1998 жылдың мамырында Хромтау қаласының әкімі Елбасының келуіне орай үлкен шараға атсалысуымды өтінді. Тосын шақыртуды лезде қабылдап, 20 мамыр күні бардым. Сол сәтте 1 сағат Тұңғыш Президенттің қабылдауында болдық. Шағын дөңгелек үстелге 5-6 адамның басын қосып, әдемі әңгіме-дүкен құрдық. Жарты сағаттан астам уақыт Ұлы Мұхит пен Шәмшінің әндерін бірге орындадық. Ән-күйді жақсы көреді екен. Содан Арал жыры туралы терме айтуымды өтінді. Сол жыр әсер еткен болу керек, «Аралдағы халықтың жағдайы кетпейді» деп айтып, осы сөзін Арал қаласының әкімдігіне жеткізуімді аманаттап тапсырды. Сол кездесуде жүзіме қарап отырып, «Көк көз Дәуренбек» деген есім берген болатын. Ұлы сөздерге бай, өте білімді, өткенмен бүгінді, тарихты тізбектеп айтып беретін ерекше дарынды тұлға екеніне тағы мәрте көзім жетті. Содан 1 аптадан кейін Елбасы аманаттаған сөзін жеткізу үшін Арал өңіріне аттандым. Әкімімен кездесіп, мән-жайды баян еттім. Дана сөзді қадірлеген әкім де бұл сөзді жаздыртып, Арал қаласының төріне іліп қойып еді… Шын мәнінде, бұл сөздер орындалды. 30 мыңға жуық халық Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс ретінде хат жолдаған болатын. Ол хаттарды қанша мәрте Елбасының алдына апаруға тырысқаныммен, сәті түспей қойды. Міне, 20 жылдан астам уақыт өтсе де, реті келгенде табыстаймын деп сақтап жүрмін.