«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде аудан көлемінде 41 жобаны 22 мердігер мекеме жүзеге асыруда. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 3 млрд 100 млн теңге бөлінді. Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Төлеулі Махимовтың айтуынша, орталық арқылы 432 жұмыссыз жұмысқа орналасу үшін жолдама алған. Мердігер мекемелер арқылы 473 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл адамдармен электронды еңбек келісім-шарттар жасалып, барлық мердігер мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасалған. Орталық басшысы жұмыс барысында бүкіләлемдік пандемияға қарсы енгізілген қатаң шектеу шараларының қиындық туғызғанын айтады. — Карантин шараларына бағына отырып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, мердігер мекемелермен және жұмыссыз тұлғалармен WhatsApp желісі және электронды пошта арқылы жұмыс жасауымызға тура келді. Мердігер мекемеге жұмыссыздардың құжаттарын жолдап, кейін олар жұмысқа орналасқандар жөнінде бұйрықтарының көшірмелерін біздерге жіберіп отырды, — дейді бөлім басшысы.
Н.ТІЛЕП