«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жем мен Сағыз арналары суға толды

Биыл Жем мен Сағыз өзендерінің арнасы толды. Ауыл халқы мәз, көңілдері шат. Негізгі кәсібі — мал шаруашылығы болып саналатын Байғанин өңірінің жұртшылығы қос өзен деңгейлерінің көтеріліп, салаларының суға толып,  арналарының қураған өсімдіктерден, су жәндіктерінің өлекселерінен тазарғанына, бұлақ көздерінің ашылғанына қуанышты.

Бүгінде Жемнің бойында 6 елді мекен — Жарқамыс, Ақтам, Кемерши, Жаңатаң, Миялы, Қаражар, ал Сағыздың маңында 5 елді мекен — Алтай батыр, Шұқырши, Баршақұм, Қосарал, Ебейті орналасқан. Қос өзеннің тек Байғанин ауданының аумағы арқылы ғана өтетін бойының өзінде 100-ге жуық шаруа қожалығы бар.

— Биыл қар түсімі жақсы болды. Сөйтіп, Жем өзенінің арнасы суға толды.

Өзеннің деңгейі 1-1,5 метрге дейін көтерілді, ені — 100-120 метр. Су деңгейінің сақталып тұрғанына бүгін — оныншы күн. Бұрын су тасығаннан соң әрі кетсе, 2-3 күнде тартылып қалатын еді. Елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында арнайы кесте құрып, бақылау жүргізіп жатырмыз. Дегенмен елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жемге ең жақыны — Ақтан мен  Жарқамыс ауылдары. Бұл ауылдар өзеннен 100 метр қашықтықта орналасқан, — дейді Жарқамыс ауылдық округінің әкімі Асылхан Жұбаналин.

Оның айтуынша, Мұғалжар ауданының аумағында орналасқан кейбір шаруа қожалықтары Жемге құятын салаларға бөгеттер салып тастаған. Жемге су келмеуінің, деңгейінің төмен түсіп кетуінің бір себебі — осы.

Жалпы өзеннің ұзындығы —  712 шақырым. Оның 500 шақырымы — Ақтөбе, ал 212 шақырымы Атырау облысының аумағы арқылы өтеді.

— Миялы мен Құлсарының арасы шамамен 250 шақырымға жуық. Соңғы 4-5 жылда осы аралықтағы Жемнің суы тартылып қалған болатын. Құлсарыда суқойма бар. 4-5 жылдан бері онда да су жоқ-тын. Қазір құлсарылықтар су қойманы суға толтырып, қуанып жатыр, — дейді Асылхан Жұбаналин.

Сартоғай ауылдық округінің әкімі Асқар Маханның айтуынша, биыл Сағыз өзенінің де арнасы толыпты. Соңғы 4-5 жылдан бері аталған өзеннің деңгейі көтерілмепті.

— Көтерілмек түгілі,  соңғы жылдары су жүрген де жоқ. Биыл Мұғалжар тауынан су келді. Қатты тасымағанмен, жүріп өтті. Мұның өзі көп қуаныш. Өйткені су табандары балдыр, басқа да  қураған өсімдіктерден, су жәндіктерінің өлекселерінен тазарды. Бұл — тері ауруларының таралмауына сеп.  Су жүрмеген кезде су ластанатыны соншалық, суға шомылу мүмкін болмай қалады. Су жүргеннің арқасында жолдағы шағын бұлақтардың көзі ашылды. Сартоғай ауылдық округінің маңында Қоссағыр деген жер бар. Соның маңында бұлақ көп.  Сондай-ақ Қарауылкелді ауылдық округінің аумағында орналасқан Тірітамның айналасында да біраз бұлақтың көзі бар. Су жүріп өткенде сол бұлақтардың бәрінің көзі ашылады. Сағыздың тартылып қалмауына да осы бұлақ көздерінің көптігінің септігі тиюде. Соның арқасында су көлемі молаяды, — дейді Асқар Бітімбайұлы.

Сағыз өзенінің деңгейі 3-4 күн көтеріліпті.

— Алтай батыр ауылынан 10 шақырымға жуық жерде  Ащыағыр деген сортаң топырақты жер бар. Сағыздың суының мол болуының арқасында сол Ащыағыр саласы да суға толды. Ащыағырдың суға толмағанына да біршама жыл болған-ды.

Қазақта: «Су жүрген жер — береке, ел жүрген жер — мереке» деген мақал бар. Су арнасының толуы — мал өсірген шаруаға қолайлы. Біздің округтің аумағында 33  шаруашылық бар. Соның 5-еуі Сағыз өзенінің бойында орналасқан, — дейді Сартоғай ауылдық округінің әкімі Асқар Махан.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

ЖЕМ КӨШЕЛЕРІНЕ 117 ЖАРЫҚШАМ ОРНАТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда 1 қыркүйектен бері 800-ден аса оқушы коронавирус жұқтырған

admin_mugalzhar

64 ақтөбелік қаруды өз еркімен тапсырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.