«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім беру стипендиясын тағайындауға құжат қабылдау 4 мамырдан басталады. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«4 мамырда «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа құжат қабылдауды бастау жоспарланып отыр. Құжат қабылдау 2021 жылдың 27 қазанына дейін жүргізіледі. Былтырғыдан айырмашылығы, енді құжат жыл бойы қабылданады. Негізгі дайындық жұмыстары жүргізілді, биыл шәкіртақы тағайындау үш кезеңнен тұрады: маусым, тамыз және қарашада», — деді Мирас Дәуленов ОКҚ онлайн-брифингінде.
Магистратура мен докторантураға түсушілердің барлығы «Болашақ» бағдарламасының тізімінде көрсетілген шетелдік жоғары оқу орнына түсуі тиіс. Осыдан кейін халықаралық стипендия тағайындау үшін құжаттар тапсыруға болады.
«Осыдан бірнеше күн бұрын Білім және ғылым саласындағы комиссия 2021 жылға арналған мамандықтар тізбесі жобасын қарады және бекітті. Жоба еңбек нарығындағы қажеттілік негізінде дайындалды және болашақта бізге қандай мамандар қажет екенін мұқият талдау нәтижесінде құрылды. Бұл вирусология, робототехника, креативті экономикасы бар мамандар.
Биыл биологтарға, биотехнологтарға, сондай-ақ вакцинология саласындағы мамандарға ерекше назар аударылады. Басым мамандықтардың жеті блогы арасындағы маңызды айырмашылығы бар инновациялар мен жаңа технологияларды жеке ескергім келеді», — деді Мирас Дәуленов.