«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР – ҚАУІПТІ

І.Сәлімжанұлы, «Финский» мөлтек ауданының тұрғыны:

Осы жазда сатып алып, сүтін сауып отырған ешкімді жуырда ғана үй алдында жайылып жүрген жерінен ит талап кетті. Көз алдымда талап, мен құтқарамын дегенше, малды өлім халіне жеткізген ит тіпті ересек адамнан да ықпай, өзіме атылды. Бүгінде бұл иттердің мал түгілі, адамға шабу қаупі барын түсініп, балаларымды сабаққа өзім апарып-әкеліп жүрмін. Ал енді ертең мен жұмысқа кеткенде үйде баламен отырған келіншегім балаларды апарып-әкеле алмайды. Мектеп автобусынан түскеннен кейін де үйге жеткенше ойдай жер жүріп келетін балаларым үшін қорқамын. Бұл тек менің ғана мәселем емес. Енді не істейміз?

Тахир НарАнбаев, «Самал» мөлтек ауданының тұрғыны:

Саламатсыздар ма, редакция ұжымы. Бұл мәселені мен бірнеше мәрте көтердім. Сіздер арқылы жауапты мамандардың назарына тағы бір мәрте ұсынып, тұжырымды жауап күтемін. Өзім Қандыағаш қаласындағы “Самал” мөлтек ауданының тұрғынымын. Осы “Самал” №5,6,7,8 кварталдарының бойында жүретін қаңғыбас иттерден қауіп сейілмей отыр. Жалпы бұл біздің мөлтек ауданның ғана емес, жалпы ауданның, қала берді елдің мәселесі деп білемін. Себебі итке таланған адамдар мен малдар туралы ақпарат жиілеп кетті. Өткен жылы ғана облысымда орын алған оқиға көптің қабырғасын қайыстырып жіберді. «Ит – адамның досы» дейміз, дегенмен иесіз қалған, ашқұрсақ ит бір-ақ сәтте өзіңе тап беруі ғажап емес. Қазір тіпті көшеге шығып жаяу еркін жүруге мүмкіндік жоқ десе де болады. Баланы былай тұрсын, бүгінде ересек адамның өзі жалғыз жүруден тартынады. Өйткені бұралқы иттердің қай бұрыштан шығатынын білмейсің. Қазір таң кеш атып, тез қараңғы түсетін мезгіл. Ертең жазатайым жағдай болып, сабақтан қайтып келе жатқан балаға әлгі иттер шабуылдаса не болады? Осы кезге дейін бәріне хабар бердім. Айтылып та жатыр, жазылудан да кенде емес. Бірақ нәтиже көріп отырғаным жоқ. Әлде бұл мәселені қолға алу үшін міндетті түрде қайғылы оқиға орын алу керек пе? Жақын арада ғана өзім бір мектеп оқушысын иттен арашалап алғанмын. Тағы бір жүкті келіншекке ит жүгіріп, әрең құтылыпты. Ит иесіне айыппұл салынған. Бірақ бір тістеген ит, ертең тағы тістейді емес пе?!. Ал ол ит құтырмамен ауырып, ауру тараса не болады?

Оңболсын АРЫСТАНБАЕВА, аудандық вете-ринария бөлімінің маманы:

Жануарларды жансыздандыру — заң аясында жүргізіледі

Елімізде өткен жылдан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қолданысқа енді. Бүгінде осы заңда келтірілген тиісті талаптарды жүзеге асыру бойынша жұмыстанып жатырмыз. Осы заң аясында биыл қаңғыбас иттерді аулау және асырау бойынша тендер ойнатылып, оны жеке кәсіпкер Өнербай Тілеубаев ұтып алды. Осы жылдың басынан аудан бойынша бүгінгі таңға 1125 ит-мысық ауланды. Тұрғындардың назарына айта кетейін, егер жануар адамға, өзге жануарларға шабуыл жасап, өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндірген жағдайда аудандық ветеринария бөліміне келіп, арнайы үлгідегі өтінішті толтыру керек. Сол жағдайда ғана заң аясында жануарларды жансыздандыру шарасы қолданылатын болады.

Өнербай Тілеубаев, жеке кәсіпкер:

Тұрғындардан шағым  көп

Адами тұрғыдан қарағанда, әрине, жануарларды қорғаған дұрыс. Бірақ бүгінде тұрғындар тарапынан шағым көп түсуде. Тұрғындардың дабыл қағып, өмірге қауіп төндіріп жатыр деп алаңдауы дұрыс, әлбетте. Аудандық ветеринария бөлімімен бірлесе отырып, осы мәселе бойынша жұмыстанып жатырмыз. Иттердің арасында чип салынбағандары да бар. Олар иесі бар иттер болса, айыппұл салып, иесіз иттерді аулаймыз. Кеше таңертең ғана «Самал» мөлтек ауданы, 6-квартал тұрғыны хабарласып, үйден шыға алмай отырғанын, қабаған иттің үйінің ауласында жүргенін айтып шағымданды. Бірақ біз барғанша, ит кетіп қалыпты. Иттер көшеде бір уақыт толып кетеді, ал бірде ізі де көрінбейді. Бұл – ол иттердің басымының иесі барын көрсетеді. Олар иттерін кейде босатып, кейін қамап қойып отырады.

Ералы Нұралы, Мұғалжар ауданы ПБ ЖПҚб УПИ полиция капитаны, «Самал» мөлтек ауданының учаскелік полициясы:

Бірлесіп жұмыс жасау керек

Заң аясында белгілі бір қағидалар негізінде ауланған жануарлар уақытша ұстау орындарына жеткізілуі тиіс. Ол үшін арнайы мамандар бекітілген. Өзім осы учаскенің полициясы болғандықтан маған дәл осы мәселемен шағым көп түседі. Біз өз тарапымыздан иттердің иелеріне айыппұл салып та жатырмыз. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 402-2-бабына сәйкес ҚР жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу туралы бөлімінде көрсетілгендей, жануарларды тасымалдауға қойылатын талаптарды бұзу жеке тұлғаларға 10 айлық есептік  көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға 20, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Бірақ қаңғыбас иттерге не істеуге болады? Қазір кез келген итті кез келген жерде ата салмайды. Оны арнайы жансыздандыру мақсатында дротик тәрізді затпен дәрі беріп ұстайды. Бұл жұмыстар тиісті мекемелермен, яғни аудандық ветеринария бөлімімен бірлескен түрде, арнайы хаттамалар толтырылып, жасалу керек еді. Алайда мен ол жауапты мамандардың бос уақытын таба алмай келемін. Сонымен әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселе болып тұр.

Ұқсас ақпараттар

«АБАЙЛАҢЫЗ, ПОЙЫЗ» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

admin_mugalzhar

Елжан Біртанов ел азаматтарына Оңтүстік Кореяға бармауға кеңес берді

admin_mugalzhar

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.