«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҒЫМСЫЗ ИІС «ЖЫРЫНЫҢ» НҮКТЕСІ ҚАШАН ҚОЙЫЛАДЫ?

АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ ӨТКЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫНДА ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ЖЫЛДАР БОЙЫ АЛАҢДАТЫП КЕЛГЕН, КӨПШІЛІК АРАСЫНДА «СПИРТ ЗАУЫТ» АТАЛЫП КЕТКЕН «КЕНТАВР» ЖШС-НЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ ҚАЙТА КӨТЕРІЛДІ. ОҒАН СЕБЕП — СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ҚОЛҚАНЫ ҚАБАТЫН ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТІҢ ҚАЙТА ӨРШІП, АУАҒА ТАРАЛУЫ ЖӘНЕ ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАРАПЫНАН НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ КӨБЕЮІ БОЛДЫ.

ҚОЛҚАНЫ ҚАПҚАН ИІС — КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Бұл мәселе 2019 жылы аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарының араласуымен облыс деңгейінде көтеріліп, «Кентавр» ЖШС-нің басшылығымен байланыс орнатылып, жүйелі жұмыстар атқарылған болатын. Облыстық экология департаментінің инспекторлары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері және мәслихат депутаттары аталған өндіріс басшылығының өкілдерімен бірлесе отырып, 5 мәрте отырыс ұйымдастырылып, арнайы комиссия құрылған. Комиссия мүшелері жағымсыз иіс тарататын өндіріс полигонының аймағына барып, мән-жайды көздерімен көрген. Аудандық мәслихат хатшысы Роза Мүсенова бұл мәселенің бір жылда емес, ұзақ жылдар бойы жиналғанын айтып, алға қойылған мақсатты жұмыс сауатты, жүйелі әрі жауапкершілікпен қолға алынса, оның шешілетінін де жеткізді.

— Жағымсыз иіске байланысты сұрақтың күн тәртібінен түспей тұрғанына бірнеше жыл болса да, күрмеуі қиын мәселенің шешімі табылмай келген еді. Десе де соңғы жылдары құрылған комиссия мүшелерінің атқарған жұмыстарын атап өтпесе де болмас. Комиссия құрамы зауыт іші мен өндіріс қалдықтары төгілетін полигон аймақтарын аралап, жағымсыз иістің полигон аймақтарынан шығатынын анықтады. Облыс орталығынан эколог мамандар да келіп, полигон алаңдарын тексерді. Осы иісті ауаға таратпау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылды, — деді Роза Наурызбайқызы.

ЕСКІ ПОЛИГОННЫҢ БЕТІ ЖАБЫЛДЫ

Жүргізілген жүйелі жұмыстардың бірі — өндіріс орнының бұрынғы полигонының беткі қабатының қырылып, арнайы материалмен жабылуы. Мәслихат хатшысының айтуынша, 2020 жылы аудандық қоғамдық кеңес және мәслихат депутаттарының бастамасымен «Кентавр» ЖШС-нің көлемі 2715 гектар болатын бұрынғы полигон орны қырылып алынып, үсті техникалық полиэтилен жабындысымен жабылып, топырақпен көмілген. Бұл туралы сол кезде газетімізде де жазылды. «Бүгінгі таңда ол жерден жағымсыз иіс шықпайды. Иісті жою мақсатындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда», — деді ол.

ИІСТІ ЖОЯТЫН БАКТЕРИЯЛАР ӘКЕЛІНДІ

Жүргізілген жұмыстар барысында өндіріс қалдықтарының су қоймасына ағызылатын құбырлары толығымен тексерілген. Олқылықтардың орны толтырылып, құбыр жүйелері толықтай жөнделген. Ондағы жағымсыз иісті жою үшін Ресейдің Пермь қаласынан арнайы бактериялар (хлорелла) әкелініп, тозаңдату жұмыстары жүргізілген.

— Бүгінгі таңда спирт зауыттың қалдықтары ағызылатын арнайы 6 су қоймасы (карта) бар. Біз бұларды үнемі қадағалап отырамыз. Жағымсыз иісті шығармау үшін қалдық су қоймаларына «хлорелла» деп аталатын бактерия араластырылады. Соңғы тексеріс кезінде №1 картадан жағымсыз иіс өте қатты шығатынын байқадық. Мекеме басшысы мен технолог маманның айтуынша, бұл картада хлорелла жоқ, сондықтан жағымсыз иістің көтерілу деңгейі өте жоғары болып тұрған көрінеді. Қалған су қоймаларынан жағымсыз иісті байқамадық. Бірақ №3 картадан ашыған ашытқының иісіне ұқсайтын иіс сезіледі. Біз осы мәселелерді шешу үшін кәсіпорын басшыларына арнайы тапсырма бердік, — деді аудандық мәслихат хатшысы Роза Мүсенова.

 

ШЛАМ ҚАЛДЫҚТАРЫНАН ОРГАНИКАЛЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШ ЖАСАЛАДЫ

Жүргізілген жұмыстың тағы бір нәтижесі — кәсіпорыннан шыққан бидай қалдықтарын өңдейтін арнайы цех ашылған. Бүгінде цехта өндіріс қалдықтары кептіріліп, ұнтақталып, тыңайтқыш затқа айналады. Өндірілген зат арнайы қапшыққа салынып, шетелге экспортталуда.

— Қалдық су қоймаларындағы сулардың барлығы сорылып алынғаннан кейін, су түбінде шөккен шлам қалдықтары қырылып алынып, өңделіп, органикалық тыңайтқышқа айналатын болады. Біз оны шетелдерге экспорттап отырмыз. Бұл да қолқаны қабатын иістен құтылудың бірден-бір жолы деп білемін, — деді «Кентавр» ЖШС-нің өкілі.

ҚАЛДЫҚ СУ ІСКЕ ЖАРАЙДЫ

Тағы бір тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда «Кентавр» ЖШС-і ауданға қарасты Талдысай ауылдық округіндегі «Арман-М» ШҚ-ның иесі Қазыбек Әлішевпен 5 жылға келісім-шартқа отырған. Келісім-шарт негізінде биыл қалдық су қоймаларында жиналған спирт құбырларынан ағызылған техникалық су қалдықтары су тазартатын құбырлар арқылы 100 гектар егін алқабына ағызылатын болады.

— Осы жылы 100 гектар жерге арпаның элиталық тұқымы егілді. Егін алқабы италиялық барабанды су бүріккіш құрылғылары арқылы суарылады. Біз пайдаланатын техникалық су қалдықтары сұйық азотты тыңайтқыш болып табылады. Осы жылы егілген егіннің өнімділігі жақсы болса, келер жылы 500 гектар жерге егін егіп, осы жерге жоғарыда айтқан тыңайтқышты пайдалануды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар «Кентавр» ЖШС-іне жағымсыз иісті азайту мақсатында желдің шығу бағытына қарай қолдан орман алқабын отырғызуды ұсынып отырмыз, — деді шаруашылық иесі.

P.S. Ұзақ жылдардан бері тұрғылықты халықтың бас ауруына айналған бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл — билік пен халық арасына ашық көпір орната білген қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттарының жүйелі жұмысы мен серіктестік басшылығына қойылған нақты талабының нәтижесі. Алайда кеудені кере дем алудың орнына, мұрынды басуға мәжбүрлейтін иістен арылу үшін әлі де атқарылар жұмыс аз емес тәрізді. Осы істің шешімін табу жолында жүргендер мәселенің жергілікті биліктің бақылауында болатынына сендіріп отыр. «Мұғалжар» да жүргізілген жұмыстар туралы өз оқырманын хабардар етіп отыратын болады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе кәсіпкерлеріне абаттандырылған аялдама пункттерін орнату ұсынылады

admin_mugalzhar

Еліміздің халықаралық резерві 100 млрд доллардан асқан

admin_mugalzhar

ТЖ жарияланған аймақтарда комиссия жұмысын бастады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.