Шетелден Қазақстан Республикасына қоныс аударған азаматтарға қандас мәртебесі беріледі. Ел аумағындағы әрбiр көшi-қон субъектiсi өзiнiң тұрақты немесе уақытша тұратын жерi бойынша ҚР Мемлекеттiк шекарасынан өткен күннен бастап күнтiзбелiк бес күн iшiнде тiркелуге мiндеттi. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 5 685 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 76 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанда қандас мәртебесін алғандарға қандай жеңілдіктер беріледі және оны қалай алуға болады? Stan.kz тілшісі анықтады.
Қандас мәртебесін қалай алады?
Республика аумағына өз бетімен келген этникалық қазақтар қандас мәртебесін алу үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгінеді. Азамат мынадай құжаттарды беруге тиіс:
- өтініш;
- өмірбаян (еркін формада);
- өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары);
- өтініш берушінің қандас мәртебесін беру немесе ұзарту Қағидалары 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттарға сәйкестігін белгілейтін құжаттардың көшірмелері.
Қандас мәртебесін беру облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Қандас мәртебесін алғандарға арналған жәрдемақы
Қандас мәртебесін алғандарға қаржылай жәрдемақы Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларын бекіту туралы 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 20 бұйрығына сәйкес «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» қаулысымен айқындалған өңірлердің қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген жағдайда беріледі.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылай жәрдемақы түрлері аталған азаматтарға беріледі:
1) қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ, отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбасты адамдарға бір рет отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде – 204 190 тг көшуге материалдық көмек;
2) қандастардың отбасына, оның ішінде жалғызбастыларға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуге мынадай мөлшерлерде материалдық көмек беріледі:
- қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде – 58 340 тг;
отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде – 72 925 тг;
отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде – 87 510 тг;
- ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін:
бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде – 43 755 тг;
отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде – 52 506 тг;
отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде – 61 257 тг.
Сонымен қатар, қандастардың өңірлік квотасына енгізілген қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің республика азаматтығын алуы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға ұсынылған мемлекеттік қолдау шараларын тоқтатуға негіз бола алмайды және қандастардың келісімімен оның жеке меншігіне тұрғын үй сатып алуы үшін аудандық/қалалық комиссия ұсынымдарының негізінде отбасыға бір жылға есептелген сома шегінде субсидия сомасын бір рет төлеуге жол беріледі.
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 23-бабына сәйкес:
этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады;
Қандас мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне берілетін жеңілдіктер
- Қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн қызмет;
- ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйым орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгi;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалу;
- ҚР заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.
Тұрғын үй, жұмысқа орналастыру бойынша көмек
Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделетін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Қандастар Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларымен қамтамасыз етіледі.
Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне осы бапта көзделген мемлекеттік қолдау шараларынан басқа тұтыну кредитін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы беріледі.
Cондай-ақ, қандас мәртебесін беруге және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ, қандастар және олардың отбасы мүшелері ҚР аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады.
1991 жылдан осы уақытқа дейін қанша азамат қандас мәртебесін алды?
2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 5 685 этникалық қазақтар тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 76,1 мың этникалық қазақ оралды.
Жәрдемақы, төлемдерді алу үшін қажетті құжаттар тізімі
Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген, қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар жергілікті атқарушы органға не Мемлекеттік корпорацияға қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш береді, ал Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын этникалық қазақтар шет елдегі мекемелеріне Қазақстан Республикасы аумағындағы болжамды тұратын өңірін көрсете отырып, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш береді.
Өтінішке қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен мынадай құжаттар беріледі:
- қандастың және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
- неке немесе некені бұзу туралы куәліктің (бар болса) көшірмесі;
- білімін, біліктілігін және белгілі бір мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың (бар болса) не еңбек кітапшасының (бар болса) көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама.
Қандастарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейе ме?
2021 жылғы 6 мамырдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қандастар үшін субсидиялар мөлшері 50% ға – 35 тен 70 АЕК-ке ұлғайды.
Жәрдемақыдан қандай жағдайда айырылады?
Қандастар төлемақы алу үшін қандас мәртебесін алу керек немесе қандас мәртебесін алған тұлғаның отбасы мүшесі болу қажет.
Сонымен қатар, қандастар жәрдемақыдан қандас мәртебесінінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда және «Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» қаулысында айқындалған өңірлерден бес жылға жетпей басқа өңірлерге көшіп кеткен жағдайда айырылады.