Карантин режимін сақтамаған коронавирус жұқтырған қазақстандықтарға 87510 теңге айыппұл салынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.
«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі науқастарды оқшаулау және КВИ-мен ауырғандармен байланыста болғандар үшін арнайы ереже бекітті. Бұл талаптарды орындамағандарға әкімшілік жаза қарастырылмақ. Ереже 2021 жылы 10 маусымда күшіне енеді», – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушылар Ashyq ақпараттық платформасының көмегімен анықталады.
Карантинге жіберіліп, өзін-өзі оқшаулауға міндеттелген адамның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы әкімшілік кодекстің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға және оған әкімшілік жазалар қолдануға негіз болады.
Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушыға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданылады.
«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті барлық қазақстандықтарды карантиндік талаптарды сақтауға шақырады және әкімшілік айыппұлдар коронавирус сияқты қауіпті жұқпалы аурулардың халық арасында таралуын бақылауға көмектеседі деп үміттенеді», – деп толықтырды комитет.