«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ОБЛЫС ӘКІМІ ЖҰМЫС БАБЫМЕН МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА БОЛДЫ

СЕНБІ КҮНІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ОҢДАСЫН ОРАЗАЛИН ЖҰМЫС БАБЫМЕН МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНА КЕЛДІ. ӨҢІР БАСШЫСЫ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЕЛЕК, ЖҰРЫН, ҚАРАКӨЛ АУЫЛДАРЫН ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН, СОНЫМЕН ҚАТАР ЕМБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ДАМУЫМЕН ТАНЫСТЫ.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АУДАНДАҒЫ ҮШ АУЫЛ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ

Жұмыс сапары Ақкемер ауылдық округінің перспективті жобалары мен Елек ауылын газдандыру жұмыстарымен танысудан басталды. 600-ден аса халқы бар Елек ауылын газдандыруды осы жылдың қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жарық елді мекеніне кірер жол мен А.Жұмабаев атындағы көшенің жолы жөнделіп, амбулатория мен сервистік әкімдіктің жаңа ғимараттары, ангар типіндегі спорт кешені мен футбол алаңы салынады, 1,1 шақырым жол жөнделеді, 4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынады. Осы жылы Жұрын және Қаракөл ауылдарында тұратын 2 мыңнан аса тұрғынның үйіне де газ кіреді. Мердігерлер мамыр айында сол ауылдарды Қандыағаш қаласымен қосатын газ құбырын салуға кірісіп кетті. Оңдасын Оразалин жұмыс барысымен танысып, құрылысшыларға жұмысты тездетуді тапсырды. Осылайша, Жұрын ауылының тұрғындары көгілдір отынға тамызда, ал қаракөлдіктер желтоқсан айынан кешікпей қол жеткізбек.

— Жұмысты жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жылыту маусымында барынша көп үй газбен қамтылуы қажет. Біз өз тарапымыздан тиісті қолдауды көрсетеміз, — деді облыс әкімі мердігерлерге.

Өңір басшысы сондай-ақ Жұрын ауылындағы перспективті жобалармен танысты. Олардың қатарында мәдениет үйін күрделі жөндеу, спорт алаңын салу, Жұрын ауылындағы Жанқожа батыр, А.Құнанбаев, А.Жұбанов, Х.Құрманалин көшелеріндегі көлік жүретін жолды жөндеу жұмыстары, жанармай бекетінің, қуаттылығы жылына 20 тонна өнім болатын жылыжайдың, 500 бас ірі қара мен 2 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңының ашылуы бар.

ЕМБІДЕ 100-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫНҒА ҮЙ БЕРІЛЕДІ

Ембіде Оңдасын Оразалин бірнеше жыл бойы иесіз қалып, бос тұрған екі бесқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын қарауға ерекше назар аударды. Күрделі жөндеуден кейін тұрғын үй жергілікті атқарушы органның кезегінде тұрған 100-ден астам адамға беріледі. Үйлердің бірі биыл тамызда, екіншісі қараша айында аяқталады. Бұдан өзге, өңір басшысы Ембі қаласындағы биотазарту ғимаратының реконструкциясымен танысты. Тазартудың ағынды жүйесін қалпына келтірумен «Әлихан Ойл 3» ЖШС-і мердігер компаниясы айналысуда. Осы жылдың қыркүйек айында жұмысты толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Іссапар барысында облыс әкімі Ж.Тілепбергенов көшесі бойының 2,1 шақырым көлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты. Сонымен қатар Ембіде ангар типіндегі спорт кешенінің, 320 орындық мектептің, спорт нысанының құрылысы, Желтоқсан, Ш.Уәлиханов және Мөңке би көшелерінде көлік жолын жөндеу, көшені жарықтандыруды модернизациялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

«АҚТӨБЕ-ҚАНДЫАҒАШ» ТАС ЖОЛЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Көлік магистралінің жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды. Жоба 2023 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда жолдың топырақты қабаты алынып жатыр, автокөлік жолының жер төсемін дайындау және салу, қуаттылығы 100 тонна болатын асфальтбетон зауытын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жерді қарап шыққан облыс әкімі сапаға ерекше көңіл бөліп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.

«МҰҒАЛЖАР-АҚПАРАТ»

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанға келген туристер саны 2,3 есе ұлғайды

admin_mugalzhar

Жолақы: бағаны реттейтін нарық

admin_mugalzhar

Биыл 752,7 шақырым жол жөнделеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.