«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНҒА МҮМКІНДІК ҚАНДАЙ?

«БҮГІНДЕ КӨП ЖЕРДЕ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ӨЗ ҚАЛАМЫЗДА ДА БІЗ СЕКІЛДІ ҚОЛАРБАҒА ТАҢЫЛҒАН ЖАНДАРДЫҢ КӨШЕДЕ ЕРКІН ЖҮРІП-ТҰРУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҒАН. ЖЕКЕ ШАРУАМЫЗБЕН АЗЫҚ-ТҮЛІК ДҮКЕНДЕРІНЕ, САУДА ОРТАЛЫҚТАРЫНА, ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ОРЫНДАРҒА БАРАТЫН БОЛСАҚ, ЖАНЫМЫЗҒА КӨМЕКШІ АЛЫП ЖҮРУІМІЗГЕ ТУРА КЕЛЕДІ. МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ПАНДУСТАР БАР, БІРАҚ ЕШҚАНДАЙ СТАНДАРТҚА САЙ КЕЛМЕЙДІ. ОЛАРДЫҢ БІРІ БИІК БОЛСА, ЕКІНШІСІ ТЫМ ТАР», — ДЕП ӘҢГІМЕСІН БАСТАДЫ РЕДАКЦИЯҒА КЕЛІП, ПАНДУС МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРГЕН ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, І ТОП МҮГЕДЕГІ БАҒДАТ ОРЫНБАСАРОВ. ДЕГЕНІНІҢ ДӘЛЕЛІН КӨРСЕТУ ҮШІН ЖУРНАЛИСТЕРДІ ӨЗІМЕН БІРГЕ ҚАЛАНЫ АРАЛАУҒА ШАҚЫРДЫ. СӨЙТІП ЕКІ АЯҚҚА СЕНГЕН БІЗ БЕН ҚОЛАРБАҒА ТАҢЫЛҒАН БАҒДАТ ҚАЛАНЫ ЖАЯУ АРАЛАП, КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАР МЕН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ОРЫНДАРҒА БАРЫП, ПАНДУСТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН КӨЗІМІЗБЕН КӨРДІК. АЛ ЖАҒДАЙ ТӨМЕНДЕГІДЕЙ…

ПАНДУС БАР, БІРАҚ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Алғашқы аялдамамыз орталықта орналасқан, халық көп шоғырланатын «Алпамыс батыр» саябағы болды. Саябақтың кіреберісіндегі баспалдақты жолда қоларбаны көтеріп түсіруге тура келді. Арнайы пандусты көре алмадық. Бұл жерге кіру үшін біраз жерді айналып, адам аяғы тиген сүрлеу жолда жүріп өту керек. Саябақта серуендеу мүмкін болмаған соң, сол маңдағы тұрмыстық техникалар сатылатын «Sulpak» сауда орталығына бет алдық. Бұл жердегі пандустың биіктігі 1,5 метрден асады, төменнен қарағанда едәуір төбешік іспеттес. Сауда орталығының директоры Андрей Зинатуллинмен кездесіп, мынадай жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызметтің қалай көрсетілетіні туралы сауал жолдадық. Ол ғимаратты жалға алып отырғанын, бұл мәселеге ғимараттың заңды иесі жауапты екенін жеткізді.

— Сауда орталығына келушілердің барлығына бірдей қызмет көрсетеміз. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету үшін барынша мүмкіндік жасаймыз. Екінші қабатқа орталық қызметкерлері көтеріп шығарып, қажетті затын таңдауына көмектеседі. Ал стандартқа сай келетін пандусты жасау үшін ғимарат иесіне ұсыныс беремін, — деді ол.

Жайдақ жолдармен ақырындап отырып, сол маңдағы «Халық банк» бөлімшесіне бас сұқтық. Себебі аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы осы банк арқылы беріледі. Бұл жерде де жоғарыдағы мәселелер алдымыздан шықты. Сонымен қатар ақша шешу үшін қойылған банкоматтардың алдында биіктігі 30 см болатындай басқыштың қоларбаға кедергі келтіретінін де көрдік. Бұл жердегі кездескен кедергілерді банк филиалының басшылығына хат арқылы жеткіздік. Мұғалжар аудандық Қазақстан Халық банкі АҚ-ның Банктік қызмет көрсету орталығының басшысы Жасұлан Ғабдолов талапқа сай келмейтін пандустарды қайта қарап, жөндеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдай жасау үшін жұмыстанатынын, 1 ай көлімінде мәселені шешетінін жеткізді.

— Мүгедектер де өзге он екі мүшесі сау адамдар секілді әлеуметтік нысандарға еш кедергісіз кіруі керек. Олар толыққанды өмір сүруге құқылы. Өздеріне тән қажеттіліктері бар. Мен де жеке шаруамен қала орталығына жиі шығып тұрамын. Алайда ешкімнің көмегінсіз жалғыз жүре алмаймын. Талай рет дәріханаға, азық-түлік, құрылыс, киім дүкендеріне барып тұрып, кіре алмай, кедергіге тап болдым. Тамақтану орындарының да пандустары талапқа сай келмейді. Өкініштісі, біздің пандустардың көбі өте тік болып келеді. Тіпті аудандық емханаға бара қалсақ та, дәрігерлерге қаралу үшін 2,3- қабаттарға көтерілу бізге қиындық тудырады, — деп мұңайды Бағдат Орынбасаров.

Қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолының басым бөлігінде де мүгедектер өтуге жағдай қарастырылмаған. Жолдардағы бардюр өте биік, мүгедектер арбасымен өздігінен өте алмайды.

АУДАНДА 66 АДАМ ҚОЛАРБАҒА ТАҢЫЛҒАН

Мүгедектердің мүддесін қорғайтын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше басшысы Біржан Шамғалиев 2020 жылға дейінгі аумақты дамыту жоспарына сәйкес «Әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілерін паспорттау мен бейімдеу» жоспарына барлығы 64 объекті енгізілгенін, қазіргі таңда жоспарланған нысандардың толығымен кедергісіз кіріп-шығуға бейімделгенін жеткізді. Сондай-ақ аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортада еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында мониторинг жүргізу үшін арнайы топ құрылған. Топ құрамында «Nur Otan» партиясының мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері бар. Мониторингтік топ Қандыағаш қаласында орналасқан әлеуметтік нысандардың қолжетімділігінің талапқа сай болуына мониторинг жүргізіп отырады.

Ауданда қазіргі таңға 1578 мүмкіндігі шектеулі жан, оның ішінде 119 I топтағы мүгедек, 565 II топтағы мүгедек, 623 III топтағы мүгедек және 16 жасқа дейінгі 217 ерекше балалар бар. Ал қоларбаға таңылғандары — 66 адам. Олардың денсаулығын оңалту мен әлеуметтік қолдауға және қажетті құралдармен қамтамасыз етуге республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерден қомақты қаражаттар бөлініп, тиісті көмектер көрсетіліп келеді.

— Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырыс бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған және психологиялық дамуының тежелуіне байланысты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі жартылай стационар жұмысын жүргізіп отыр. Сонымен қатар Қандыағаш қаласында тұратын, тірекқозғалыс аппараты бұзылған мүгедектер (кресло-арбада отыратын мүгедектер, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған І топ мүгедектері және 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар) инватакси қызметін алып отыр. Ал шағын және орта бизнес нысандарын тексеру жүргізуіне мораторий жариялануына байланысты пандустар стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, тек ұсыныс хат жолданады, — деді Біржан Шамғалиев.

«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕКТЕ» КЕДЕРГІ БОЛМАУ КЕРЕК

Мақала дайындау барысында аудандық мәслихат хатшысы Роза Мүсеноваға қала көшелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін-жүріп тұруына, дәрігерлік немесе өзге де қажетті көмекті кедергісіз алуына мүмкіндіктердің толыққанды жасалмағанын жеткізіп, сауал жолдадық. Жергілікті өкілетті органның өкілі бұлмәселені аяқсыз қалдырмайтынын, жауапты мамандармен бірлесе отырып, нысандарды аралап шығатынын айтты.

— «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Қандыағаш қаласы бойынша мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық және кәсіпкерлік нысандарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолжетімділігінің талапқа сай болуын қадағалау мақсатында қоғамдық кеңес мүшесі Қ.Байсұлтанов және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше басшысы Б.Шамғалиевпен бірлесе отырып, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды араладық. Аралау барысында аудандық аурухананың емхана және стационар бөліміне кіреберісте пандус қойылғанын, ал емхананың 2,3 қабаттарына көтерілуге мүмкіндік жоқ екенін көрдік. Аурухана басшылығы бұл қабаттарға лифт жүргізу үшін мүмкіндіктің жоқ екенін айтып, науқасемханағақаралғанжағдайда жоғарғы қабатта отыратын дәрігерлердің өздері 1-қабатқа түсіп, қабылдау бөлмесінде көмек көрсете алатынын жеткізді. Біз аурухана басшылығына кіреберістегі пандустарды талапқа сай етіп, жаңарту жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескерттік, — деді Роза Мүсенова. Мәслихат хатшысы бастаған топ Есет батыр көшесінде орналасқан «Халық Банк» АҚ-ның ғимаратына кіреберісті мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға ыңғайлы етіп жасау туралы және «Жаңа құрылыс», «Sulpak» «Светофор», «Мериэль», т.б. ірі кәсіпкерлік нысандарының иелеріне мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды жағдай жасау қажеттігі туралы ұсыныс тастады. Ал ғимарат иелері ұсынысты қабылдап, пандустарын талапқа сай жасақтайтынын жеткізді.

ПАНДУСТАР МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚАТЕР ТӨНДІРМЕУІ КЕРЕК

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы №156-НҚ бұйрығымен бекітілген ғимараттар мен имараттарды халықтық қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау ережесінде стандартқа сәйкес пандустыңені 1метр, көлбеу бұрышы 6 градустан, пандустың бір көтерілуінің максимальді биіктігі 0,8 метрден аспауы тиіс. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 сантиметрден кем болмауы қажет. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы немесе тұтқыш төселуі керек. Жалпы, мүгедектер үшін кіреберіс кедергілерінің, табалдырықтың болмағаны дұрыс. Бұл олардың кедергісіз жылжуына мүмкіндік береді.

P.S. ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІН ТАРТЫП ЖҮРГЕН МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАННЫҢ АЛДЫНАН КЕЗДЕСЕТІН МӘСЕЛЕ АЗ ЕМЕС. КЕДЕРГІСІЗ ҚОЗҒАЛЫСПЕН ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК – СОЛ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ІШІНДЕГІ МАҢЫЗДЫСЫ. РЕДАКЦИЯҒА МҰҢЫН ШАҚҚАН БАҒДАТ ПЕН ЖҮРГЕН БІР КҮНДЕ ҚОЛАРБАҒА ТАҢЫЛҒАН ЖАННЫҢ АЛДЫНАН КЕЗДЕСЕР ОСЫ КЕДЕРГІЛЕРГЕ КУӘ БОЛДЫҚ. БІЗ ҮШІН АТТАП КЕТЕР БАРДЮРМЕН ТАБАЛДЫРЫҚ БАҒДАТ ҮШІН ҮЛКЕН КЕДЕРГІ ТУДЫРДЫ…

P.S. ОН ЕКІ МҮШЕСІ САУ АДАМНЫҢ ҚОЛ АРБАҒА ТАҢЫЛҒАН ЖАНДЫ ТҮСІНБЕУІ ДЕ МҮМКІН, ӘРИНЕ. ДЕСЕ ДЕ, БҰЛ – МӘСЕЛЕ ЖОҚ ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС. СОЛ СЕБЕПТІ, СІЗ БЕН БІЗ ӨМІРДЕН ОНСЫЗДА ТЕПЕРІШ КӨРГЕН ЖАННЫҢ ДЕГЕНІНЕ ДЕН ҚОЙЫП, МҮМКІНДІГІН ШЕКСІЗ ЕТУГЕ  ҮЛЕС ҚОССАҚ, ҚАНЕКЕЙ…

Нұрғаным ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ҚАЛАНЫҢ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

Ғалымдар коронавирусты толығымен бейтараптандыратын препарат тапты

admin_mugalzhar

МАШИНА УТОНУЛА В РЕКЕ, ПОГИБ МУЖЧИНА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.