Жалғыз басты ана: «Балаларымнан ешқашан бас тартпаймын»

740 0

Ақпанның қақаған аязды күндері қырқынан шықпаған сәбиін арбаға салып, екі баласын жетектеп қаладағы дүкендерді аралап бәліш сатып келді. Сондағысы балаларын аш қалдырмау еді. Ал кішкентай 2 айлық нәрестесіне мемлекет тарапынан төленетін жөргек пұлын пәтер ақысына жұмсап отыр. Онысы да жетпей, «бүгін ертең пәтерден шығарып жібере ме?» деп алаңдайды ол. Үш баласымен далада қалғалы отырған  28 жастағы Айнұр өмірде мұншалықты сыналам деп әсте ойлаған емес.

Әлеуметтік желілердің бірінен көзіміз шалып, Айнұрдың бүгінгі жағдайын көру үшін, тұрып жатқан пәтеріне арнайы барған болатынбыз. Аядай екі бөлме мұнтаздай таза. Тақтай еденнің үстінде жалғыз көрпеден басқа ештеңе жоқ. Сол кішкентай көрпенің үстінде олар күндіз отырады, түнде үстеріне қысқы киімдерін жамылып ұйықтайды. Қыстан осылай шыққан.

Маңдайына жазылғаны шығар, Айнұрды тағдыры бақытқа жетер жолында, бағынан бір емес, екі мәрте сүріндірді. 18 жасында тұрмысқа шығып, тұңғышы мен ортаншы баласын дүниеге әкелгені сол еді, жолдасы ащы суға тойып келіп, өз балаларының өзегінен теуіп, әбден қорлаған соң ажырасып кеткен. 2012 жылдан бастап Ақтөбе қаласында пәтер жалдап, екі баласын жетектеп көлік жуатын бекеттерде жұмыс істепті.

-Отбасымызда 3 қызбыз. Сіңіліп жол апатынан қайтыс болды. Бауырымның қазасын  көтере алмай анам ауырып қалды. Қазір анам екінші сіңліммен тұрып жатыр. Сондай ауыртпашылықтан кейін анама салмақ болмайын деп, екі баламды өзім жеткізуге тырыстым.  Ақтөбеде пәтер жалдап, балаларымды ертіп, көлік жуатын бекеттерде жұмыс істедім. Таңнан қара кешке дейін балаларым сол жерде өсті. Кейін екінші жолдасымды жолықтырып, бағым жанатын шығар деп үміт еттім. Әрі жалғыз өзіме балаларымды асырау қиынға соққан соң. Бастапқы да, оған «үйіңдегілер мені екі баламмен қабылдауы қиын болар» деп алаңдаушылық білдірген едім. Ол мені көндіріп, Қандыағашқа алып келді. Бірақ расымен де, оның анасы балаларымды қабылдай алмады. Балағаттап күн көрсетпеді. Көпке дейін көз жұмып жүрдім. Сөйтіп, үшінші балам дүниеге келді. Бірде мектеп мұғалімі шақырып, баламның психологиясына бір келеңсіз жағдай әсер етіп жүрген жоқ па деп, отбасы жағдайымды сұрағаннан кейін, бұл жағдайға шыдай алмай кетіп қалдым. Балаларымды қорлатып қоюға жүрегім шыдамады, — дейді Айнұр Ертуғанова еріксіз көзіне жас алып. Анасының мұңлы көзіне қарайлап отырған үлкен ұлы Дархан: «Біз оны әке деп айтатын едік. Ал әже оны «әке» деп айтпаңдар. Ол сендердің әкелерің емес, деп боқтады» деді.

Айнұрдың үлкен ұлы 9 жаста, ортаншысы 6 жаста, ал жөргектегі нәрестесі биылғы жылдың қаңтар айында дүниеге келген. Осы үш баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жүрген жас ана қыстың қақ ортасынан бері пәтер жалдап  тұрып келеді.

-Ортаншы баламның туу туралы құжатының жоғалып кетуіне байланысты жәрдемақы ала алмай отырмын. Оны қайта рәсімдеуге ақшам жоқ. Қыста үйден бәліш пісіріп, айналадағы дүкендерге саттым. Тіпті жанар-жағармай бекеттерін де араладым. Балаларымды тастайтын ешкім болмаған соң, кішкентай баламды арбаға салып, екеуін ертіп  жүрдім. Тапқан табысыма осыларға тамақ алып берем. Кейінгі уақытта  пісіргендерім өтпей, ақша болмай қалды. Балаларым тамақ сұрап жылаған кезде жанымды қоярға жер таппай кетемін. Енді міне, пәтерақысына ақша жеткізе алмай, сәуірдің 15-інде босатып беруге мәжбүрмін, — дейді шарасыз ана.

Айнұр әлі екі айлық баласын ауруханаға ай сайынғы тексертуге де жеткізе алмай отыр. Себеп сол, қаражаты жоқ. Жақында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері келіп кетіпті. Қолдарынан келетін көмектерін беретіндіктерін айтқан.

-Ортаншы баламның туу туралы куәлігін және жалғыз басты ана деген құжаттарды рәсімдеп алғым келеді. Кейін бірінші жолдасыма балаларыма алимент төлеттіруге қарекет қылғым келеді.  Бірақ мұның барлығы қаражатты қажет етеді. Басты арманымыз баспаналы болсақ дейміз. Қалай болғанда да, балаларымды жеткіземін. Бұлардан ешуақытта бас тартпаймын. Қазір қолдаушыларым да, демеушілерім де осылар, — дейді Айнұр Ертуғанова.

P.S. Адам баласы өмірге жеңілу үшін емес, жеңу үшін келеді деген сөз бар. Алайда, ол үшін өзінің жігер күшінен бөлек өзгелердің демеуі де қажет. Әр адамның тағдыры әр қилы, бірақ бір қоғамда өмір сүріп жатқанан кейін осындай мұқтаж жандарға адамдардың мейірімі мен қамқорлығы қажет-ақ. Осы мақаладан кейін мұқтаж отбасыға жәрдем қолын созуға ниетті жандар болса редакцияға хабарласыңыздар. Байланыс телефонымыз: 3-46-31, ұялы телефон және ватсап нөміріміз: 8777 434 60 85 .

Әнуар ЕСҚАРА

Оқи отырыңыз

Денсаулықты сақтандыру маңызды

23.01.2018 0
Биылғы медицина саласына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 30-ға жуық жеке медициналық орталықтар халыққа тегін қызмет көрсетеді. Олардың…

Бар жанарды жаулаған — Жайдарман

29.11.2017 0
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында және Мұғалжар ауданына 20 жыл, Қандығаш қаласының 50 жылдығына орай,  «Туған күн» атты тақырыпта Мұғалжар…

Мас жүргізуші адам қағып кетті

11.01.2018 0
Қандыағаш қаласында көлікті ішімдік ішкен күйінде басқарған жүргізуші 63 жастағы әйел адамды қағып, мерт қылды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің…

3 елді мекенге ауызсу кіргізілді

21.11.2017 0
«Нұрлы жол» бағдарламасымен ауданға қарасты 3 елді мекенге ауызсу кіргізілді. Енді аталған ауылдың тұрғындары су тасып әлек болмайтын болды. Аудандық…

Тұрғындар сауалы назарға алынды

07.12.2017 0
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов Мұғалжар ауданында болды. Өңір басшысының орынбасары жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қоғамдық…

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *