«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ж.УВАИСОВА: «ҰБТ талаптары өзгермейді»

Мектеп түлектерінің 11 жылдық білімін таразыға тартатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің уақыты алыс емес. Өткен жылы сынақтың талап-шарттары түбегейлі өзгеріске ұшырап, аталмыш білім деңгейін бағамдау жүйесінің жаңа форматқа көшкенін білеміз. Биыл да сол үрдіс сақталынады дейді. Осы және өзге де сауалдарға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жайнагүл Есқалиқызымен сұхбат барысында жауап алдық.

«МҰҒАЛЖАР»: Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматында өзгерістер байқала ма? Жалпы бұл науқан ауданда қашан өткелі жатыр?

Ж.УВАИСОВА: Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге  жаңа формат енгізілген болатын. Биылғы жылы да мектеп түлектері сол жүйе бойынша сынақ тапсырмақ. Жаңа форматтағы емтихан екі кезеңде ұйымдастырылады. Бірінші кезеңнің емтиханын тапсыру — мектеп түлектерінің барлығына міндетті. Мамыр айының 29-ы мен маусым айының 9-ы аралығында аталмыш мемлекеттік бітіру емтиханы 4 міндетті және 1 таңдау пәндері бойынша барлық мектептерде өткізіледі. Онда түлектер оқыту тілі пәні ретінде ана тілі мен әдебиетінен жазбаша эссе жазып, алгебра және анализ бастамалары пәнінен бақылау жұмыстарын орындап, Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтихан тапсырады. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен тестілеу болса,  ал бесінші пәнде түлек өзі таңдаған пәні бойынша тест тапсырмаларын орындайды. Емтиханның бұл түрі қорытынды аттестаттау деп аталады. Демек, мектеп түлектері қолдарына аттестаттарын мектептерінен алады деген сөз.  Аттестатты иеленген соң, ҰБТ-ның келесі кезеңі бойынша жоғары оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер сынақтан өтеді.   Онда барлығы 5 пән — математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы және мамандығына қарай 2 таңдау пәні. Сұрақтың жалпы саны — 120, өту балы — 50. Сынақтан өткен түлектерге сертификатпен қоса, қандай ЖОО-ға түсуге болатындығы, ондағы грант саны секілді ақпараттандырылған қосымша мәлімет беріледі. Сондай-ақ, дәлелді себеппен ҰБТ-ға қатыса алмай қалған түлекке келесі лекпен немесе кешенді тестілеуге қатысуына мүмкіндік беріледі. Мұндай бұрын болған жоқ. Бұл биылғы ҰБТ-ның артықшылығы.Және айта кету керек, биыл ҰБТ-ға берілетін уақытқа 20 минут қосылып, түлектердің сұрақтарға жауап беру уақыты 3 сағат 50 минутқа созылып отыр. Бұл туралы жуырда Астана қаласында өткен «2017-2018 оқу жылының аяқталуы туралы» Республикалық кеңейтілген кеңесте мәлім болды. ҰБТ-ны өткізу науқаны елімізде маусым айының 20-сы мен  шілде айының 1-аралығына жоспарлануда. Ал Мұғалжар ауданында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің уақыты таяу арада белгілі болады.

«МҰҒАЛЖАР»: ҰБТ тапсыратын түлектерге қандай талаптар қойылады?

Ж.УВАИСОВА:  Биыл аудан талапкерлері тестті жылдағыдай Қандыағаш қаласында тапсырады. ҰБТ өткізілетін аудиториялардың барлығы бейнекамералармен жабдықталып және онда ұялы телефон желісін өшіретін құрылғылар қондырылады. Онлайн трансляциялауды қамтамасыз ету жабдықтары да орнатылады. Тестілеуге берілетін уақыт бойы түлектер Білім және ғылым министрлігімен бекітілген мемлекеттік комиссия құрамының  қатаң бақылауымен қадағаланады. Жылдағы үрдіс бойынша, түлектер сырттан келетін қайсыбір көмек көздерінен тысқары болады.  Ал ҰБТ-ның сұрақтар базасы биыл 50 пайызға жаңартылған. Мәселен, диаграмма, сурет, таблица, сызбалар енгізіліп, логикалық сипаттағы тапсырмалардың қатары көбейді. Сондықтан түлектер тек өздерінің біліп-түйгеніне, оқып-тоқығанына ғана сенім артқандары абзал.

«МҰҒАЛЖАР»:  Межелі балды жинай алмағандарға әлдебір мүмкіндіктер қарастырыла ма?

Ж.УВАИСОВА:  Тек төменгі шекті деңгейде балл жинай алмаған талапкерлерге тамыз айында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын ақылы түрде тапсыруларына мүмкіндік берілуде. Жалпы жоғары оқу орындарына түсу үшін тестілеуге қатысу ерікті. Сол себепті, түлектердің тестке қатысу құқығы шектелген жоқ.

«МҰҒАЛЖАР»: Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын биылғы талапкерлердің аяқ алыстары қалай?

Ж.УВАИСОВА: Сынақтан сүрінбей өткен біздің былтырғы түлектеріміз жақсы нәтиже көрсете білді. Жалпы қорытынды бойынша облыстағы аудандар арасында 89,8 пайыздық көрсеткішпен 3-ші орыннан көріне білдік. Биыл аудан бойынша мектеп бітіруші 439 түлек бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуге олардың 383-і қатысайын деп отыр. Оның ішінде қазақ тілінде — 360 түлек, орыс тілінде — 23 түлек. Бұл жалпы бітірушілердің 87,2 пайызын құрайды. Былтырғы қатысыммен салыстырғанда биылғы жылы 5,8 пайызға өсім байқалуда. Ал «Алтын белгі» аттестатына 51 түлек үміткер. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 3 үміткерге артып отыр. Жалпы түлектеріміздің дайындықтары біздің үкілеген үмітімізге, жыл бойғы жасаған қамданысымызға сын келтірмейді деген ойдамыз. Олар оқу жылы басталысымен өз мектептерінде, наурыз, сәуір, мамыр айларында Қандыағаш қаласындағы ҰБТ филиалында аудиторияларға бөлініп, сынама тесттерді тапсырып тұрды. Түлектердің орындаған тест тапсырмалары  білім бөлімі мен мектептердегі педагогикалық кеңестерде қаралып, қорытындыланды. Көрсеткіш жаман болған жоқ. Ендігі үлкен сынақта талапкерлерімізге артылып отырған сенім мол, үміт үлкен. Түлектерге тек сәттілік тілеймін!

«МҰҒАЛЖАР»: Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

Ұқсас ақпараттар

admin_mugalzhar

Блок-бекетті айналып өткен Ойыл тұрғыны екі тәулікке қамауға алынды

admin_mugalzhar

«Теңіз» мұнай кенішінен Ақтөбеге бір топ жұмысшы келді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.