Басты ақпарат Мұғалжар жаңалықтары

Мұқтаждықтан мұң кешкен отбасы

«Бақыт балалы үйге қонады» дейді. Жеңістің шаңырағы бес баласымен базарлы. Қыстың ызғарымен суық тартқан аядай екі бөлменің іші аралары бір-екі-ақ жас айырмашылығы бар бейкүнә бүлдіршіндермен  бақытқа бөленіп тұрғандай. Тек тұрмыстың ауыртпашылығы мен жоқшылықтың жағадан алғаны болмаса. Осы уақытқа дейін көпшілікке қиналысын білдіріп, қол жайып көрмеген бұл отбасы қазір көптің көмегіне мәжбүр. Өйткені, үш бірдей баласына шұғыл түрде ем керек.  

Жастайынан тұрмыстың тауқыметін көріп өскен 32 жастағы Жеңіс Калишев Қандыағаш қаласының тұрғыны. Тұрғыны болғанда, былтырғы жылы қалаға келіп баспана таба алмай бала шағасымен далада түнеп жүрген жерінен, жергілікті жердің бір мейірімді азаматы меншігіндегі баспанасын тегін паналауға беріп, сол үйге тіркеп қойған. Содан бері осы қаланың тұрғыны. Ал негізі Ащысай ауылдық округінің тумасы. 24 жастағы жары Ардақ екеуі 2013 жылы шаңырақ көтерген. Қазір 2013, 2014, 2016, 2017 жылы туған бес баласы бар.

Бұған дейін тұрақты жұмыстың реті болмаған соң, тұрмыстың жайлы жерін іздеп, Алғада, Темір ауданына қарасты Сарыкөл ауылдарында болған. Осылайша, Қандыағаш қаласына маңдай тіреп келеді. 3-4 ай жүріп Жеңіс Қандыағаш қаласындағы «Мұғалжар сауда» ЖШС-не жұмысқа орналасады. Бүгінде сол мекемеде қарапайым жұмысшы. Қазіргі нарықтың таразысына салсаң жұғым болмайтын жалақысымен отбасын әупірімдеп бағып отыр. Тапқанын коммуналдық қызметке төлейді, үй айналасындағы азық-түлік дүкендерге қарызын береді. Ал сырқат балаларының еміне тағы ақша ауыспайды. Әйтеуір, қайырымды бір жанның арқасында қабырғасы суық тартса да, тегін баспанада алаңсыз тұрып жатқандарына шүкір етеді.

-2014 жылы туған егіз баламның біреуінің жүрегінде тесік бар. 2016 жылы туған баламның туылғаннан бері басына жиналған судың салдарынан көрмей қалуы мүмкін деген қауіп басым. 2017 жылы туған қызым да судрогы ұстап ауырады. Дер кезінде емдетуге, дәрігерге қаратуға да мұршамыз болмай отыр. Жолдасымды жұмысынан жібермейді. Өзім мына балалардың қастарынан шыға алмаймын. Үй бөлек, күйі бөлек болған соң, қарасып, көмек қол созып жатқан ағайындар жоқ. Тек өзімнің ата-анам мүмкіндіктерінше жәрдем қылады. Күн көрісіміз қиын болғандықтан үлкен ұлым қазір солардың қолында. Отбасымыздағы осындай жайсыз жайды осы уақытқа дейін жария етпедік. Бірақ бәрі бірден шырмап алды. Сабыр қылдық. Дүниеге әкелген балаларымыз үшін ешкімге қол жаюды құп көрмеп едік. Қиналып кеттік, — дейді көзіне еріксіз жас алып, қолындағы шынашақтай қызын құшақтап алған Ардақ Кеңес.

Жағдайы мәз емес отбасының мүшелерімен біраз сұхбат құрдық. Қалада осындай отбасы бар екендігі жайында хабар берген қайырымды бір-екі азамат, біз барардың алдында азық-түліктерін жеткізіп беріпті. Босағада үйілген азық-түлік пакеттеріне жәудіреп қарап отырған 4 баланы көрген кез келген адам шыдай алмасы ақиқат…

…Үйден шыға сала айналасындағы азық-түлік дүкендеріне соғып, әлгі жандар туралы білмек болдық. Дүкеншілердің айтуынша, оғаш қылығы жоқ, жайбарақат күн кешіп жатқан отбасы. Үнемі балаларының азығын жаздырып әкетіп, жалақысын алған кезде уақытында төлеп отырады. Анықтағанымыздай, бүгінгі күні, екі дүкенге 40 мыңға жуық қарызы бар. Бұл Жеңістің бір айлық жалақысы…

P.S. Пендеміз ғой, біріміз өмірде дәулетті болып сыналсақ, біріміз кедейшілікпен сыналамыз. Ал тауқыметтің басымызға келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, сүрінгенге сүю болу, қиналғанға жәрдемші болу пенденің парыз амалы.

Жұрт қатарына қосылуға қарекет қылып жатқан, алайда, демеушісі жоқ отбасыға қайырымдылық көмекке қол созам деген жандар болса, бізге хабарласыңыздар. Біз Сіздерді сол отбасыға бағыттаймыз. Байланыс телефонымыз: 8 (71333) 3-46-31 (аудандық «Мұғалжар» газеті редакциясы) немесе ұялы телефонымыз: 8 777 434 60 85.

Әнуар ЕСҚАРА      

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *