АПТА БАСЫНДА АУДАН ОРТАЛЫҒЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА «AMANAT» ПАРТИЯСЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫ МЕН «ҚАМҚОР» ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ОТБАСЫ. ҚОҒАМ. ЖАУАПКЕРШІЛІК» ТАҚЫРЫБЫНДА АУДАНДЫҚ ФОРУМ ӨТТІ.
Аталған шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық Әйелдер қанатының мүшелері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, облыстық және аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы мен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, облыстық және аудандық полиция мен білім беру мекемелерінің мамандары, студенттер мен оқушылар қатысты.
Шараның шымылдығы аудан бойынша жасөспірімдер арасында жасалған құқықбұзушылық пен қылмыстар желісінде түсірген статистикалық бейнероликпен ашылды. Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Дархан Ермағанбетов форумға қатысушыларды құттықтап, рухани құндылықтар турасында, әсіресе, қоғамда орын алып жүрген келеңсіздіктерге тоқталып, түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстың жүргізіліп жатқанын жеткізді. Одан кейін «Қамқор» отбасын қолдау орталығының басшысы Салтанат Сұлтанова «Отбасы құндылығы – қоғам тұрақтылығының негізі» тақырыбында баяндама жасап, отбасын қолдау орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Шара барысында кең профильді психолог Жанар Жұмаханқызы «Бүгінгі әрекет – ертеңгі нәтиже» атты психологиялық сергіту тренингін өткізіп, мақсат қою, өзін-өзі дамыту және позитивті ойлау дағдыларын қалыптастыру жөнінде баяндама жасады. Жиында цифрлық зорлықзомбылыққа ұшыраған мектеп оқу-шысының берген сұхбаты талданып, әр баланың қауіпсіз өмір сүруге лайық екені, буллингке ұшыраған жағдайда не істеу керектігі айтылды. Сонымен бірге форум аясында облыстық Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының төрайымы Жұмагүл Жұмабаева әлеуметтік желі арқылы алаяққа алданған зардап шегушімен сұхбат құрды. Сұхбат барысында зардап шегуші өз атынан бір мезгілде үш банк арқылы несие рәсімделгенін, соның салдарынан түрлі қысымға ұшырап, күйзеліске де түскенін жеткізді. Дегенмен жедел әрекет етіп, құқық қорғау мекемелеріне хабарласып, өзін жәбірленуші етіп көрсету үшін көп уақыт жұмыстанғанын айтып берді. Сондай-ақ жиналғандарға басынан өткен жағдайға тап болмас үшін маңызды ақпараттармен бөлісті.
Жиын барысында Қандыағаш қаласындағы №1,2,3,4,5 мектеп оқушылары сталкинг, буллинг, тұрмыстық және цифрлық зорлық-зомбылық тақырыбында көріністер қойды. Шара соңында «AMANAT» партиясы Мұғалжар аудандық Әйелдер қанатының жетекшісі Роза Мүсенова форумда қоғам үшін өте маңызды саналатын отбасы құндылығы жөнінде құнды ақпараттардың айтылғанын тілге тиек етіп, қатысушыларға алғысын білдірді.
Н.КЕСІКҚҰЛ
Келесі

