Ақтөбе жаңалықтары

Газ бағасын көтергендерге ұйғарым шығарылды

Облыстағы монополияға қарсы орган сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатушылардың атына 7 ұйғарым шығарды, — деп хабарлайды «Ақтөбе» газеті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Сағындық Ерғалиевтің айтуынша, Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерінің биыл 3 сәуірдегі «Автогаз құю станцияларында автокөлікке құюға арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу туралы» бірлескен бұйрығына сәйкес, облыс аумағындағы автогаз құю станцияларында автокөлікке құюға арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары қосымша құн салығын ескере отырып, литріне 54 теңге шегінде белгіленді. Ал нарықтың кейбір субъектілері сұйытылған мұнай газының сату бағасын шекті бағадан жоғары белгілеген. Осылайша облыстағы «Тілеуғабылов Қ.А.» және «Умбетбаев» жеке кәсіпкерлері литріне 55 теңге, «Қуаныш»,  «Уснадин М.А.» және «Ергазин» сынды жеке кәсіпкерліктері сұйытылған мұнай газының литрін 57 теңгеден, ал «Кишкенебаев» кәсіпкерлігі литріне 60 теңге, «ПромМетГаз» ЖШС литрін 75 теңгеден сату бағасын белгілепті.

Осыған байланысты аумақтық департамент жоғарыда аталған нарық субъектілерінің атына сұйытылған мұнай газы бірлескен бұйрық негізінде белгіленген шекті бағадан асырып сатуды тоқтату және өнімді сату кезінде шекті бағадан алдағы уақытта асып кетпеу туралы ұйғарымдар жіберді.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 162-бабына сәйкес нұсқама толық көлемде орындалмаса, жеке тұлғаларға —  50, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне —  100, орта кәсiпкерлiктегілерге — 360, ірі кәсiпкерлiк нысандарына 1600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

— Егер нарық субъектілерінің іс-әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама нормаларын бұзушылық анықталған жағдайда департамент тарапынан монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылатын болады, — деді Сағындық Ерғалиев.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *