«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Үкімет Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарын бекітті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндама жасады.

Үкімет басшысы Ақтөбе облысы – батыс аломерациясының орталығы, еліміздегі маңызды индустриялық-аграрлық өңір екенін атап өтті. Металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін облыстың айтарлықтай әлеуеті бар.

Кешенді жоспардың 36 іс-шарасын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді, бес жыл ішінде шамамен 5,8 трлн теңге инвестиция тартуға, оның ішінде 1,7 трлн теңге шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысының елді мекендерінде инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары жүзеге асырылатын болады. Өңірде 450 га аумақта түрік инвесторларын тартумен «Gebze» ерекше шарттары бар индустриялық аймағы құрылады.

Жоба 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға және 500 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Тау-кен металлургиясы өнеркәсібінің экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында жеке инвестициялар есебінен Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешенін кеңейту және Мәртөк ауданында титан-цирконий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Деректерді өңдеу орталығын пайдалануға беру және газ өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарлануда. Агроөнеркәсіптік кешендегі 5 жобаны іске асыру арқылы 2026 жылға қарай облыста суармалы жерлердің көлемін 40 мыңнан 100 мың га дейін, ірі қара мал басын 225%-ға, жылқы басын 130%-ға ұлғайту жоспарланған. Ет өндірісі 140%-ға 220 мың тоннаға, сүт өндіру 130%-ға 447 мың тоннаға дейін арттырылады.

Ақтөбе облысының өңіраралық байланысын нығайту мақсатында 525 шақырым республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолы жаңартылады. «Ақтөбе-Орск» және «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» сияқты жобаларды іске асыру Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және елдің батысындағы ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтеді. «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын» және «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомобиль жолдарын одан әрі қайта жаңарту жақсы және қанағаттанарлық жағдайда автомобиль жолдарының үлесін 61%-дан 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағыны мен көрші облыстармен жүк тасымалының ұлғаюы нәтижесінде Ақтөбе облысының тауар айналымы 5 жыл ішінде 1,5 есе артып, 2,3 трлн теңгеге дейін өседі деп күтілуде.

Денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін заманауи инфрақұрылым құрылады. Облыстық көпбейінді аурухананы пайдалануға берумен қатар, өңірде балалар гематологиясының онкологиялық орталығы салынады, сондай-ақ кемінде 25 денсаулық сақтау объектісі күрделі жөндеуден өтіп, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жабдықталады. Облыс бойынша 49 мектеп пен Ақтөбе қаласындағы колледждердің студенттеріне арналған 3 жатақхана салу жоспарлануда.

Жалпы, Кешенді жоспарды іске асыру өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын, табысы мен әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Алдын ала бағалау бойынша, 114 мың жаңа жұмыс орны ашылады, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,6%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері 37%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 21%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 60,7%-ға өседі. ЖӨӨ нақты өсімі 27,4%құрайды. Премьер-Министр бекітілген Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарының шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

primeminister.kz

Ұқсас ақпараттар

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

admin_mugalzhar

201 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПОДАРИ НАДЕЖДУ НА ЖИЗНЬ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.