«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

АДАМЗАТТЫҢ БІРІНШІ БАЙЛЫҒЫ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ ҮШІН БҮГІНДЕ МЕДИЦИНАНЫҢ САН АЛУАН МҮМКІНДІГІ ДАМЫП КЕЛЕДІ. НАУҚАСТАРҒА НАҚТЫ ДИАГНОЗ ҚОЮҒА АРНАЛҒАН АППАРАТТАР МЕН ЛАБОРАТОРИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫҢ ДА ТҮР-ТҮРІ БАР.

ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН ДА ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗУЫМЕН ТҮРЛІ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАНДАРҒА БАРЫНША КӨМЕК КӨРСЕТІЛІП, МҮМКІНДІКТЕР ЖАСАЛЫП ЖАТҚАНЫН ДА ЖОҚҚА ШЫҒАРУҒА БОЛМАС. СОНЫҢ БІРІ — МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН БЕРІЛЕТІН ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК. ӘЙТСЕ ДЕ, АЙТА КЕТУ КЕРЕК, ТЕГІН ДӘРІ НАУҚАСТЫҢ БӘРІНЕ ЖАППАЙ БЕРІЛМЕЙДІ, МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КЕПІЛДІК БЕРІЛГЕН КӨЛЕМІ ШЕҢБЕРІНДЕ ТҮРЛІ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҒЫП, ДИСПАНСЕРЛІК ЕСЕПТЕ ТҰРҒАНДАРҒА ҒАНА ҚОЛЖЕТІМДІ.

Елімізде тегін дәріге 190 млрд теңге бөлінеді

2017 жылдың 29 тамызында Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда тегін мемлекеттік медициналық көмек аясында тегін дәрілік препараттар берілуі жөнінде бұйрық шығарған болатын. Осыған орай, тегін берілетін дәрі-дәрмек тізіміне 264 түрлі препарат кіргізілген. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде тегін дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар үшін бюджеттен 190 миллиардтан астам қаржы бөлінеді екен.

Тегін дәрі диспансерлік есепте тұрған адамдардың диагнозына қарап берілетінін жоғарыда айтқан едік. Олардың ішінде жүректің ишемиялық ауруы, күретамырлы қысымның көтерілуі, аритмия, созылмалы жүрек ауруы, бүйрек жеткіліксіздігі, жасанды жүрек клапндары қойыл-ған адамдар және бауыр циррозы мен созылмалы С вирустық гепатитіне шалдыққандар бар. Одан бөлек мемлекеттік көмекті ойық жаралы колит, крон ауруы, асқазан мен аш ішектің ойық жаралы ауруы, теміртапшылықты анемия, тұқым қуалаған қан ұю ауруы және қант диабетімен ауыратындар ала алады.

Науқасқа тегін дәрі-дәрмекті берудің де өз ережелері мен жолдары бар. Ол үшін науқас емханада тіркеліп, диспанцерлік есепте тұруы қажет. Содан кейін денсаулық сақтау министрі бұйрығында көрсетілген аурулар тізімімен анықталып, учаскелік дәрігер немесе профильді медициналық ұйым маманының көмегіне жүгінеді.

Дәрі-дәрмек науқасқа бір мәрте беріледі. Оның мөлшері қабылдау мерзіміне сай есептеліп отырады. Ұзақ уақыт бойы емделетін науқастар мұндай көмекті ай сайын алуына болады.

Дәрілерді медициналық ұйыммен келісім-шартқа отырған дәріханалардан алудың да жолы қарастырылған. Ол үшін дәрігер жазып берген рецептпен бірге жеке басын куәландыратын құжат ұсыну қажет. Ақпараттық жүйеде рецепттің жазылған уақыты мұқият тексеріледі. Мерзімі өтіп кеткен рецепттер бойынша дәрілерді беруге рұқсат етілмейді.

Айта кету керек, 2021 жылы Мұғалжар ауданы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 152 миллион теңге бөлінген.

Ана мен балаға көмек бар

Елімізде дүниеге келген сәбиге медициналық дәрі қобдишасы таратылады. Сонымен бірге бір жыл бойы анасының жағдайына байланысты балаға ана сүтін алмастырушы тағам беріледі. Жаңа туған сәбилерге арналған дәрі қобдишасында жасыл дәрі (зеленка), 3% сутегінің асқын тотығы, мақта, дәке, балалар ұнтағы, вазелин, йод, клёнка, дәрі тамызғыш, кішкене груша, марганец ерітіндісі, емізік болады. Ал нәрестелерге арналған сүт қоспасы балалар үйінен бала асырап алған жағдайда, 2 немесе 3 бала туылған жағдайда, анасы оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті болса, анасы стационарлы бөлімде емдеуде болса, сүт жетіспеушілігі расталса, галактоземия, фенилкетонурия, «Кленовый сироп» ауруы, анасы туберкулездің ашық түрімен, ВИЧ/СПИД қауіпті жұқпалы аурулармен ауырған жағдайда тегін беріледі.

Диспансерлік есепте — 8825 адам

Бүгінгі таңда ауданда дертіне шипа іздеген жанның қарасы көп. Олардың ішінде созылмалы дерттің түрі кеңінен таралған. Ембі және Мұғалжар аудандық ауруханаларында жалпы саны 8825 науқас есепте тұр. Оның 2042-сі балалар. Олар үнемі медицина мамандарының жіті бақылауында болады. Оның ішінде тұрақты түрде тегін дәрі-дәрмек алатын азаматтар да баршылық. Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша тегін дәрімен қамтамасыз етуге 2021 жылы бюджеттен 120 млн, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 6 млн теңге бөлінген

Созылмалы дерттің алдын-алу мақсатында МӘМС жүйесі бойынша қосымша дәрі-дәрмек қоры жасақталып, тұрғындардың аурушаңдық деңгейін азайту көзделген. Ол туралы Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанна Тәжімұратова айтты.

— Жоғарыда айтылған 8825 адамның 6571-і Мұғалжар аудандық ауруханасында «Д» есепте тұр. Оның 4863-і ересек адам, 1708-і балалар. Мемлекет тарапынан қашан да балалар мен ересек адамның өмір сүру ұзақтығын жақсарту мақсатында нақты бағдарлама қабылданып келеді. Науқастарға ай сайын тегін дәрінің берілуі — тұрғындар үшін едәуір көмек. Мұндай бастаманың игілігін жұртшылық сезінгенде, ұлт саулығы едәуір жақсарады деп ойлаймын. Тегін дәрі-дәрмекті азаматтар жас ерекшеліктеріне қарай емес, ауру деңгейіне қарай береміз. Халықтың әлеуметтік тұрмысын ескере отырып, ағза алмастырған кей науқасқа қымбат тұратын дәрі-дәрмек жоспарлы түрде беріліп отырады. Тегін дәрі-дәрмек жөнінде халықты ақпараттандыру үшін Мұғалжар аудандық ауруханасының әлеуметтік желідегі парақшаларында әртүрлі бейне роликтер мен слайдттар салып отырамыз. Сонымен бірге емханада арнайы стендер және теледидарда бейне роликтер қосылып тұрады. Диспансерлік есепке алғаш рет алынған науқастарға толықтай түсін-дірме жұмыстары жүргізіледі, — дейді Жанна Жақсыбергенқызы.

Тегін дәрі үшін 6933 рецепт жазылды

Ембі аудандық ауруханасының «Д» есебіне 2254 науқас тіркелген. Оның 1920-сы ересек адамдар, 334-і балалар саны. Оларды тегін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралдармен қамтамасыз ету үшін 2021 жылы бюджеттен жалпы құны 26 млн теңге бөлінген. Осы жылдың басынан бастап амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету мақсатында 6933 рецепт жазылған.

— Тегін және жеңілдікпен босатылатын дәрілік заттармен қамтамасыз ету бағдарламасы 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы бағдарламаның арқасында аурулары бойынша диспансерлік есепте тұрған Ембі аумағына қарасты тұр-ғындары дәрілік заттарды алуға мол мүмкіндік алды. Жаңа туылған нәрестелерге дәл қазіргі таңда «Нәресте» жасанды сүт қоспасы беріліп жатыр. Алайда барлық балалар арнайы балалардың жасанды тамағын ала алмайды. Дәрі қорын препараттардың сақтау мерзіміне қарай жаңғыртып отырамыз. Сонымен қатар учаскелік дәрігерлер қажетті деген дәрі-дәрмекті дәріхана қызметкерлерімен бірлесе отырып қосымша тапсырыс беріп, қорды толықтырып отырады, — дейді Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев.

Сондай-ақ ол тұрғындарды тегін дәрі-дәрмектің берілуі туралы ақпараттандыру жұмыстарын учаскелік дәрігерлер үздіксіз жүргізіп отыратынын айтып, аурухананың инстаграм парақшасында да ақпараттық материалдар жарияланатынын жеткізді.

— Ауданда тегін дәрі таратылатын науқастар саны жыл сайын артып келеді. Қан ауруларының ауыр түрлері, онкологиялық қатерлі ісік аурулары, психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннан кейінгі ауыр депрессия), бүйрек ауруларының ауыр түрлері, туа бітті жүрек аурулары, анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауыруы, эндокриндік аурулардың ауыр түрлері, аллергиялық ауруардың ауыр түрлеріне де тегін дәрі-дәрмек беріледі, — деді бас дәрігер.

ТЕГІН ДӘРІ — НАУҚАС ҮШІН ҮЛКЕН КӨМЕК

Бүгінде ай сайын тегін дәрі-дәрмекке зәру аудан тұрғындарының қатары көп. Солардың бірі — 20 жылдан бері созымалы қан қысымы, жүрек ауруы және демікпе дертіне шалдыққан Аруин Омаров. Ол дәрігер жазып берген рецепт бойынша қажетті препараттарды Мұғалжар аудандық емханадағы аптекадан тегін алады.

— Жас кезімізде денсаулықтың қадірін біле бермедік. Бүгінде жасым 68-де. Мұғалжар аудандық ауруханасында диспансерлік тіркеуде тұрғаныма ұзақ уақыт болды. Жастықтан болар ертеректе берген дәрілерді ішпейтінбіз. Қазір дәрісіз отыра алмаймыз. Біз секілді денсаулығы нашар науқастарға қамқор болып, тегін дәрі беріп жатқандарына ризамыз. Емханадағы дәрігерлер үш ай сайын тексеріп, анализ тапсыртып, қажетті ем-домдарын жасап, ай сайын тегін дәрі-дәрмегін беріп отырды, — деді Аруин Омаров.

Қандыағаш қаласының тұрғыны Манар Байдуллинаның баласы Нұртілек Мұратұлы туа бітті ДСП ауруына шалдыққан. Ол 10 жасар баласын аяғына тұрғызу үшін бармаған дәрігері, қақпаған есігі қалмағанын айтады. Тіпті көршілес Ресей елінің білікті деген дәрігерлеріне де апарып көрсеткен. Алайда еш нәтиже бермеген.

— Мемлекет тарапынан түрлі көмектер алып тұрамыз. Соның бірі — тегін дәрі-дәрмек. Медициналық түрлі бағдарламалармен жыл сайын портал дайындап, ем қабылдаймыз. Балам әлсін-әлсін талып қалмауы үшін емханадан алған дәрілері-мізді уақытымен ішіп отырамыз. Дәрілердің тегін берілгені біз үшін үлкен көмек болып отыр. Бар арманым балап аяғына тұрып, сөйлеп кетсе екен деймін, — дейді Манар апай.

Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан 35 жастағы Марал есімді келіншек те ай сайын емхана дәріханасынан қажетті дәрі-дәрмегін тегін алып отырады. Сондай-ақ үнемі дәрігердің қадағалауында болып, 3 ай сайын қан және зәр талдауын жасатады.

— Нефротикалық синдром ауруына шалдыққаныма 2 жылдан астам уақыт болды. Бүгінгі таңда жағдайым жақсы. Аудандық аурухананың дәріханасынан сырқатыма байланысты Метипред және Селсепт дәрісінің аналогы Микоп препаратын тегін алып отырмын. Аталған дәрілер өзге дәріханаларда арзан тұрмайды. Қымбат дәрілерді біз секілді қарапайым халықтың қалтасы көтере алмайтыны анық. Бұл — науқастар үшін үлкен көмек болып отыр. Осындай игі істердің жүзеге асып жатқаны еліміздің медицина саласына үлкен мән беріп, халықтың саулығы үшін жүйелі жұмыс жасап жатқанының көрінісі деп білемін, — дейді Марал Ізбасарқызы.

P.S. ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕККЕ ҚАТЫСТЫ ТОЛЫҒЫРАҚ АҚПАРАТТЫ «ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ» ПОРТАЛЫНАН ТАБУҒА БОЛАДЫ. АЛ БАСҚА ДА АҚПАРАТТАРДЫ 8 800 080 88 87 НӨМІРІНЕН АЛУҒА МҮМКІНДІК БАР.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АУДАНДА 27 524 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРДЫ

admin_mugalzhar

Кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті қалай реттеуге болады

admin_mugalzhar

Қазақстан пандемияға дайындықты бастады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.