«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАНДА 51 КӨШЕ САЛЫНДЫ

АУДАНДАҒЫ 3 ҚАЛАДА 32 КӨШЕ АСФАЛЬТТАНҒАН

Аудан орталығы Қандыағаш қаласы 1967 жылы шағын ғана Октябрь қаласы болып құрылған. Ол кез Кеңес үкіметінің дүркіреп тұрған уақыты еді. Сол уақыттан бастап қаланың экономикалық және әлеуметтік жағдайы жақсарып, бірнеше өндіріс орындары ашылып, дамудың үлкен үдерісінде болды. 1970-1980 жылдары Шилісай кен орны шағын қала шетінен жұмысшыларға арнап көпқабатты тұрғын үйлерді тұрғызды. Тұрғын үйлермен қоса, көлік құралдары үшін көшелерге тасжолдар төселді. Кеңес үкіметі тарап, 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан жаңадан бой көтеруді, соның аясындағы қиындықты басынан өткерді. Халық жаппай еңбекақылары мен зейнетақыларын ала алмай жүргенде, автокөлік жолдарының қараусыз қалуы да заңдылық тәрізді еді… Содан бері 30 жыл уақыт өтті. Осы жылдар аралығында шағын қала 70 мыңға жуық тұрғыны бар үлкен шаһарға айналды.

Бүгінде Қандыағаш қаласында жалпы саны 57 көше бар. Олардың 24-іне тасжол төселген. Айталық, 2016 жылы Ер Едіге көшесіне, 2017 жылы Н.Орынбасаров, А.Жұбанов, Теміржолшылар, С.Шынтасов, Е.Қодаров көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол салынды. Сонымен бірге «Жастық» мөлтек ауданындағы Қандыағаш қалалық №4 мектептің алдынан барып Е.Баймұхамбетов көшесіне қиылысатын автокөлік жолы салынып, айналма жол пайдалануға берілді. 2018 жылы «Достық» мөлтек ауданындағы, «Тәуелсіздік» даңғылындағы және А.Иманов көшелері толығымен жөндеуден өтті. Н.Қаржаубаев, А.Қалиев, Ө.Қалыбаев көшелеріне автокөлік жолдары 2019 жылы салынды.

— 2020 жылы қала шетінен бой көтерген шағын аудандар — «Болашақ» пен «Самалға» жаңадан жол төселді. Сонымен бірге сол жылы Н.Байғанин, Т.Байкунов, Е.Баймұхамбетов, Ю.Гагарин, Ж.Жабаев, Есет батыр, А.Жұмағалиев, С.Сейфуллин көшелерінің жолдары қайта жөнделіп, пайдалануға берілді. Ал 2021 жылы Т.Айбергенов көшесіне тасжол төселді. 2016 жылы «Жастық» және «Достық» мөлтек аудандарына 6 км болатын жаяу жүргіншілер жолдары салынды. 2020 жылы қала аумағындағы 25 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілді, — деді Қандыағаш қаласының әкімі Тал- ғат Өтемұратов.

Халық саны жағынан үлкен қалалардың бірі — Ембі қаласы. Ол бұрынғы Мұғаджар ауданының орталығы. 1997 жылы Мұғаджар және Октябрь аудандары біріктіріліп, Мұғалжар ауданы аталды. Аудан орталығы деген мәртебесі алынып қалғаннан кейін қаланың тұрмысы тұралап, жағдайы шатқаяқтаған еді. Бүгінде еліміздің моноқалаларды дамытуға арналған түрлі бағдарламаларының арасында Ембі қаласының тамырына қан жүгіріп, жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Ембі қаласының 11 мыңнан астам тұрғыны 51 көшені мекен етіп тұрып жатыр. Бүгінде аталған 51 көшенің 8-іне ғана тас жол төселген. Олар — Ж.Әміров, Есет батыр, З.Бралов, З.Елубаев, Жем, СМП, Ғ.Жанесов, А.Құнанбаев көшелері.

Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай алдағы уақытта 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін, бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрғанын жеткізді.

2016-2018 жылдары Ембі мен Жем қалалары арасындағы 9 шақырым жол жөндеуден өткен. Бүгінде Жем қаласындағы көшелердің саны — 12. Бұл көшелер бұрынғы Ембі-5 әскери қалашығының заманынан бері жөндеу көрмеген. 2022 жылға Әйтеке би, Бейбітшілік, Ю.Гагарин көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр.

ОКРУГТЕРДЕ 19 КӨШЕГЕ ТАС ЖОЛ САЛЫНДЫ

Бүгінде ауылдық округтерде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі — автокөлік жолдарын салу. Үстіміздегі жылы Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылында жалпы ұзындығы 5275 шақырым болатын 5 көшенің жолын асфальттауға бюджеттен 220 млн теңге бөлінген. Н.Қаржаубаев пен Мектеп көшесінің жөндеу жұмыстарын «Ntiger» ЖШС-і жүргізді. Ал ұзындығы 0,58 шақырым Жастар көшесін «Сақ групп» ЖШС-і салған. Ұзындығы 835 метр болатын Жеңістің 40 жылдығы көшесі мен ұзындығы 1620 шақырым Саға көшесінің жөндеу жұмыстарын «Тенгри Строй Инвест» ЖШС мекемесі жасаған. Бүгінде жөнделген жолдарға жаяу жүргіншілер үшін жол ережелерін сақтау, ауыл ішіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол белгілері орнатылған.

Қандыағаш қаласымен іргелес жатқан ауылдардың бірі Жұрында жалпы саны 19 көше бар. Оның 3-еуіне асфальт төселген. Олар — Кеңес Одағының батыры Мәлкеджар Бөкенбаев көшесі, Сейдулла Батпенов, Желтоқсан көшелері. Ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев 2022 жылы Жанқожа батыр, Ә Молдағалиева, Хайрулла Құрманалин, Абай Құнанбаев, Ахмет Жұбанов көшелеріне тас жол төселетінін мәлімдеді. Бүгінде арнайы жол белгілері қойылып, мал өтетін жерлерге арнайы белгілер жасалған. 2022 жылға Жанқожа батыр көшесіне жаяу жүргіншілерге арналып арнайы жол (тротуар) салынады деп жоспарланып отыр. Ауылдық округке қарасты Көлденең-темір ауылындағы Достық көшесі, Көбелей ауылындағы Астана және Орталық көшелері, №53 бекетіндегі Теміржолшылар көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының бойында орналасқан Ақкемер ауылдық округінің орталығы Ақкемер ауылында жалпы саны 9 көше бар. Бүгінде оның 6 көшесіне тас жол төселген. 2020 жылы Х.Меңді- ғұлов, Әйтеке би, Е.Көкіұлы. Көтібар Басенұлы көшелеріне жаңадан жол салынған. Ал 2021 жылы Ақкемер ауылына кіреберіс жол толығымен жөнделген. Округке қарасты Елек ауылындағы 3 көшеге, Көтібар батыр ауылындағы 2 көшеге, Көктөбе ауылындағы 2 көшеге тас жол төселмеген.

Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылында жалпы саны 11 көше бар. Қазіргі таңда Абай Құнанбаев, Әлия Молдағұлова, Ахмет Жұбанов, Жеңіс, Сақтаған Бәйішев көшелерінің автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтіп, арнайы жол белгілері қойыл- ған. Алдағы уақытта Сағашилі және Басшилі ауылының арасындағы көтерме жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде.

Құмсай ауылында жалпы саны 7 көше бар. Ауыл әкімі Асылбек Тұғыровтың берген мәліметі бойынша, бүгінде ауыл көшелері асфальтталмаған. Себебі бүгінде ауыл арасында су, газ желілерінің жүргізілуіне байланысты жер қазу жұмыстары жасалып жатыр. Барлық жұмыс толығымен аяқталғасын көшелерге тас жол төселетін болады.

Бүгінде сметалық құжаттары дайындалып, ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп отырған ауылдардың бірі Егіндібұлақ ауылының орталығы Бұлақты ауылы. Аталған ауылдың орталық көшесі К.Полтинников және Т.Алдабергенов пен Қаракөл көшелеріне 2022 жылы жаңадан жол төселеді деп жоспарланып отыр.

Құрамында төрт елді мекен кіретін Құмжарған ауылдық округі бойынша жалпы саны 14 көше бар. Бұл көшелердің барлығына да асфальт жол төселмеген. Алдағы уақытта округ орталығы Бірлік ауылындағы 5 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Мұғалжар ауылында 10 көше бар. Қазіргі таңда бес көшені жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Келер жылы жасалады деп жоспарланып отыр.

Ал Қайыңды ауылдық округінің орталығы Қайыңды ауылында Кеңес үкіметі кезінде салынған жолдарға бүгінгі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Алдағы уақытта екі көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттар дайындалуда. Осы округке қарасты Алтында ауылында 9 көше бар, алайда бұл көшелер де жөндеу көрмеген.

Болашақта салынатын жолдардың еншісіне Талдысай ауылдық округінің орталығы Талдысай ауылындағы 3 көше, Еңбек ауылындағы 1 көше кіреді. Ауыл әкімі Қазбек Аққайыр Сағашилі-Талдысай-Еңбек ауылдарының арасындағы көтерме жолдарды жөндеуге тиісті құжаттарды дайындап жатқанын айтты.

Жұбанов ауылдық округіндегі Қаракөл ауылындағы 13 көше мен Жаңатұрмыс ауылындағы Ағайынды Жұбановтар көшесіне, Ащысай ауылдық округіне қарасты барлық елді мекендердегі көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары газ және су құбырлары толығымен тартылып болғаннан кейін жүргізілмек.

ТҮЙІН: Мақала дайындау барысында қала және ауылішілік жолдарға көңіл бөлініп, тас жолдың төселіп жатқанына куә болдық. Дегенмен аудан аумағындағы елді мекендер арасындағы қатынас жолдары сол баяғы «жайдақ» күйінде жатыр. Аудандық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары алдағы уақытта Жұрын-Қаракөл-Ащысай, Қандыағаш-Жарық, Сағашилі-Талдысай, Елек-Ақкемер, Ақкемер-Көтібар ауылдарының арасын асфальттау жоспарда барын жеткізді. Ал оның орындалуы уақыттың еншісінде…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

20-22 шілде – Құрбан айт мерекесі – құрбан шалу тәртібі қандай?

admin_mugalzhar

ПРОБАЦИЯ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАН 6 АЗАМАТ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖҮРГІЗДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.