Борышкер мұғалжарлықтардан 2 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілді

0
3559

Ауданда бір айға созылған «Борышкер» жедел алдын алу шарасы аяқталуға таяп қалды. Аталмыш акция барысында айыппұл төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерден 1 млн 755 427 теңге өндірілді.

«Борышкер» профилактикалық іс-шарасының мақсаты – әкімшілік айыппұл салу туралы қаулылардың орындалу тиімділігін арттыру арқылы борышкер азаматтардан қарыздарды өндіріп алу. Жалпы аудан бойынша биылғы жылы 21 млн 387 666 теңге көлемінде айыппұл салынған. Акциядан тыс айыппұлдардың осы уақытқа дейін 14 млн 675 312 теңгесі төленді. Бүгінде «Борышкер» акциясын жүзеге асыру мақсатында Ембі, Қандыағаш қалаларында екі топтан және Жаңажол ауылында бір топ жұмыс істеуде. Жедел алдын алу шарасына жеке сот орындаушылар, аудандық ішкі істер бөлімінің жол патрульдік полициясы және аудандық прокуратура өкілдері жұмылдырылды.

Жұмыс топтары жүргізген іс-шараның нәтижесінде қазіргі күні айыппұлдың 1 млн 755 427 теңгесі өндіріліп алынды. Сонымен қатар, 9 автокөлік айыппұл тұрағына қамалынып, 204 адамның мекен-жайына ескертпе хабарламалар жолданды.

Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзған әрбір азамат өзінің бережағын ұялы телефондағы «Play market» пен Qamqor базасын жүктеп алу арқылы тексере алады. Ал төлеген жағдайда міндетті түрде банктерден алған түбіртектерін аудандық ішкі істер бөліміне тапсыру қажет. Әйтпесе, олар борышкерлердің қатарынан алынбайды.

Алтын СҮЛЕЙМЕН