Дәрігерлердің коронавирус жұқтыруы неліктен көбейіп кетті – ДСМ себебін түсіндірді

0
166

Қазақстанда медициналық қызметкерлердің арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру фактісі неліктен өршіп кетті? Бұл сұраққа ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда коронавирусты жұқтыру жағдайы неліктен медицина саласының қызметкерлері арасында өршіп барады? Осы мәселені Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты департаменттері зерттеген болатын. Мәселен бұл ретте алғашқы жағдай Алматы қаласындағы балалардың инфекциялық ауруханасында тіркелді. Сондағы аумақтық департаменттің мәліметіне сәйкес онда медицина қызметкерлері стационарда тәулік бойы жүрген. Яғни дәл сол кезде ауысымнан кейін дәрігердің тұратын әрі демалатын орыны жасақталмаған. Осылайша дәрігерлер амалсыз стационарда қалуға мәжбүр болған», – деді Людмила Бюрабекова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар дәрігерлердің жұмыстан шаршауы, жұмыстың 10 сағатқа созылуы, кей жағдайда жеке сақтық құралымен қамтылмауы немесе оны дұрыс пайдаланбау жағдайлары да анықталған.

«Қарағанды облысында да жұмыс режимінің бұзылу фактісі тіркелді. Яғни дәрігерлер жұмыс орнында тәулік бойы болған. Ондағы дәрігерлердің де кейбірі жеке сақтық құралдарымен және дезинфекциялық құралмен қамтамасыз етілмеген. Атырау облыстық ауруханасында COVID-2019 ауруы бойынша күдікті болып түскен аяғы ауыр әйелге дәрігерлер лайықты деңгейде абайлап қарамаған. Медицина қызметкерлері осылайша өзін қорғау тәртібін орындамаған. Нұр-Сұлтандағы коронавирустың ошағы саналатын үш медициналық ұйымдағы (ондағы дәрігерлер коронавирус жұқтырған пациенттерді емдеуге жұмылдырылмаған) дәрігерлер басқа жерде коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болған», – деді ол.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен дәрігер-инфекционисттің шағымы бойынша «Мерке» емханасына тексеру жүргізілген.

«Шағым бойынша түскен факттардың бәрі де расталды. Аталған тексерістің қорытындымсы бойынша Жамбыл облысының басшылығы емхананың басшысы мен бас есепшісіне қатысты шара қабылдады. Сол секілді басқа өңірлерде де қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан, істерді сот органдарына жібердік. Алматыдағы департаменттің тексеру қорытындысымен сот органдарына 6 жеке медициналық ұйымның лицензиясын тоқтату туралы шағым берілді», – деді ол.

Оның айтуынша медициналық қызметкерлердің арасынжа вирус жұқтырудың басты себептері – медициналы ұйым басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың персоналды қорғау шараларын орындамауы, атап айтқанда жеке қауіпсіздік құралымен, дезинфекциялық құралмен қамтамасыз етпеу, нұсқаулықтарды дұрыс жүргізбеу, нысандардың техникалық жай-күйі (таза және лас аумақ деп бөлінбеуі), еңбек режимінің бұзылуы, сондай-ақ қауіпсіздік құралдарын дұрыс пайдаланбау (кию, шешу). «Карантин нысандарында медициналық қызметкерлердің демалу жағдайларының шарты мемлекеттік комиссияның хаттамасында нақты көрсетілген болатын. Алайда бұл тапсырма бүкіл аймақ орындамай отыр. Тек үш өңір – Ақтөбе, Жамбыл және БҚО облыстары медициналық қызметкер үшін осындай жағдайды жасауда», – деді ол.