Қытайда бір тәулікте үш адамнан ғана коронавирус табылды

0
177

ҚХР Гигиена және денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мәліметінше, кеше құрлықтық Қытайда коронавирус жұқтырған 3 жаңа жағдай анықталған. 80 науқас емделіп шықты, қайтыс болу жағдайы тіркелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

3 жаңа жағдайдың екеуі сырттан әкелінсе, біреуі жергілікті жерден шыққан. Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясында тіркелген. Коронавирустың сырттан әкелінген жағдайларының жалпы саны – 1636.

Бұдан бөлек, өткен тәулікте симптомсыз 25 жаңа жағдай анықталды. 974 симптомсыз науқас медициналық бақылауда.
Тұтастай алғанда, соңғы деректер бойынша ҚХР-да коронавирус жұқтырудың расталған фактілерінің жалпы саны – 82 830. 4633 адам вирустан көз жұмса, 77 454 адам сауығып ауруханадан шықты. Қазіргі уақытта 723 пациент медициналық мекемелерде ем қабылдауда. 52 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланған.

COVID-19 эпицентрі болған Ухань қаласында 26 сәуірдегі жағдай бойынша коронавируспен ауыратын науқастар қалмаған. Мұндай мәлімдемені өткен жексенбіде Бейжіңде ҚХР Гигиена және денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының ресми өкілі жасады.