«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қазтай ТЫНЫШТЫҚОВ: «ЕҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС КҮНІ ЕСІМДЕ…»

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ТЫНЫШТЫҚОВ ҚАЗТАЙ АҚСАҚАЛ 75 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТУҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН ЖАННЫҢ БІРІ. ОЛ ОТАН ҚОРҒАУҒА АТТАНҒАНДА, ЖАСЫ18-ДЕ ЕКЕН. МАЙДАН ӨТІНЕН ЖАНЫ АМАН ОРАЛҒАНЫМЕН, ОРНЫ БІТПЕС ЖАРАДАЙ ЖҮРЕГІН СЫЗДАТҚАН СОҒЫС СҰМДЫҚТАРЫМЕН ТӘН ІНЕ ҚАДАЛҒАН СНАРЯД ЖАРҚЫНШАҒЫ СОЛ КҮНДЕРДІҢ ЫЗҒАРЫН ЕСТЕН ЕШ ШЫҒАРТҚАН ЕМЕС. ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА СҰРАПЫЛ СОҒЫСТАҒЫ ӨЗІ ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛДАРЫН АРДАГЕРДІҢ БАЯНДАУЫМЕН ҚАҒАЗҒА ТАҒЫ БІР МӘРТЕ ТҮСІРДІК…

«1942 жылдың қыркүйек айында бұрынғы Ключевой ауданының (қазіргі Алға ауданы — ред.) «Пролетар» совхозынан 12 жігіт болып әскерге алындық. Бәріміз жаспыз. Тіпті, соғыс қаупін ол кезде түсініпте үлгермеген болармыз, сірә… Әскерге менімен қатар уақытта әкемде алынды. Бірақ, әкемнің жасының ұлғайғанын ескеріп, еңбек армиясына жіберген. Сол кеткеннен әкем хабарсыз кетті. Сонымен, 1942 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін Башқұртстанның Уфа қаласында орналасқан оқу-жаттығу лагерінде 3 ай дайындықтан өтіп, одан кейін Ленинградқа аттандық. 1943 жылдың 1 қаңтарынан 15 сәуіріне дейін жаяу әскер қатарында Ленинградты қорғауға қатыстым. Тарихқа»Ленинград шайқасы» деген атпен енген бұл кезең қала халқы үшінде, оны қорғап тұрған әскерилер үшінде аса ауыр уақыт болды.

Бір бөлімшеде 11адам болып, блиндажда тұрдық. Сол жерден фашисті көзімізбен көрмесекте, жағадан алғысы келген жаудың екпіні сезіліп-ақ тұратын. Ауық-ауық біз тұрған жерге листовка тастап, «бізге өтіңдер, ақ нан жейсіңдер, жеңіс біздікі болады» деп үгіттейтін. 1943 жылдың сәуір айының екінші жартысында біздің ротаны Калинин облысына жіберді. Онда мамыр-шілде айларында тағы оқу-жаттығудан өттік. Содан кейін тамыздың 1-нен 31-не дейін 30 күн бойы күніне 75 шақырып жаяу жүріп, Воронеж қаласына жеттік. Әлі есімде, жаяу жүріп кележатқан әскердің қарасы шамамен 1 шақырымға же-тетін еді. Қалада біздің алдымызда немістер болып кеткен екен, бәрі қирап жатыр, көпірлердың талқаны шыққан. Воронежден 40 адам 3 танкіге тиеліп, батысқа бет алып, Степной шабуылына кірдік. Сол шайқаста 3 танкіде өртке оранып, 40 әскерден бар болғаны 11 адамғана тірі қалдық.

Кейін жаңадан әскер келіп, қатарымыз қайта толыққаннан кейін Курскі доғасына келдік. Шілденің 7-сі күні автоматшылар взводы құрылып, мен сонда өттім. 70 жігіттен тұратын взводты қырғыз жігіті басқарып, сол бойда шайқасқа ендік. Екі жақтан 250-ге тарта танкілер қатысқан, «Курск іиіні» деген атпен белгілі болған шайқас кейін білгеніміздей 2 айға жуық уақытқа созылған екен. Жаналысып, жан беріскен шайқаста адам шығыныда көп болды. Сол жерде жаудың траншея-сыналу керек деген бұйрық келді. 70 адам командиріміздің бастауымен шабуылға шықтық. Өздеріне 50 метр қалғанша фашистер автоматпенде, пулеметпенде атып, оқты қарша боратты. Бәрі күні кешегідей көз алдымда… Айнала түк көрінбейді, пулеметтің даусы, оқтың иісі, қаруластарымның айқайы… Таңатқаннан кешке дейін болған шайқаста командирден айырылып, ақыры траншеяны алып, 70 адамнан тоғы-зымыз ғана аман қалдық. Қанды соғыстың бір шайқасы осылай талай боздақтың өмірін қиды…

1943 жылдың 3 қазанында Курскіден Днепрге жеттік. Күндіз өте алмай, 3-нен 4-не қараған түні қарша бораған оқтың астында Днепрден өттік. Сол жерде сол аяғыма снарядтың жарқыншағы тиіп, жеңіл жарақат алдым. Дәл сол уақытта «біткен жерім осы шығар, неміс жақ бетте қалдым-ау» деген ой келді. Бірақ, арғы бетке өткен бойда, санитар қыздар аяғымды асығыстаңып, келген жаққа қайта өткізді. Сол кездегі қуанғаным есімде… Сода санитарлық пунктте бірнеше күн жатып, қайта соғысқа қосылдым. Аяқтағы жарқын-шақты алатын ол сәтте уақытта, мүмкіндікте болмады. Аяғымды 2-3 күн сайын өзім байлапаламын. Сөйтіп байлап отырған бір күні қозғалыстан болар, аяқтағы еттің арасынан шығып, көрініп тұрған снаряд жарқыншағын көзім шалды. Ол кезде әр солдаттың ине-жібі болады. Сол жіппен қоршап байлап отырып, тартып, аяқтағы темірді өзім алып тастағанмын.

1943 жылдың қазанынан бастап 1944 жылдың қаңтар айларында II Украин майданы сапында болып, Кривой Рог, Кременчуг, Кировоград, Житомир қалалары маңында соғыстық. 1944 жылдың қаңтарының ортасынан ауа Житомирден Белоруссияның Могилев қаласына бардық. Ал, 30 қаңтарда Рогачев ауданының маңында тамағым мен жамбасыма снарядтың жарқыншағы тиіп, ауыр жарақат алдым. Мені пойызбен Дағыстанның Махачкала қаласына әкеліп, ол жерде госпитальда 6 айдан аса уақыт ем алдым.

1944 жылдың тамызының аяғында 2-ші топ мүгедектігін алып, елге оралдым.

2 жылдан аса уақыт жаяу әскер сапында автоматшы, пулеметші, снайперші болып, фашистпен күрескен мен үшін бұл соғыс осылай аяқталды. Бұл жылдар бейбіт өмірдің қадірін көрсетті, әр күнді бағалауды үйретті, шүкірге шақырды…

Соғыстан естеліктей алып келген денемдегі жарқыншақтар сыздап ауырып, соғыс сұмдығын ұмыттырған емес. Келгеннен кейін 3-4 жылдан кейін жамбастағы жарқыншақ өзі түсіп қалды. Ал тамақтағысы әлі тұр. Даусым дұрыс шықпаса да, тән жарасынан жан жарасы азап тарттырса да, қарап отырмадым. Елге келе, еңбекке араластым. Алдыма қой салып, шопанның таяғын ұстадым. Жұрын совхозын құруға қатыстым. «Ақтөбе» совхозынан әкелінген 150 бас қашар, «Темір» совхозынан жеткізілген 1 отар қой, «Пролетар» совхозынан мен баққан 800 қой және Балым Бірімова баққан жылқылармен құрылды ғой ол кездегі Жұрын совхозы. Бұл — 1944 жыл еді. Совхозды аты есімде жоқ, бір кәріс жігіті басқарды. Сол совхоздан 3 Еңбек Ері, 3 партия хатшысы шықты. Кейін біз құрған Жұрын совхозы тарап кетіп, арада бірнеше жыл өткесін, Жоғарғы кеңеске депутат болған еңбек ері, «Алтын жұлдыз» иесі Б.Бірімованың елеулі үлесімен қайта құрылды. Мен осында адамдармен жұмыстас болып, өмірлік және кәсіби тәжірибе жинадым.

Соғыста «Сталиннің бұйрығы» деп орындаймыз ғой тапсырманы. Бірақ, ол кісіні тек ол өмірден өткеннен кейін ғана көрудің сәті түсті. 1954 жылы Вернер Иван, Құлов Ершуақ үшеуміз Мәскеуге ауылшаруашылық көрмесіне бардық. Сонда мавзолейге арнайы соғып, Ленин мен Сталинді көрдік. Ленин кішкентай ғана болып жатыр екен. Ал Сталиннің сол жатқанда да денесі ірі, түрі сұсты екені есімде қалыпты.

Өмір жолымды адал жүріп өтуге тырыстым. Еңбекпен достастым. Қолымнан кетпенім мен шалғымды тастамадым. Бүгін жасымның 97-ге қараған шағында күш-қуатымның бойымда болуы — осы еңбектің арқасы деп білемін. Әр жыл сайын мамырда Жеңіс күнін тойлайды ел. Ал менің есімнен 75 жыл бұрынғы Жеңіс күні кетер емес…

Ол кезде соғыстан жаралы болып оралып, еңбекке араласып, малдәрігерлік курста оқып жүрген кезім. Ауылға 1 айлық практикаға келіп, кейін қайтып бара жатқанбыз. Жолда Ембі стансасына келгенде, перрон толы халық, у-шу, біреу жылап, біреу күліп, біреу ән айтып жатқанының үстінен түстік. Сөйтсек, Жеңіс екен. Фашистерді тізерлетіп, Отанды жаудан азат етіппіз! Қуанышта шек болмады. Әсіресе, біз тәрізді оқтың иісін иіскеп, өлім мен өмірдің арпалысын көзімен көріп қайтқан жандарға бұл Жеңістің қадірі зор еді.

Содан бері 75 жыл өтіпті…

Өмір бір орнында тұрмайды. Кешегі күндер өткеннің көлеңкесінде көмескіленіп, санада сарғайса да, ешқашан ұмытылмайтын нәрселер де болады екен.

75 жылдан бері кейінгі ұрпақ сол соғысты кинодан көріп, кітаптан оқып келеді. Солай болып қалса екен деп тілеймін. Оларға ешқашан өз көздерімен біз көргенді көру жазбасын! Бүгінгі ұрпақ — бақытты. Сол бақтары еселеніп, ашық аспан астында өмір сүрсін, лайым!»

P.S. Қазтай қарт соғыстан кейін Таразы Дүйішқы-зымен отасып, 5 бала тәрбиеледі. 1988 жылы жары өмірден озғаннан бері кенже бала-келінінің қолында Ембі қаласында тұрады. Әр жыл сайын Жеңіс күнін орден-медальдарын өңіріне тағып, қатары сиреген қаруластарын еске алып, бейбіт күнге шүкірін айтып,қарсы алады…

Ұқсас ақпараттар

АУДАН БЮДЖЕТІ ҚАРАЛДЫ

admin_mugalzhar

Әйгілі футболшы Диего Марадона қайтыс болды

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.