ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ТЫЛ АРДАГЕРІ

0
410

Сұрапыл соғыс кезінде майдан даласында ғана емес, тылдағы өмір де қиындыққа толы болғаны анық. Сондай қиямет уақыттарды жеңе біліп, өмірін еңбекпен өрген жанның бірі тыл ардагері – Сағынғали ҚОСТАЙБЕК.

Ел басына күн туған кезеңде ерлікпен еселі еңбек етіп, қара жұмысқа жегіліп, ұрпақтары үшін маңдай терін сарп еткен атамыз маусым айының 2 жұлдызында 90-ға келмек. Соғыс уақытында өзгелер қолына қару алып, майданға аттанса, бала Сағынғали 13 жасынан бастап еңбек майданына араласып кеткен. Соғыс аяқталғаннан кейін Құмсай мектебінде мұғалім бола жүріп, жазда совхозда шөп шапты.

1950-1953 жылдары әскерде Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін Темір комсомол комитетіне сайланып, тыл игеруге келген жастарды қабылдаған. Одан кейінгі жылдары Ор фирмасында меңгеруші қызметін атқарып, 1960 жылы облыс арасындағы партия мектебіне тыңдаушы болып қатысып, ол жерден зоотехник мамандығын алып шықты.

1963 жылы Ақтөбе совхозында, қазіргі Ащысай мекенінде партия комитетінің секретары қызметінде жұмыс жасаған. 1969-1976 жылдар аралығында директор қызметінде болған. 1976 жылдан бастап Пролетар кәсіподақ ұйымында еңбек етіп, 1991 жылдан бастап көпжылдық бейнетінің зейнетін көруде.

“Бала кезімізден еңбекке ерте араласып, талай қиындықты көріп өстік. 90 жылдық өмірімде көп нәрсені бастан өткердік. Өмірімді еңбекке арнадым десем де болады. Біз көрген қиындықты бүгінгі жастардың басына бермесін!” -деді Сағынғали ата.

С.Қостайбеков 1954 жылы Мәриям атты әжемізбен бас қосып, шаңырақ көтеріп, 1 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп, әрқайсысын өз орнына жеткізді. Бүгінде ардагер Ақкемер ауылында бала-келінінің қолында, немерелерінің ортасында өмір кешуде.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ