Ақтөбеде ҰБТ күшейтілген санитарлық жағдайда өтеді

0
93

Биыл ҰБТ алғаш рет жаңа жағдайда өтеді: түлектер коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантиннің қатаң талаптарын сақтауы тиіс. Ақтөбеде ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым мен 4 шілде аралығында өтеді, оған 5739 мектеп бітіруші түлек тестілеуден өтуге өтініш берді, деп хабарлайды “Мұғалжар” тілшісі «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.

Аталмыш тақырып бойынша Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Antikor live» жобасы аясында «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев Ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқыловпен тікелей эфир барысында сұқбаттасты.

11 сынып бітіргендер бойынша өтінішті онлайн жүйесінде бергендер саны 5190, қалғандары дәстүрлі түрде бергендер. Короновирус індетіне байланысты биылғы ҰБТ екі жұма көлемінде өтеді. Тестілеу облысымыздың аудандарында екі – үш лектен өтеді. Ал облыс орталығында, яғни қалада Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ және №8 орта мектепте болады.

«Облысымызда тестілеуді өткізу үшін көптеген сақтық шаралары қабылданып жатыр, олар аудиториялардағы орындар саны бірнеше есеге азайды, яғни орындар арақашықтығы 2 метрден кем еместей етіп жасалды. Осы орайда аудиториялардағы орындар санының азаюына байланысты тестілеу өтетін күндер саны да артты», – деді Ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқылов.

Биылғы ерекше аяқталған оқу жылының түлектер үшін тағы бір ерекшелігі ол – тестілеуге берілген уақыттың 10 минутқа көбеюі. Биыл түлектердің тестке берілген уақыты 4 сағатты құрайды.

«Өкінішке орай, карантин режиміне байланысты тестілеу өтетін ғимарат аумағына ата – аналардың, тума – туыстардың еріп келуіне тыйым салынған. Бұл процестің барлығын ниет білдірушілер онлайн, яғни тікелей эфир арқылы бақылай алады. Сонымен қатар, түлектер ғимаратқа кіру үшін бірнеше жолдарды пайдаланады, ал тестілеуге кіру дезинфекциялық туннельден өтуден басталып, міндетті түрде термобайқаудан өтеді. Барлық бақылаудан өткеннен кейін тестіленушіге бетперделер берілетін болады. Тест басталғаннан кейін екі сағат өткен соң жаңа бетперделер тарататылатын болады. Сондай-ақ, тексеріс кезінде тестіленуші ҰБТ ережесімен танысу және тыйым салынған заттарды алып өту жауапкершілігі туралы қағазға қол қояды. Егер тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда тестіленуші аудиториядан шығарылады, ал оның нәтижелері жойылады», – деді Т. Жарқылов.

Эфирды қорытындылай келе «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев барша ҰБТ тапсырушы түлектердің ата – аналарына балаларын жоғарыда айтылған қатерлерден сақтау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге шақырды. Сонымен қатар, биылғы тестілеудің адал әрі шынайы өтуіне «Ақтөбе – адалдық алаңы» кеңсесінің сарапшылар тобы қатысатының еске салды.