«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫС ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР

«СӘУЛЕТІНЕ ҚАРАП, ДӘУЛЕТІН ТАНЫ» ДЕЙДІ ҚАЗАҚ. СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДЫҚТА АУДАНЫМЫЗДА ЖҮРІП ЖАТҚАН ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫНА ҚАРАП, АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНДА ЖАҚСЫ  ҮДЕРІСТІҢ БАРЫНА КУӘ БОЛАМЫЗ. ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ҚАРҚЫНДЫЖҮРУІ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, БОЙ КӨТЕРГЕН ЖАҢА МЕКТЕПТЕРМЕН БАЛАБАҚШАЛАР, АУРУХАНАЛАР ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ИГІЛІГІНЕ ЖАРАП, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІНІҢ АЗАЮЫНА ДА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСАРЫ СӨЗСІЗ.  СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУДАНЫМЫЗДА ҚАНДАЙ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ, ҚАНША НЫСАН БОЙ КӨТЕРДІ, АУДАН ҚАЛАЛАРЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ ЖӘНЕ ОСЫ САЛА БОЙЫНША ТАҒЫ ҚАНДАЙ ЖОСПАР БАР? СОНЫМЕН…

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС — ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

Ауданда түрлі құрылыс жұмыстарын жүргізетін төрт құрылыс компаниясы бар. Олар «Техник», «Қалау+», «Іскер маман» және «АБРИС Актобе» ЖШС-тері. Бүгінде бұл компаниялар кәсіпкерлік нысандар құрылысын, қала көшелерін абаттандыру және жарықтандыру, су құбырлары жүйесі мен газдандыру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындарды таза сумен және көгілдір отынмен қамту бағытында жұмыс жасайтын бұл серіктестіктер бірнеше жылдан бері нәтижелі еңбек етіп келеді. Соңғы үш жыл көлемінде ауданның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жүрген «Абрис Актобе» ЖШС-нің жобалаушысы Аян Калимжан аудан аумағында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айтады.

— Оған дәлел, көп қабатты тұрғын үйлер салынып, жеке кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, білім ошақтары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қала-ауыл көшелеріне тас жолдар төселіп, коммуникациялық құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қала орталықтарынан бой көтерген демалыс алаңдары, шағын кәсіпкерлік нысандары халық игілігіне жарап тұр. Жасалып жатқан істердің барлығы экономикамыздың дамуының көрсеткіші деп білемін. Аудан бойынша Сағашилі мен Ақкемердің, Қандыағаштың көшелерін абаттандыру мен тасжол төсеу жұмыстарымен айналыстық. Бүгінде Қандыағаш қаласында шағын кәсіпкерлік нысандарды салып жатырмыз, — дейді Аян Калимжан.

БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ — БАСТЫ НАЗАРДА

Ауданда тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. Мәселен, 2018 жылы Қандыағаш қаласында 60 пәтерлік 2 үй (120 пәтер), 2019 жылы 8 пәтерлік 3 үй (24 пәтер) салынды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша салынған бұл баспаналардың игілігін аудан бойынша үй кезегінде тұрған, атаанасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы аналар, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және мемлекеттік қызметкерлер көріп отыр. Сонымен қатар, осы жылы «Самал» мөлтек ауданынан салынып жатқан 2 қабатты 8 пәтерлік 3 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының берген мәліметіне сүйенсек, болашақта тағы да Қандыағаш қаласынан 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салынбақ. Олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде көрінеді.

— Мемлекет үшін басты бағыттың бірі халықты баспанамен қамту және оларға жақсы жағдай жасау болып табылады. Біз де бүгінде осы бағыттар үшін жүйелі жұмыстар атқарудамыз. Алдағы уақытта Ащысай және Теміркөпір ауылдарынан 60 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Қандыағаш қаласы «Самал» мөлтек ауданынан 600 орындық мектеп ғимаратын салуға сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтті. Жоспар бойынша үстіміздегі жылдың қыркүйек айларында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде, — деді Асан Садықов.

Сонымен қатар, бес жылда Қандыағаш қаласында 600 орындық, Елек ауылында 100 орындық мектеп салынды. Заман талабына сай салынған бұл ғимараттардың игілігін бүгінде ел көруде.

600-ГЕ ЖУЫҚ ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНДЫ

Ауданда көпқабатты тұрғын үйлер ғана емес, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға да жағдай жасалынып келеді. Соңғы кезеңде Қандыағаш қаласында 600-ге жуық жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Бұл үдерісті ауыл аймақтардан да көруге болады. Тегінде әр қазақта баспана — тек тұратын үйі ғана емес, қонақ қабылдар құтханасы, киелі қара шаңырағы екені сөзсіз. Сондықтан жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беріп, ол жерлерді инженерлік-коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары өз кезегімен жүргізілуде.

— Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын ауқымды түрде жүргізу жеке тұрғын үй құрылысының жандануына әкеледі. Мәселен, аудан орталығында бой көтерген «Самал» мөлтек ауданының 9,10,11 кварталдары мен «Жаңа қоныс» шағын ауданында инженерліккоммуникациялық құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Жаңа қоныс» шағын ауданынан жер кезегінде тұрған 472 адамға жер телімі берілді. «Нұрлы көш» жер учаскесінен 171 жер телімі беріледі деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде коммуникациялық жүйелер тартылған учаскелерге тұрғындар үй салуды бастап та кетті. Бұл дегеніміз — толыққанды кішігірім қалашыққа айналады деген сөз, — деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Асан Оразалыұлы.

40 000 ШАРШЫ МЕТРЛІК САЯБАҚ САЛЫНУДА

Өңіріміздің бүгінде құрылыс алаңына айналғанын қаланың әр бөлігінде жүргізіліп жатқан қарқынды құрылыстар дәлелдейді. Жаңадан бой түзеген ғимараттар мен саябақтар қаланың көз қуантарлық кейіппен өзгеріп келе жатқандығын көрсетеді. Бүгінде халық игілігіне жарап тұрған «Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы екі саябақтың салынуы қала тұрғындары үшін қуанарлық іс болды. Саябақ ішінен бой көтерген рухани-танымдық маңызы зор «Алпамыс батыр», «Абай», «Ыбырай», «Үш бидің» ескерткіштері, балалар ойын алаңы мен субұрқақтар қаламызға сән берсе, вокзал маңындағы саябақ пен демалысгүлзарлары қала көшелеріне өзінше бір әр беріп тұр. Өзгеріс үстіндегі өңірдіңқұрылыс алаңдарының бірі Қандыағаш қаласындағы «Сейфуллин» көшесі мен «Жеңіс» даңғылының  қиылысында жүргізілуде. Бұрындары көктем мезгілінде суға толып, иесіз жатқан алаңқай жерден салыныпжатқанжалпы көлемі 40 000 шаршы метр болатын саябақтың құрылысы қарқынды.

— Саябақты 2021 жылы тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Болашақта саябақ ішіне көгал төселіп, шырша мен қайың ағаштары отырғызылады. Сондай-ақ, «Мәңгілік алау«, сәнді арка қойылып, демалыс шатырлары мен көпірлер жасалатын болады, — деді бөлім басшысы Асан Садықов

КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Қандыағаш қаласында тұрғын үйлердің құрылысынан бөлек әлеуметтік нысандар мен тамақтану, білім және медицина саласындағы ғимараттардың құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтатын болсақ, соңғы жылдары салынған жеке балабақшалар, емхана мен дәріхана, мейрамхана мен демалыс орталықтары, шағын кафетерий мен кондитерлік дүкендер, үлкен сауда орталықтары қала көркін келтіріп, ел игілігі пайдаға асуда. Қалада «Mechta.kz», «Sulpak», «Kari», «Dina», «Alser» және Светофор секілді желілік сауда орталықтары ашылып, кәсіпкерлік нысандағы ғимараттар бой көтерді. Жалпы кәсіпкерлік саласына бағытталған бұл нысандар қала тұрғындары үшін аса маңызды. Бесжылдықта Қандыағаш қаласында 4-балабақша, 2-денсаулық орталығы, 1-дәріхана, 9-тамақтану орталықтары, 1 техникалық көлік жөндеу орталықтары салынды. Қаладағы кәсіпкерлік нысандарының қатары еселеп артқанына қарасақ, шағын және орта кәсіпкерлік аудан экономикасының аса маңызды секторына айналуға бет бұрды деуге болады.

ЕМБІДЕ 320 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП САЛЫНДЫ

Ембі қаласында да кәсіпке бет бұрғандар саны артып келеді. Себебі, қаладажүргізіліпжатқанқұрылыс жұмыстарының көбісі жеке кәсіпкерлік ғимараттар. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында 2 қабатты «Адсана», «Әділет» сауда орталықтарының құрылысы аяқталып, 2 қабатты заман талабына сай «Сайрам», «Нәси» мейрамханалары және шағын дүкендер іске қосылған. Ембі қаласы бойынша 2020 жылдың 7 айында 1-тіс жөндеу емханасы, 2 қабатты «Керемет» сауда орталығы, 1-машина жөндеу орталығы, 2-шаштараз, 1-машина жуу, 1-дөңгелек жөндеу нысандары іске қосылған. Қала бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс-жөндеу жұмыстарын баяндаған қала әкімінің орынбасары ИманбайШамахұлы, «Н.Бекенбаев» көшесіндегі көпсалалы спорт алаңының құрылысы қысқа мерзімде салынып біткенін, 2015 жылы 320 орындықмектепғимаратыныңпайдалануға берілгенін айтты.

— Ембі қаласында жалпы көлемі 31500 шаршы метр болатын орталық саябағының жобасы дайын. Қаржы бөлінсе, салынады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, соңғы үш жыл көлемінде №2, №3, №4 және№7 мектептер, Ембішығармашылық орталығы, колледж және Ембі аудандық ауруханасының ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда Ембі қаласы бойынша «Есет батыр«, «З.Бралов» және «Ж.Әміров» көшелеріне тротуарлар мен дренаждық арналар салу жұмыстары жүргізілуде. «Ж.Әміров» көшесіне автомобиль жолы салынып жатыр. №2 Аула клубының ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Ембі қаласының №2 орта мектебіне 2019 жылы күрделіжөндеужұмыстарыбасталған болатын, бүгінгі күнге аяқталуға жақын. Алдағы күндерде «Б.Момышұлы» көшесіндегі 5 қабатты №11 үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы жатыр, — деді Иманбай Шамахұлы

Жылдың қай мезгілінде болмасын жұмыстарында үзіліс болмайтын табанды еңбек иелерінің арқасында ауданымыздың құрылыс саласы өркендеп, көптеген әлеуметтік нысандар салынғанын жоғарыда саралап шықтық. Қаламызда бой көтерген ғимараттың қаланған әр кірпіші пен жағылған әр сылағына маңдай тері сіңген «құрылысшы» деген еңбекқор мамандық иелері тамыздың екінші жексенбісінде төл мерекелерін тойлады. Ендеше, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, сыртқы келбетінің көркеюіне үлесін қосып жүрген мамандық иелерін мерекелерімен құттықтаймыз.

Нұрғаным Кесікқұл.

Ұқсас ақпараттар

АУЫЛ ШАРУАЛАРЫ ЕЛОРДАДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ ҚАТЫСТЫ

admin_mugalzhar

ЖЫЛЫЖАЙ БАҒБАНЫ — ЖАҢЫЛАЙ

admin_mugalzhar

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫН АРАЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.