«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТЫМТАЙ АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН

Ғалымжан НУКУСОВ. Бұл есім Жұрын жұртшылығына жақсы таныс. Ол үнемі құлағанға тіреу, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болып жүреді. Жанының байлығына айналған жомарттығы мен жылы жүрегінің жанашырлығы көпке үлгі. Әрдайым игі жақсылықтың жанында жүретін бүгінгі біздің кейіпкеріміз «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері.

Туған ауылының түлеп, түрленуіне елеулі үлес қосып, нәсібін кәсібінен тапқан ел ағасы — қазақтың төл кәсібі мал шаруашылығын дамытып келеді. Сонау тәуелсіздік алған жылдардағы тоқырау кезеңінде «кәсіптің көзі-мал» екенін түсінген ол, «Қонысбай» шаруа қожалығын ашып, ірілі ұсақты мал басын көбейтумен айналысуда. Жұрын топырағында дүниеге келген Ғалымжан Қонысбайұлы 1985 жылы мектеп бітіріп, кәсіптік-училищеде оқып, тракторист-машинист мамандығын алып шықты. 1989-91 жылдары әскери борышын өтеп келгеннен кейін әкесінің қасында жүріп, мал шаруашылығының қыр-сырын үйренді. Әкесі Қонысбай совхоз кезінде алдыңғы қатарлы шопандардың бірі болатын. Әке жолын жалғастырып, әкеден қалған мұралық кәсіптің шашауын шығармай, іргесін кеңейтіп келеді. Жұмыстың оңайын емес, қиынын қолайлайтын ол, еңбекке ерте араласты. Ауылдың кемкетігін толтырып, үнемі жақсы істердің жанында жүреді. 1996-97 жылдары Көлденең-Темір ауылы жарықсыз қалды. Электр бағаналардағы электрсымдар тоналып, ұрыларға қолды болды. Осындай қиын кезеңдерде жарықсыз қалған ауыл тұрғындарына үкілі үміт сыйлап, ауыл жігіттерінің басын жинап, жарық беруші мекемелермен бірлесе отырып, өз қаржысына ауылды жарықпен қамтамасыз етті. Осылай ауыл шамшырағына айналған атымтай Жұрын мен Көлденең Темір ауылдарын жалғайтын тозығы жеткен көпірді күрделі жөндеуден өткізіп, ауылдастарының алғысын алып, жақсылықты одан әрі жалғастырды. Ауыл әкімінің бастамасымен, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауыл тұрғындарын жинап, өз қаржысы мен қажетті техникаларын беріп, көпірді іске қосты. Қара басының емес, қалың елінің қамын күйттейтін ел ағасының ауылдастары үшін жасаған жақсылықтарында есеп жоқ. Ол қыстың қытымыр, боранды-жолсыз күндері қарға арналған шаңғы-мотоциклімен жолда қалған жолаушыны құтқарып, басы ауырып, балтыры сыздаған науқасты ауруханаға жеткізіп, азық-түліксіз қалған отбасының тамағын тасып береді. Өзінің жеке техникасын жұмылдырып, ауыл көшелері мен Көлденең-Темір мен Жұрын ауылының қарын ашып, жолын тазартады. Бұл оның міндеті болмаса да, адами қасиетінің үні. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріп, Құрбан айт мерекесінде ауыл мешітінде ірі қара малын сояды. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларын отынмен қамтамасыз етіп, мектепжасындағы балаларына мектеп формасын алып береді. Бұл үрдістен ешқашан ажыраған емес. Ғалымжан — бергенін ұмытып, алғанын ешқашан ұмытпайтын адам. Тiзе берсек, кейіпкердің тамсандырар тiрлiгi таусылмайды. Ол қашан да жұртқа жақсылық пен қайырымдылық жасауды жаны сүйеді. Риза пейiлдi жандардың жанарындағы алғыс пен қуаныштан қуат алады. Иә, шын мұқтажға көмек қолын ұсынып, жомарттық таныту — сауаптың ең үлкені. Сауапты іске сайдың тасындай сайланып, игі іске иіліп, қайырымдылыққа қос қанаттап құшағын жаятын жұрындық Ғалымжан Қонысбайұлының істеген игі істері жетерлік. Еңбегі еленіп, аудан әкімдігі тарапынан алған Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттары жетерлік. Бірақ, ең үлкен марапаты — ауылдастарынан алған алғысы мен жинаған абыройы.

Бүгінде ел алғысын арқалаған атымтай жомарт жанның шаңырағында ат жалын тартып мінер төрт батыр өсіп келеді. Мұндай қасиетке ие болған әкенің ісін көріп өскен балалар да әке жолын жалғап, игі ісін жалғастырар деп “ сенейік…

Нұрғаным ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«PRESTIGE» CӘНГЕРЛЕРІ

admin_mugalzhar

Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмайтын жаңа қосымша әзірленді

admin_mugalzhar

26-27 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІI сессиясы өтеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.