Ақтөбеде тағы бір провизорлық госпиталь жабылды

0
77

Ақтөбеде өкпе қабынуы күрт өршіп кеткенде ашылған тағы бір провизорлық госпиталь жабылды. Бүгін қала шетіндегі «Шағала» шипажайында ашылған госпитальдағы соңғы тоғыз науқас толық айығып, үйлеріне шығарылды, – деп жазды “Ақтөбе” газеті.

Аталған 150 орындық провизорлық орталық 30 маусым күні ашылған болатын.

— 30 маусым-1 шілде — екі күннің, дұрысы бір жарым күннің ішінде госпитальға бірден 150 адам түсті. Барлығы да орташа деңгейдегі өкпе қабынуымен түскен науқастар. Алғашқы күні бірден 100 адам, екінші күні 50 адам түсті. Адам шошырлық жағдай еді бұл. Шілденің 20-25-теріне қарай ғана науқастардың түсуі баяулап, қалыпқа түсті. 30 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін барлығы 370 адам түсіп, толық ем алып шықты. Расын айту керек, бастапқы кездері дәрі-дәрмек, басқа да қажетті құралдар жетіспеді, себебі елімізде дәл осындай жағдай бұрын-соңды болған емес. Кейін облыстық әкімдік тарапынан дәрі-дәрмек алып берілді, «СК-Фармация» компаниясымен келісімшарт аясында да дәрілер әкелінді, басқа ауруханалардан қарызға алған кезіміз де болды. Бәрі реттелді ғой, — дейді «Шағала» шипажайының бас дәрігері Серік Жаңылсынов.

Провизорлық госпитальда барлығы 30-дан астам дәрігер уақытпен санаспай жұмыс істеді, қазір барлығының да денсаулығы жақсы. «Бүгін соңғы отыз науқас үйлеріне кетті, бүгін мен де, дәрігерлер де жақсы ұйықтайтын болдық», — дейді бас дәрігер әзіл-шыны аралас.

Алайда толық босаңсуға әлі ерте. Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі кезде алда болуы мүмкін «екінші толқынға» дайындық жүргізіліп жатыр.

— Екінші толқынның қашан болатынын ешкім білмейді, дегенмен қандай жағдайға да дайын болуымыз керек, қазіргі кезде қорда бір айға жететін дәрі-дәрмек бар, қорғаныш құралдары, басқа да қажетті заттар бар. Енді жауапты мекеме шипажайда толық дезинфекциялық жұмыстар жүргізеді. Содан кейін қалыпты жұмысқа көшеміз, — дейді Серік Жаңылсынов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.