«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мұғалжар баурайындағы сұлулықпен тыныстаған туындылар

Суретші Есет Исмаиловтың барлық дерлік туындыларында жасыл түс бар. Жасыл — оның сүйікті түсі. Жасыл — жаздың, жастықтың, жаз кезіндегі жайқалған даланың түсі. Жаз, жастық дегеніміз — еркіндік, кеңдік, мейірім. Суретші өзін баураған жасыл түс арқылы бар ғаламға, барша кейіпкерлеріне еркіндік, кеңдік пен мейірім сыйлағысы келетін секілді көрінеді де тұрады…

Ол 5-6 жасынан бастап сурет салған екен. Қарт Мұғалжар тауының етегіндегі Ор ауылында дүниеге келген баланың қиялына айнала қоршаған табиғаттың тамылжыған сұлулығы қанат бітіретін болса керек. Оның үстіне Есет салған суреттерге қарап, оның талантын таныған ауылдастары да «ананы салшы, мынаны сала қойшы» деп, тыным бермейтін. Оқушы кезінде оны бірден-ақ мектептің қабырға газетін шығарушылар қатарына алды. Әкесі Ахат колхоздың қойын баққан қарапайым еңбек адамы болса да, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан, өмірден көрген-түйгені көп, өзі де өнерге жақын жан еді. Жоғары кластарда ол баласының облыс орталығында білім алғанын қалады, сөйтіп, Ақтөбедегі мектеп-интернатқа әкеліп орналастырды. Ал мектептен кейін Алматыдағы Гоголь, қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесін бітірді.

— Училищені 1973 жылы бітірдім. Ол кезде оқу орнынан кейін түлектердің қайда жұмысқа баратынын арнайы комиссия шешетін. Мені Алматы маңындағы Қаскелеңге жіберді. Сол жерде екі жыл еңбек еттім. Алғашқы көрмемді өткіздім, танылдым. Танылдым дейтінім, мәдениет министрлігінен Ленинградтағы жоғары оқу орнына түсуге жолдама алдым. Нағыз өнеріңді шыңдайтын орта… Бірақ қабылдауға кешігіп қалып, ауылға қайттым, яғни туған жерім — Ембі ауданына оралдым, — деп еске алды суретші.

Кейінірек ол Абай атындағы мемлекеттік педагогика университетінің көркемсурет және графика факультетін тәмамдайды.

Ал Ембіде 1977-1982 жылдар аралығында аудандық мәдениет бөлімі жанындағы көркемсурет шеберханасында еңбек етті. Бұл жылдары шығармашылық адамы ретінде сол кездегі аудан басшысы Қуандық Әлішевтен үлкен қолдау тапқанын ризашылықпен еске алады. Осы тұста өзіне ерекше ұнайтын портрет жанрына біржола ден қойды.

1984 жылы облыс орталығындағы педагогикалық училищеге шақырту алды, ал 1991 жылы Қ.Жұбанов атындағы университетке (ол кезде педагогикалық институт) ұстаздық қызметке ауысып, осы жерде зейнеттік демалысқа шыққанша еңбек етті, талантты жастарды өнерге баулыды.

Бүгінде 70 жасқа толған суретшінің өнердегі ізбасарлары қатарында тек шәкірттері ғана емес, туған перзенттері Динара мен Асхат та бар.

Ұстаздық қызметпен қатар, әрине, шығармашылықтан да ешқашан қол үзген емес. Ембі, Ақтөбе қалаларында бірнеше көрмесі өтті. Әсіресе, 1996 жылы облыс орталығында өткен «Портреттер сыр шертеді» атты жеке портреттер көрмесін өнерсүйер қауым өте жылы қабылдаған еді.

Оқушы кезінен қолынан қылқаламын тастамай келе жатқан суретші жүздеген жандардың портретін салды. Оның туындылары арасында белгілі ғалым Рәбиға Сыздықованың, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың, жазушы Тахауи Ахтановтың, қоғам қайраткері Амангелді Айталының, белгілі актриса Лидия Кәденованың портреттері бар. Тарихи тұлғалар арасынан ұлы ақын Абайдың, табын Бөкенбай батырдың, «Айман-Шолпан» жыры арқылы барша қазаққа таныс Арыстан батырдың, Қайдауыл батырдың, Жарас мергеннің портреттерін салды.

— Тарихи тұлғаның портреті көп ізденісті қажет етеді. Оның өмір сүрген уақыты, ол туралы естеліктер, ел аузында, әдебиетте қалған деректердің бәрін оқи келе, басқалардан ерекшелігі не екенін ұғынасың. Кейде қанша оқып, қанша ойланып-толғансаң да, сол тұлғаны зерттеп немесе ол туралы көбірек білуге тырысып жүрген жандардың ақыл-кеңесіне жүгінгеннің артықтығы болмайды. Мысалы, Жарас мергеннің портретін салған кезде ол туралы барлық деректі жиыстырып жүретін досым, журналист, марқұм Ұзақбай Қауысовтың ақыл-кеңесін сұрадым. Ол бір қарады да, жетпей тұрған не деген сауалға өз пікірін айтты. Міне, сол пікір бойынша батырдың қабағы мен көзқарасына сәл өзгеріс енгізіп едім, портреттегі бейне мүлде өзгеріп шыға келді. Тарихи тұлғаның портреті,  қайткенде де, көпке ортақ туынды, оны ең алдымен көптің көңілінен шығатындай етіп салуға тырысасың, — дейді суретші.

Жалпы, суретші әр туындысынан кейін екі апта уақыт шығармашылықтан демалуға тырысады. Өйткені алдыңғы туындысына бар жан-тәні, ой-қиялымен беріліп кеткендіктен, оны бітіре сала жаңа дүниеге кірісу тіпті де оңайға соқпайды.

Суретшінің туындылары 2016 жылы жарыққа шыққан «Қазақстанның кескіндемесі» атты жинаққа енген. Еліміз бойынша ең үздік суретшілер туындылары топтастырылған бұл жинаққа Есет Исмаилов салған бірнеше портрет пен туған жер көріністері бойынша пейзаждар енген. Сондай-ақ өнертанушы Ирина Пен оның шығармашылығы туралы: «Есет Исмаиловты суретші әрі адам ретінде туған жердің сұлулығы, жанына жақын жандар келбеті мен есімдері халық санасына сіңген батырлар бейнесі толғандырады. Әкесі мен анасының портретінде олардың бет-әлпеті асқан құрметпен әрі өте қарапайым бейнеленген. Өйткені бар болмыс-бітімі бала күннен әбден таныс та сүйікті жандардың бейнесін асыра әспеттеудің қажеті жоқ. Ананың жанары жан-жағына сәл сақтықпен бақылай қарайды, ол көз алдындағының бәрін еріксіз зерттей түседі. Ал әке көзқарасы сабырлы әрі мұңды. Ол бәрін сабырмен қабылдап үйренген. Екклесиаст айтқандай, «Данышпандық артқан сайын, мұң да көбейеді». Таңғаларлығы, мықты әрі еңселі батырлардың да жанары әкесі мен шешесінің жанарындай мұңлы. Бұл толғаныс, әрине, суретшінің жеке тағдырымен байланысты сезім емес, ол — халық тарихындағы қасіретті оқиғалардың табы.

Қызықты жайт: ана портретінің артында — ағаштар, шөптер, үй мен аула. Ал әкесі мен батырлар бейнесінің артында байтақ дала мен ұлы тау тұр. Суретшінің әйел — үйдің, ал ер адам елдің қорғаны екенін жеткізуге тырысқанын ұғу қиын емес. Сонымен қатар оның жанына жақын табиғат көріністеріне арналған пейзаждары да аз емес. Мысалы, бірде шынайы, бірде сағым секілді кескінделген «Мұғалжар тауы» бейнесінде көшпендінің еркін өмірі өз жалғасын тапқан», — деп пікір білдірген.

Расында, суретшінің картиналарындағы туған жер көріністері жанға жайлы жылылыққа, шуаққа толы, ал портреттегі бейнелерді таныс, айналаңдағы жақын адамдар секілді қабылдайсың… Бәрі де автордың қайткенде тек жақсылыққа жаршы болуға тырысқанын жеткізіп тұрады. Жақсылықтың жаршысы болу өнердің айнымас мұраты екенін тағы бір сезінесің.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Есет Исмаиловтың жұмыстары туған өңірінен бөлек, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сондай-ақ АҚШ, Франция, Ресей және Украина елдерінде ұшырасады. Олардың көпшілігі жеке адамдардың жинақтарына алынған.

Айна САРЫБАЙ.

Ұқсас ақпараттар

12 СӘУІР — ҒАРЫШКЕРЛЕР КҮНІ

admin_mugalzhar

Қазақстанда бала асырап алушыларға көмек көрсететін агенттік құрылады

admin_mugalzhar

ТАҢШОЛПАН ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.