Праймериз: екі күнде 167 адам ниет білдірді

0
212

Брифинг

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы болған брифингте партияның ішкіпартиялық сайлауын өткізудің жолдарын түсіндірді, – деп жазды “Ақтөбе” газеті.

  • Елбасы, партиямыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan партиясында 17 тамыз бен 3 қазан аралығында Қазақстанның партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет праймериз өткізу жоспарланған болатын. Бүгінде кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңі басталды. Облыста екі күнде праймеризге қатысуға 167 адам ниет білдірді, — деді Е.Данағұлов.

Праймериз — партияішілік сайлау. Мақсаты — Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде мықты көшбасшыларды анықтау.

Ербол Данағұловтың айтуынша, еліміз үшін праймериз форматы — жаңа  құбылыс. Бұл механизмді жүзеге асыруда шетелдік озық тәжірибелер ескерілген. Сондай-ақ адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Оның бірегейлігі — дауыс берудің онлайн форматта өтетіндігінде. Өйткені пандемияға байланысты азаматтар денсаулығының қауіпсіздігі басты назарға алынған.

— Аталған саяси науқанды өткізу бойынша партияның облыстық филиалының қадамдық жоспары әзірленді. Ол 5 негізгі кезеңнен тұратын іс-шараларды қамтиды. Бірінші кезең — 1-17 тамыз аралығы, яғни дайындық кезеңі. Екінші кезең 17-28 тамыз аралығында өтеді. Бұл — кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңі. Үшінші кезең 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыттарда кандидаттарды үгіт-насихат науқанына дайындау шаралары жүргізіледі. Төртінші кезең — 7-30 қыркүйек аралығы. Бұл уақытта үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бесінші кезең — дауыс беру күндері. Ол 1-3 қазан аралығын қамтиды, — деген Ербол Данағұлов брифингте кандидаттарды тіркеу кезеңіне қатысудың жолдарын да  түсіндірді.

Оның айтуынша, кандидат ретінде тіркелу үшін партияның мүшесі болуы шарт. Екіншіден, үміткер «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркелуі қажет. Үшінші қадам — өтініш беру және қажетті құжаттарды сайтқа немесе қосымша арқылы жүктеуі керек. Сол сияқты үміткер өзінің онлайн өтінімін растау үшін аумақтық ұйымдастыру комитетіне баруы тиіс.

— Қала тұрғындары өтінімді партияның Ақтөбе қалалық филиалының мекенжайы бойынша ұйымдастыру комитетіне жеке ұсынуына болады. Ал ауыл тұрғындары партияның аудандық филиалдарына хабарласуы қажет. Сондай-ақ кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатыса алады. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін Nur Otan партиясының қатарына қосылу керек, — деді ол.

Брифинг барысында праймеризге қатысу үшін үміткерлерді іріктеудің жолдары да түсіндірілді. «Кандидат бірнеше талапқа сай келуі тиіс. Ең алдымен, ол сотталмаған, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыспен айыпталмаған болуы керек. Партияның беделін түсіретін немесе партия мүдделеріне залал келтіретін әрекеттер үшін партия қатарынан шығарылған адамдар праймеризге жіберілмейді. Тағы бір айта кететін жайт, үміткер 20 жастан асқан азамат болуға  тиіс», — деген партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары тікелей эфир арқылы кандидаттардан талап етілетін құжаттар тізімін де айтып өтті.

Праймеризге дайындық барысында облыста 136 дауыс беру учаскесі белгіленген. Оның ішінде интернет байланысына қосылмаған 42 участокта дауыс  беру  дәстүрлі бюллетеньмен, ал  94 участокта онлайн жоспарланған.

Е.Данағұлов праймериз өткізу барысында туындайтын мәселелер бойынша шешімдерді партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің бюросы қабылдайтынын айтты. «Барлық жұмыстардың ережеге сай өтуін партиялық бақылау комиссиясы бақылайды», — деген ол праймериздің ел дамуы жолындағы жаңа әлеуметтік саты екенін айтып, ақтөбеліктерді бұл шараға белсенді қатысуға шақырды.

Брифинг барысында спикер оқырмандар тарапынан түскен сауалдарға жауап берді.

Бүгінгі күні партияның облыстық филиалы бойынша праймеризге                  қатысып, дауыс беруші партияластар саны — 33 150. Олар  211 бастауыш партия ұйымына біріктірілген.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.