Құс тұмауы ет бағасына әсер ете ме?

0
143

Еліміз бойынша 6 облыстың 25 ауданына жайылған құс тұмауының таралу қарқыны бәсеңдеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары осындай мәлімет айтып отыр. ҚазАқпарат елдегі эпизотикалық жағдайдың бір айдың ішінде қалай өзгергені туралы талдау ұсынады.


Жылы жаққа қайтқан құспен бірге Қазақстанға H5N8 тұмауы тарағалы айға жуық уақыт өтті. Жыл құстарының Ресейден Қазақстан арқылы өтуі қалыпты жағдай болғанымен, биыл қанаттылардың көші-қоны жергілікті құс өсірушілерге біршама шығын келтіріп отыр. Індет бүкіл республикаға таралып кетпес үшін мемлекет қосымша екпелер алдыруға мәжбүр болды. Осының арқасында жылдағы 3 млн құстың орнына биыл 7 млн бастан астам құс вакциналанбақ. Қазір әлемнің 26 елінде құс тұмауының 429 ошағы тіркелген. Соның 28 ошағы Ресей аумағында орналасқан. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева өткен аптада біздегі құс тұмауы осы 28 ошақтан тарап жатқанын айтқан болатын. Дабыл дер кезінде қағылды ма? Салаға жауапты ведомство өкілдерімен өткен баспасөз мәслихаттарында Қазақстан көрші елде құс індеті тарап жатқанына қарамастан, неге қамсыз отырды деген мазмұндағы сауалдар жиі қойылып жүр. Алайда H5N8 тұмауы туралы алғашқы дабылдар Ресейде қағылған кезден бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизотикалық қағидаттарға сай шара қабылдаған болатын. 2020 жылдың 5 тамызында Челябі облысынан тірі құс пен жұмыртқаны, тауық жүні мен қауырсынды, жылулық өңдеуден өтпеген құс еті мен құс өнімдерін, химиялық қоспалардан бөлек құс азығын, ауланған жабайы құсты кіргізуге уақытша шектеу қойылған болатын. Кейін бұл шектеу Омбы облысына да тарады. Кез келген құс індетінің күзгі орманға тиген шырпыдай күрт қаулайтын әдеті бар. Арада бір ай өткенде Солтүстік Қазақстанның ауылдарында үй құстарының қырылғаны туралы хабар тарай бастаған. 14 қыркүйекте Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық мамандары СҚО-ның Шал ақын ауданына қарасты Сухорабовка, Ғ.Мүсірепов аудандарында 3 күннің ішінде қырылған 700 құстың неден өлгенін анықтауға кіріскен. 17 қыркүйек күні АШМ баспасөз қызметі Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанда құс тұмауы өршігені ресми ескертілгенін хабарлады. Ал 21 қыркүйекте 4 бірдей облыста құс тұмауы ресми тіркелді. Құс індеті алғаш рет ресми тіркелген кезден бастап статистика мың құбылды. Алғашында республиканың 7 облысында құс тұмауы расталды делінсе, кеше вице-министр Гүлмира Исаева 6 облыста құс ауруы расталғанын мәлімдеді. «Қазір 6 облыстың 25 ауданындағы 48 елді мекенде карантиндік шектеулер енгізілген. Яғни, осы елді мекендерде жоғары патогенді құс тұмауы бар екені лабороториялық зерттеулер арқылы дәлелденді. Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында, Жамбыл, Ақмола, Павлодар обыстарының бір-бір ауданында, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының 4 елді мекенінде құстардың қырылуы тіркелгенімен, құс тұмауы расталмады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Қазақстанда 14 облыс пен республикалық маңыздағы 3 қала бар екенін ескерсек, құс тұмауы тіркелген өңірлер соның үштен бір бөлігін құрайды. Осы статистиканы алға тартушылар құс тұмауы өршігелі бері оның етіне деген сұраныстың төмендегенін, есесіне бұл өнімді алмастыратын қой мен сиыр етінің бағасы қымбаттайтынын болжауда. Мұндай пессимистік сценаримен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері келіспейді. «Елдегі құс өсіретін 61 шаруашылықтың екеуінде ғана індет расталып отыр. Қостанай облысы мен СҚО-дағы фабрикаларда індет расталғанымен, олар – жұмыртқа өндірушілер. Ет өндіретін құс фабрикаларында құс тұмауы тіркелген жоқ. Сондықтан, қазіргі жағдай ет бағасына айтарлықтай әсер етіп, бұл үлкен мәселеге айналады деп ойламаймын», – дейді Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов. Құс тұмауымен күрестің алғы шебінде АШМ жанынан құрылған арнайы комиссия мен репсубликалық эпизотикаға қарсы жасақ жүр. Өлген құстарды өртеп, олар тұрған ғимараттарды залалсыздандыру осы жасақтың мойнында. Індетің өршігені сондай, ауру тараған 48 елді мекенді түгел қамту үшін 500-ден астам маманды қосымша тартуға тура келген. «Бүгінге дейін індет жұқтырған құстар тұрған 110 мың шаршы метр ғимарат дәріленген. 700-ден астам маман, 67 техника тартылды. Оның ішінде 25 инсинератор бар. Бұл заманауи пештердің әрқайсының қуаты 1 тонна. Бір тонна құс өлексесі 3 сағаттай жанады. Осылайша күніне 5-6 партия өртеледі. Сонда республикалық эпизотикаға қарсы жасақ қолданып жатқан пештер тәулігіне 63 мың бас құс өлексесін өртеуге мүмкіндік береді», – дейді Гүлмира Исаева. Тегін вакцина кімдерге тиесілі? Статистика комитетінің дерегіне сенсек, елімізде 46,7 млн бас құс бар екен. Оның ішінде 31 млн бас құс фабрикаларында өсіріледі. Шаруа және фермерлік қожалықтарда 688 мың бас, жеке аулаларда 14 млн бас бар. Осыншама құсты тұмаудан қорғау үшін арнайы стратегия бекітілген. Бұл құжат әлемдегі өзгерістерге байланысты жаңартылып отырады. Бір ескеретін дүние, ол өзгертулерді міндетті түрде Қазақстан құс өсірушілер одағы мен Жұмыртқа өндірушілердің қауымдастығы мақұлдауға тиіс. 2018 жылы Ауыл шарушалығы министрлігі осы принцип бойынша құс тұмауымен күрес стратегиясына өзгерістер енгізген. Оған дейін республикалық бюдеттен тек жабайы құстардың көші-қон жолында орналасқан жеке аулалардағы құстарға ғана вакцина бөлініп келген. Ал 2018 жылдан бері олардың қатарына жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларынан 20 шақырым радиуста жатқан жеке аулалардағы үй құстарының бәрі кірді. «Құс өсірушілердің өтініші бойынша тегін вакцинаға аналық бастар да енгізілген. Қазақстанда 35 жұмыртқа бағытындағы, 27 бройлерлік бағыттағы құс фабрикасы бар. Құс фабрикалары мен одан 20 шақырым радиуста жатқан жеке аулаларда, жабайы құстардың көші-қон жолында орналасқан, бұған дейін індет ошақтары тіркелген жеке шаруашылықтарда 3,3 млн аналық құс бар. Жыл басынан бері осынша құсты респбуликалық бюджет есебінен вакциналауымыз керек еді. Өңірлік әкімдіктердің өтінімі бойынша біз 3 млн 375 мың екпе дозасын бөлгенбіз. Бұл аналық құстарды 100 пайыз қамтуға жететін», – дейді вице-министр. Алайда қыркүйекте бұл шаралардың жеткіліксіз болатыны анықталды. «Құстар қырыла бастағанда-ақ біз мәжбүрлі екпеге көштік. Ол үшін республикалық қордан 3 миллионнан астам қосымша екпе бөлінді. Апта аяғына дейін 1,3 млн болатын тағы бір партия келіп түседі. Осылайша жыл басынан бері 7,7 млн екпе дозасы бөлініп отыр», – дейді Гүлмра Исаева. Мемлекет тарабынан вакцина әуел бастан-ақ өтінімге сай бөлінгенімен, құс фабрикалары қандай өнім шығаратынына қарай екпе мерзімін өздері бекітетін көрінеді. Мысалы, бройлерлік бағыттағы фабрикалар бройлердің ғұмыры 35-40 күн екенін ескеріп, оның үстіне екпеден өткен аналық құстың жұмыртқасынан шыққанын негізге алып екпе жасауды тиімсіз деп есептейді. Өйткені бройлерде анасынан алған иммунитет бар деп есептеледі. Ал жұмыртқа бағытындағы фабрикалар мекиен тауықтарды өз есебінен вакциналауы керек. Ветеринария туралы заңның 25-бабында фабрика иелері аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін қажетті ветеринарлық-санитарлық шараларды орындап, екпе жүргізуі керек делінген. Қырылған құстың өтемақысы қалай төленеді? Бұл шара Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы бойынша жүзеге асуы керек. Осы бұйрықта аса қауіпті індет пайда болған жағдайда қырылған мал мен құс иелеріне төленетін өтемақының құны нақты көрсетілген. Ал нақты құс тұмауы туралы айтсақ, өтемақы алу үшін 3 негізгі құжат өткізу қажет. Олар: құстардың саны тіркелген әкімдіктің шаруашылық кітабының анықтамасы, құстардың шынымен де індеттен қырылғаны туралы өңірлік ветеринарлық қызмет растаған акт, құс иесінің жеке шоты. Осы құжаттар толық болса, әр өлген құстың құны өтеледі. «Жыл басында әрбір әкімдікте қырылған құс пен малдың орташа айлық нарықтық құнын белгілейтін комиссия құрылып, жұмыс істейді. Бір бастың құны орташа айлық статистикалық деректі бағдарға ала отырып белгіленеді. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, Статистика комитетінен осы деректерді ертерек беруді сұрадық. Сәйкесінше өтемақы құны да ертерек белгіленетін болады», – дейді Гүлмира Исаева. Қазір құс шаруашылығына жауапты қауымдастықтар мен АШМ деректері бір-біріне сәйкеспейтіндей жағдай туындап отыр. Бұл мәселе Сенат депутатарының аузымен де айтылды. Құс өсірушілер одағы тек үш құс фабрикасында ғана 1 млн бастан астам құс қырылды деген деректі алға тартып, ресми мәліметті жоққа шығарып бағуда. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі індет елімізге келгелі 576 мың құс қырылды деп отыр. Алайда оның бәрі құс тұмауынан өлмеген. «Құс фабрикаларының иелері айтып жүрген өлім деректерін комиссия растамаса, біз оны тіркей алмаймыз. Қазірі таңда Ақмола облысындағы 5 ауданның 7 елді мекенінде, Павлодар облысындағы 3 ауданның 4 елді мекенінде, Жамбыл облысындағы 1 ауданның 1 елді мекенінде, Қостанай облысындағы 3 ауданы мен бір облыстағы маңыздағы қаланың 4 елді мекенінде, СҚО-дағы 11 ауданның 29 елді мекенінде, Қарағанды облысындағы 1 ауанның 3 елді мекенінде карантин жарияланды. Осылайша 6 облыстағы 25 ауданның 48 елді мекенінде құс тұмауы расталды. Құс тұмауымен байланысты себептермен көзі жойылған 329 мың құс бар. Осы құстардың құны өтеледі», – дейді Гүлмира Исаева. Еліміздің бас ветеринарының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов тұрғындарға базардағы құс етінен қауіптенудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. «Нарықтағы, базарлардағы өнімдердің қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілген. Ол өнімдер базарларға ветеринарлық құжаттармен, ілеспе қағаздармен келіп түседі. Базарға кіргеннен кейін өздерінің ветеринарлық инспекциясы бар. Ол жерде қадағалау күнделікті жүргізіледі. Әр базарда ветерианрлық-санитарлық зертхана бар. Сондықтан базардағы тауық өнімдерінің қауіпсіздігі қаматамсыз етілген айта аламыз», – деді ол. Құстар миграциясы әлі аяқталмаса да, індеттің бетті қайтты дедік қой. Оны Тұрсын Қабдолданов айтқан деректер де растайды. «Өткен тәулікте Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, облыстары мен шымкентте құс өлімі тоқтады. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында да өлім азайған», – дейді комитет басшысы.


Ақпарат көзі inform.kz