ТҰРМЫСЫ ТҮЛЕГЕН ТАЛДЫСАЙ

0
338

АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ АЛЫС-ЖАҚЫН ОРНАЛАСҚАН АУЫЛДАРДЫҢ ТҰРМЫСТІРШІЛІГІ МЕН ШАРУА АДАМДАРЫ ТУРАЛЫ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАУ – “МҰҒАЛЖАР” ГАЗЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮРІ. ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ “АУЫЛ-АЙМАҚ” АЙДАРЫМЕН КӨПТЕГЕН АУЫЛ ТУРАЛЫ МАҚАЛАЛАР ЖАРЫҚҚА ШЫҒЫП КЕЛЕДІ. БҰЛ ЖОЛЫ ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ САПАРЛАТЫП ТАЛДЫСАЙҒА БАРЫП, АУЫЛ ТІРЛІГІН КӨЗІМЕН КӨРІП ҚАЙТТЫ.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Атлаш Жұмағалиев негізін қалаған Талдысай ауылдық округіне биыл 17 жыл толды. Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан бұрынғы Димитров совхозы қызыл кітапқа енген. Жалпы жер көлімі 98187 га жерді құрайды. Округте 836 адам тұрады. Округ аумағындағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер көгілдір отынмен жылытылады. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жоғары. Көгілдір отын беріліп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктердің арқасында халық үдере көшуін тоқтатып, жастар ауылға тұрақтап, кәсіпкерлік пен мал шаруашылығымен айналысуда. Талдысай жалпы білім беретін орта мектебінде 26 мұғалім, 16 техникалық қызметкер жұмыс жасайды және 100 бала білім алуда. Мектепке 2013 жылы жылу қазандығы салынып, ғимарат көгілдір отынмен жылытылады. Интернет желісімен қамтамасыз етілген. Алайда, тозы жеткен мектеп ғимараты техникалық тексеру туралы сараптама қорытындысына сай 1-дәрежелі жарамсыз деп танылған. 100 орындық мектеп ғимаратын салу үшін жобалық құжаттары дайындалып, сараптама қортындысын алу жұмыстары жүргізілуде. 2008 жылы ашылған “Гүлдер” бөбекжай бақшасында 25 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Онда 21 адам қызмет атқарады. Балабақша 2016 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа типтік стандартқа сай жұмыс жасауда. Ал, медициналық пунктте 1 медбике, 2 кіші қызметкер қызмет атқарады. 2008 жылы күрделі жөндеуден өткен ғимарат осы жылы атақты дәрігер Жақсылық Досқалиевтің демеушілігімен қайта жөндеу жұмыстары жасалады деп күтіліп отыр. Ауыл аумағында орын алған түрлі мәселелер мен атқарылатын жұмыстардың барлығы ауылдағы қоғамдық кеңеспен, ақсақалдар алқасында қаралып, бірлесе отырып шешіледі.

АУЫЛДА МӘДЕНИЕТКЕ МӘН АРТЫЛҒАН

Ауыл ішін аралап жүріп, орталықта орналасқан еңсесі биік Мәдениет үйіне бас сұқтық. Қас беті ажарлы көрінген бұл орталықтың іші де сай тасындай сыңғырлап тұр. Есік алдынан жылы шыраймен қарсы алған Мәдениет үйінің директоры Гүлмира Қалиева, бізге ғимарат ішін аралатып, ауылдың мәдени тұрмысымен таныстырды. Орталықтың кіреберісіне заманауи бильярд ойнайтын алаң жасалып, шахмат үстелі қойылған. Ал тұтас бір қабырғаны мәдениет қызметкерлерінің жетістіктерін білдіретін мақтау қағаздары алып тұр. – Мәдениет үйінің қабырғасы 1974 жылы қаланған. Сол жылдар арасында үздіксіз қызмет атқарып келеміз. Ғимарат 2009 жылы республикалық “Жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтті. Сыйымдылығы 200 орындық орталықта 9 адам қызмет атқарады. Мәдениет үйінде ән, би, хор және қолөнер үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірмелерге ауыл балалары белсене қатысады. Ауыл тұрғындарының арасында бильярдтан жарыстар өтіп тұрады. Атаулы мереке күндерін ескерусіз қалдырмаймыз. Өнерпаздарымыз түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс үзбей, карантин шектеулері ескере отырып, онлайн форматта түрлі шаралар өткіздік, – деді Гүлмира Қалиева. Осы ғимараттың екінші қабатында Талдысай ауылдық модельді кітапханасы орналасқан. 1998 жылдан бері кітапханашы болып қызмет атқаратын Гүлжайнар Артықбаеваның айтуына қарағанда ауыл кітапханасының қорында 20877 кітап бар көрінеді. Оның 8788-і қазақша кітаптар. Ал қалғандары орыс және шетел әдебиеттері. – 2013 жылы модельді кітапхана болып қайта ашылып, “РАБИС-WINСЕТЬ” бағдарламасы бойынша жұмыс жасаймыз. Ауыл мектебімен бірлесе отырып, түрлі шаралар ұйымдастырамыз . Атауы күндерді естен шығармай кітап көрмесін жасақтаймыз. Кітапханамыздың тұрақты оқырмандары бар. Олар оқушылар мен зейнеткерлер, – деді ауыл кітапханасында ұзақ жылдар елеулі қызмет атқарып, “Мәдениет саласының үздігі” атанған Гүлжайнар Артықбаева.

ИМАМҒА АРНАЛЫП ҮЙ САЛЫНУДА

Біздің келесі аялдамамыз жамағаты мен имамының жоқтығына байланысты есігіне қара құлып ілінген ауыл мешіті болды. 2008 жылы “Ақ қанат” шаруа қожалықтарының қолдауымен күмбезделіп, айшықталып бой көтерген ауыл мешітін сыртынан тамашалап, сәулетіне сүйсіндік. Ауыл әкімі Қазбек Аққайыр айтқан, имамға арналып, салынып жатқан үй құрылысында көрдік. Болашақ имамның үйінің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылып жатыр екен. – Бүгінде салынып жатқа тұрғын үйдің бас демеушісі “Ақ қанат” шаруа қожалығы. Сондай-ақ, ауыл аумағындағы кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары да қаржылай көмек көрсетуде. Біздің мақсатымыз – ауыл мешітіне имамды тұрақтандыру. Сондықтан осы игі істі аяқтап, ауылға келетінін имамның үйіне көгілдір отын кіргізіп, алдына мал салып, ауылда тұруға жағдай жасаудамыз, – деді ауыл әкімі. Әрине, имандылыққа бет бұрған ауыл жастары үшін мешітте дініміздің насихатталғаны абзал. Намаз уақыттарында азан шақырылып, жұмадажамағаттың жиналғаны құптарлық іс.

БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

Талдысай ауылдық округінің ауыл шаруашылығы жерлері 71656 гектарды құрайды. Ауылда екі өндірістік кооперативі, 33 шаруа қожалығы бар. Округ бойынша ірі қара саны – 4351 бас (ш/қ3354), қой-ешкі – 8917 бас (ш/қ-6813), жылқы-1917 бас (ш/қ-1853). Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы. Ауылда ата кәсіптен ажырамай, мал шаруашылығын қолға алып, бордақылау алаңын ашқан “Құлагер” ШҚ-ның иесі Жасұлан Сұлтанов, бүгінде ауыл экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қожалық иесі көптеген қайырымдылық шараларға белсене араласып, ауыл тұрғындарына көмегін тигізіп жүр. Біз сайын даланың төскейінде малын өргізген қожалық аумағына барып, бордақылау алаңын көзімізбен көрдік. Өзін қожалықтың басқарушысымын деп таныстырған Ермұрат Молдағазин мал бордақылау үшін қыстың қамын жасап жатқанын айтады. – Біз жыл сайын 40-тан астам етті ақбас тайөгіздерді бордақылаймыз. Малды бордақылау оңай шаруа емес. Өз қиындықтары мен артықшылықтары бар. Бірнеше жылдан бері осы салада жүргеннен болар, бордақылау ісінің қыр-сырын жетік білемін десем болады. Малды семірту үшін, екі ай бойы жақсы күтім жасаймыз. Бүгінгі таңда қысқа дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жем-шөптерде тасып, қораларды жөндеудеміз. Сондай-ақ, жылқы және қой шаруашылығымен де айналысамыз. Мал басында өсім бар, – деді ол.

ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТАРТУЫ

Ауыл көшелерін абаттандыру бір жүйеге қойылғанға ұқсайды. Тазалық жұмыстарының жан-жақты жүргізілгені де бірден байқалады. Жолжиектері де қоқыстан таза, көгалдандыру, көркейту шаралары тұрақты жүргізіліп жатқаны көрер көзге анық көрініп тұр. Жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың да қасбеті әрленіп, әктелген. Орталық саябақта орналасқан Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің құрметіне қойылған “Ер есімі – ел есінде” ескерткіш тақталары мен Мәңгілік алау аймағына отырғызылған гүлзарда саябаққа ерекше сән беріп тұр. Сондайақ, Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан жаздық сахнаны мен мереке киіз үйде ауылдың ажарын аша түскен. Ауыл әкімі Қазбек Аққайыр бұл игі істердің барлығы ауыл түлектерінің демеушілігімен жасалғанын айтады. “Туған жерге тағызым” акциясы аясында 2018 жылы 7млн 455 мың, 2019 да 7 млн 786 мың, 2020 жылда 8 млн теңге жиналып, жоғарыда аталған жұмыстар жүйелі жүргізілген.

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ТҰРҒЫНДАР

Талдысай ауылының тұрғындары қайырымдылық шараларына белсенді араласады. Ауыл кәсіпкерлері де демеушілік көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға үнемі көмек беріп тұрады. – Ауылдастарыма ризашылығымды білдіргім келеді. Қандай шара болмасын үнемі қолдау көрсетіп, әрдайым жанымнан табылып жүреді. Осы жылдың басында Қандыағаш қаласында жетім балаларға үй берілген болатын. Сол үйден талдысайлық екі жетім бала үй алды. Ауыл тұрғындары осы балалардың үйлеріне қажетті тұрмыстық техникалар мен жиһаздарын алып берді, – деді ауыл әкімі. Бірлігі жарасқан талдысайлықтар әлемді әбігерге салған індеттің белең алған кезінде бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдық көрсетті. Аудандық ауруханада ем алған науқастарға сорпа үшін, “Дәурен” шаруа қожалығы 5 қой әкеліп берді. Сондай-ақ карантин кезінде тұрғындар тарапынан Қандыағаш қаласындағы 9 отбасыға азық-түлік таратып, демеушілік жасады.

ХАЛҚЫНА ЖАҚЫН ӘКІМ

“Жас келсе іске” демекші, белді істердің ортасында жүріп, ауыл тұрғындарының көңілін тапқан жас әкім Қазбек Аққайыр туған жеріне тартып туған азамат. Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінде ауылды басқарып, тұрғындардың жоқ-жітігін жеткізген Қазбек Талдысай ауылында туып-өскен. Қазақ Ұлттық техникалық университетін, геология мамандығы бойынша бітіріп, 10 жылға жуық мұнай саласында қызмет атқарған. 2018 жылдан бастап, Талдысай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады. Ол осы қызметке келгеніне көп уақыт бола қоймаса да, өзінің біліктілігі мен қабілетінің арқасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен “Рухани Жаңғыру” бағдарламасы аясында “Үздік ауыл әкімі” республикалық байқауына қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл шалғайда жатқан кішкентай ауыл тұрғындарын зор қуанышқа бөлеп, ауданның мәртебесін арттырды.

Нұрғаным ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ.