СИЫР САУЫП, МАЙ ШАЙҚАҒАН…

0
334

АУЫЛДА ОТЫРЫП, КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАУЫП, ІСІН ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН ЖАСТАРДЫҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ТАЛДЫСАЙЛЫҚ КӨПБАЛАЛЫ АНА ГҮЛЗАТ ШАХМЕТОВА.

Ол 2018 жылы “Бастау Бизнес” жобасы алқылы қысқа мерзімді курсты бітірген. “Даму” қоры арқылы 3 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Мәртөк ауданынан сүтті сиырлар сатып алған. Бүгінде сиыр сауып, сүт өнімдерінің түр-түрін дайындап сататын келіншектің тұрақты тұтынушылары көп көрінеді. – Ауыл тірлігін білесіздер. Таңды сиыр сауудан бастаймыз. Күніміз қарбалас тірлікке толы. Бүгінгі таңда 9 сиыр сауып отырмын. Әрбір сиыр 10 литр көлемінде сүт береді. Сауылған сүтті пісіріп, айран ұйтамын, қаймақ шайқап, май жасаймын. Сондай-ақ, құртірімшік, сүзбе, сары су, май-құрт секілді өнімдердің барлығын әзірлеймін. Ауыл тұрғындарынан артылған өнімдерімді Қандыағаш қаласына апарып сатамын. Кейде облыс орталығынан да хабарласып, менің дайындаған ірімшік, сары майларымды сұрап жатады. Қазақтың дастарханы ешқашан ұлттық, табиғи азықтүліктен ажырамайтыны анық қой. Сондықтан кәсібімнің одан әрі дамитынын сенімдімін, – деді сауыншы келіншек. Қаржыгер мамандығын меңгерген Гүлзат ауылда мамандығы бойынша жұмыстың жоғын айтады. – Жұмыс жоқ екен деп қол қусырып отыруға болмайтынын түсіндім. Сөйтіп, мемлекет тарапынан жасалып тұрған мүмкіндікті пайдалануды жөн көрдім. Бүгінде бастаған кәсібім алдыға жылжып келеді. Жолдасым вахтамен жұмыс жасайды. Карантинге байланысты ұзақ уақыт үйде отырып қалды. Осындай қиын кезеңдерде менің дайындап, сатқан сүт өнімдерімнің арқасында несиемізді толықтай төлеп отырдық. Біз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Үйдің үлкендер үнемі көмектесіп, ақыл-кеңестерін айтып, жанашырлық танытып отырады, – дейді ол. Талдысайда туып-өскен Гүлзатқа ауылдың өмірі таңсық емес. Кішкене кезінен анасының қасында жүріп үй тірлігінің барлығын үйренген, еңбекқор келіншек алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жасайтын тағамдарының да көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Зеңгі баба бауырынан байлық іздеп, ерінбей еңбек еткен Гүлзат Шахметова төрт бала тәрбиелеп отырған аяулы ана. Балаларының болашағы мен отбасының қамы үшін жасап жатқан бүгінгі тірлігі – көпке үлгі. Н.КЕСІКҚҰЛ