«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ADALKEZMET»-ТІҢ АДАЛ ҚЫЗМЕТІ

БАТПАҚКӨЛДІК АМИНА ЖЫЛҚЫБАЕВА ӨЗ БІЛГЕНІН ЖАНЫНДАҒЫЛАРҒА ТЕГІН ҮЙРЕТІП ЖҮР. ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ИЕЛЕНІП, ӨЗІНІҢ СҮЙІКТІ КӘСІБІН АШҚАН ОНЫҢ БҮГІНГІ ІСІЕЛГЕ ӨНЕГЕ.

Мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан бағдарламалар көпке өз пайдасын еселеп тигізуде. «Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы» ЗТБ Ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Ақтөбе облысындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» гранттық қаржыландыру аясында гранттар байқауын жариялаған болатын. Аталмыш байқауға қатысып, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеген Амина Жылқыбаева бастаған кеңесшілер тобы көпбалалы ана Гүлфайруз Қошаханова мен Меруерт Сайғон облыстық дәрежеде жеңімпаз атанып, қайтарымсыз 500 000 теңге ұтып алды. Үй жағдайындағы тігін шеберханасын ашып, «Adalkyzmet» инстаграм желісінде өздерінің күнделікті жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп отыратын шеберхана қызметкерлері өз ісіне деген адалдықтарын тағы бір сатыға көтергендей. — Өзім негізінен Саға елді-мекенінің тумасымын. Жұмыс барысымен Ақтөбе және Алматыда орналасқан тігін цехтарында жұмыс атқардым. Арнайы тігінге қатысты оқу оқымадым. Өз қызығушылығым мен тез қабылдайтын қасиетімнің арқасында осындай дәрежеге жеттім десем де болады. Жалпы, осындай өнер екі әжемнен де дарыған сыңайлы. Себебі, бұл істен ауылы алыс емес әжелерімнің кішкентайымда көрсеткен өнегелерінің себебімен, кейін интернет желісінен түрлі видео-сабақтарды қарау барысында тез меңгеріп алдым. Соңғы бір жыл ішінде қолөнерді әрі қарай дамытуды көздеп жүрдім. Алға қойған бірқатар жоспарларым да болды. Жалпы, осыған дейін үйден тігін тігіп, көрпе, жастық, бесік құралдарын, түрлі қолөнермен айналысып, тапсырыс қабылдайтынмын. Жақын әпкемнің жасауына көрпелерін дайындадым. Сол кезден менің өнеріме қызыққан көпшілік өздеріне үйретуімді сұрады. Содан соң, Үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен қайтарымсыз грант бағдарламасына өз жобамды ұсыну ойға келді. Қасыма ауыл тұрғындары арасынан кеңесші қызкеліншектер алып жоспар құрып, бағдарлама жазуға кірістік. Күндізтүні еңбектенген жұмыстың нәтижесінде осы күнге жеттік. Қазір ауылдағы 8-9 сынып оқушы қыздары келіп, үйренгісі келетін қолөнер жұмыстарымен айналысады. Қыз-келіншектер былай тұрсын, әжелерімізге дейін келіп, үйренгісі келетінін айтады. Көрер көзге тігін оңай болуы мүмкін. Алайда, әр жұмыстың өз қиындығы болады. Құлын мүшеге қоса біткендей жарасымдылық пен үйлесімділікті қатар ұстау үшін үлкен тәжірибе керек. Көрпе тігу оңай емес, ол білім мен дағдыны, шыдамдылық пен табандылықты, жауапкершілікті, көзбен жақсы шамалауды, түстерді сәйкестендіру мен стиль таңдауда аса сақ болуы қажет етеді, — дейді Амина. «Өнерлінің қолы алтын» демекші, өз істерін өзгелерге үйретуден жалықпайтын бұл үштік шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, аз уақыттың ішінде көп дүниелер де жасап үлгерген. Ауыл жастарының уақыты тиімді өтуін, шеберхананың үлкен цехқа айналуын арман етеді. Ендігі жоспарлары жақын жерлерде орналасқан ауыл-аймақтарға барып шеберлік сағаттарын ұйымдастырмақшы. Осылайша игі істің иелері жақсылық жасаудан жалықпақ емес. Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Республика күніне орай демалыс күні ауыстырылды — қаулыға қол қойылды

admin_mugalzhar

НАУРЫЗ ЖАҢА МАЗМҰНҒА ИЕ БОЛАДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда газ қымбаттайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.