ЛИНОТИПИСТ – ҚАПИЗА АПАЙ

0
107

ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДАМЫҒАН ЗАМАНЫНДА БІР ЗАМАНДА ГАЗЕТ БЕТІНДЕГІ ҚАРІПТЕРДІҢ ҚАЙНАП ТҰРҒАН ҚОРҒАСЫНМЕН БАСЫЛЫП, ЛИНОТИП МАШИНКАМЕН ТЕРІЛІП, БЕТТЕЛГЕНІ БҮГІНГІ ҰРПАҚ, БІЗ ҮШІН ЕРТЕГІДЕЙ КӨРІНЕДІ. ОҚЫРМАН ҚОЛЫНА ДАЙЫН КҮЙІНДЕ ЖЕТЕТІН ГАЗЕТТІҢ ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚПЕН ШЫҒАТЫНЫ СОЛ КЕЗДЕГІ БАСПАГЕРЛЕРГЕ АЯН.”МҰҒАЛЖАР” ГАЗЕТІНІҢ 90 ЖЫЛДЫҚМЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА БАСПАХАНАНЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ МЕН ҚЫЗЫҒЫН ҚАТАР КӨРІП, ЫСТЫҚСУЫҒЫНА ТӨЗЕ БІЛГЕН БАСПАГЕР ТУРАЛЫ ДАЖАЗУ – ПАРЫЗ,ӘРИНЕ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ЗІЛДЕЙМАШИНКАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАП, ҚОРҒАСЫН ҚАРІПТІ ҚОЛМЕН ТЕРГЕН ҚАПИЗА ТЕМІРХАНОВА.

Саналы ғұмырының ұзақ уақытын баспа ісі саласына арнаған Қапиза апай, алғаш еңбек жолын өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алға аудандық баспаханасынан бастады. 1971 жылы жолдасы Хамит Темірханов Октябрь аудандық баспаханасына меңгеруші болып ауысып келді. Отбасымен бірге Қандыағаш қаласына қоныс аударған біздің кейіпкеріміз Октябрь аудандық баспаханасында терімші болып қызмет атқарды. – Ол кезде баспахананың жұмысы қазіргідей емес, қиын болатын. Бәрін қолмен теретінбіз. Түннің бір уақытына дейін үсті-басымыз шаң, май болып, баспаханада жүретін кездерім есіме түссе, қазіргі жастар қандай бақытты деп ойлаймын. Бүгінде бәрі компьютерлендірілген. Біздің кезіміздегідей емес, қиындық та аз. Дегенмен, әр заманның өзіне тән қиыншылығы болады ғой, – деп өткен күнді еске алды Қапиза апай. Бір салада табан аудармастан отыз жылдан астам уақыт еңбек етсе де, ол кісі «шаршадым, қажыдым» деп көрген жан емес. Керісінше, жастарды жігерлендіріп, армандарын асқақтатып, қанаттандырып отырады. Сол үшін редакцияның үлкені де, жасы да оны жақсы көреді. Апаймен қызметтес болған жандар да оның өз жұмысына мығым, қандай шаруаға болмасын тап-тұйнақтай, жинақылықты қатты ұнататын жан екенін айтады. Арамдықтан ада, достыққа адал, жұмысты жанымен атқаратын Қапиза апайды шәкірттері де ерекше құрмет тұтады. Осы жылдар аралығында алты бас редактормен қызметтес болып, олардың бірдебірімен шәй деспей, қоян-қолтық жұмыс істеуі де сол қасиетінің арқасында болса керек. Қапиза апай өзінің көп мақаланың алғашқы оқырманы болғанын айтады. Себебі журналистің қаламынан туған сиясы әлі кеппеген мақаласын оқып, тереді. Линотипте қолмен әріп теруші қызметін атқарған Қапиза апа аталмыш станокта жұмыс істеуді, бланка басуды, әріп теруді өзгелерге үйретіп, баспахана өміріндегі оң өзгерістерге өз үлесін қосты. – Ол кезде жұмыс қиын. Жастар көп тұрақтамайды. Ауырсынып кетіп қалады. Ауырсақ та отыра беретін Күнжамал Темірбаева екеуміз. Бел жазып тынығудың арманға айналғаны сонша, жұмыс істеймін деген қыздардың тұрмысқа шығып кеткеніне де жылап алатын едік. Бірде жұмысқа Гүлнар Әбрахманова деген қыз келді. Оған алдымен әріпті қолмен теруді, кейін линотипті үйреттім. Гүлнар бәрін тез қағып алды. Осы қыз өзімді алмастырады деп үміттеніп жүргенімде бір күні түс көрдім. Түсімде ол тонының белін тарс буып, цехтан шығып кеткелі тұр екен. Оны көріп түсімде жылап жатырмын. Содан ертеңіне түсімді ішке айтып келдім. Бәрі “ол қыз кетейін деп жүр екен” деп жорыды. Сөйтсем, ол қыз біреумен сөз байласып, жүр екен. 2-3 күннен кейін кетті де қалды. Соған шынымен түсімдегідей жылағаным бар. Енді бізде демалыс жоқ. Әдбен шаршағанбыз ғой. Үміттеніп жүрген қызымыз кетіп қалды. Бірақ, ол кезеңнің санада сарғаймасы анық, – деп қиын күндердің әдемі естеліктерін еске алды. Жұмысына деген шексіз адалдығының арқасында алғаш баспаханада ашылған еңбек кітапшасы 1993 жылы жабылып, құрметті зейнеттік демалысқа шықты. Ұзақ жыл еткен еңбегі еленіп, “Баспасөз ісінің үздігі” атанып, “Еңбек ардагері” медаліне ие болды. Өмірлік жолдасы Хамит Темірханов ұзақ жыл Октябрь аудандық баспаханасында басшылық қызмет атқарып, елеулі еңбек етті. Әдемі сезімнен бастау алып, үлгілі жанұяға – Темірхановтар мәртебелі баспагерлер отбасына айналды. Бүгінде жасы сексенге таяған біздің кейіпкеріміз отағасы Хамит Темірхановпен бақытты ғұмыр кешіп, балаларының аяулы анасы, немерелері мен шөберелерінің асыл әжесі атанды. Ол өз алақанының табы мен саусақтарының ізі қалған “Мұғалжарын” сағынатынын, қашан да тілекші екенін жеткізді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ