Ақтөбеде «Ақбөбек» халықаралық мектебі ашылды

0
61

Биылғы оқу жылында Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында «Ақбөбек» халықаралық мектебі балаларға есігін айқара ашты. Қазір мұнда 400-ден астам бала білім алуда. Халықаралық стандартқа сай білім беретін жеке мектепте балалардың қосымша білім алуына да барлық жағдай жасалған.

210 оқушы тегін білім алып жатыр

Мектептің құрылтайшысы Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, үш қабатты білім ордасы 600 балаға арналған. Мектеп ғимаратының жалпы ауданы — 15 800 шаршы метр. Ғимаратта спортзал, акт залы, асхана, компьютер және робототехника кабинеті, арт-студия, сондай-ақ пәндік оқу кабинеттері бар. Мектеп ауласында спорт алаңы да бар.

  • Бұл мектепті ашуды біз көптен жоспарлаған едік. Себебі Сәңкібай батыр көшесінде орналасқан, осыдан көп жыл бұрын ашылған «Ақбөбек» бастауыш жеке мектебінде қазір балалар саны толық. Бүгінгі күні онда 230 бала білім алып жатыр. Сұраныс болған соң, әрі балаларға халықаралық стандартқа сай, жан-жақты білім мен тәрбие беруді мақсат ете отырып, осы орта мектепті ашуға бел будық. Осы мақсатта 2017 жылы аукционға қатысып, Батыс-2 ауданынан 3,2 гектар жер сатып алдық. Содан өткен жылы мектептің жобасын дайындап, тамыз айында құрылыс жұмыстары басталды. Көктемде басталған пандемияға қарамастан, құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, мектепті жаңа оқу жылына ашу үшін барымызды салдық. Көршілес Ресейден құрылыс материалдарын әкеліп, жұмысшыларды жұмылдырып, нәтижесінде тамыз айының аяғында мектептің құрылысы аяқталды. Бұл жобаны жүзеге асыруда біз көп қиындықты бастан өткердік. Осы орайда бізге қолдау көрсеткен облыс әкімі Оңдасын Оразалинге ерекше алғысымызды айтамыз. Себебі мектеп орналасқан аумақ жаңадан салынып жатқан аудан болған соң, инфрақұрылымды жүргізуде біраз күш салуға тура келді. Тынымсыз еңбектің арқасында, міне, қазір зәулім мектебіміз балаларға есігін айқара ашып отыр, — дейді К.Айдарханова.

Бүгінгі күні мектепте дәстүрлі түрде бастауыш сыныпта 210 оқушы оқып жатыр. Олардың дені — Батыс-2 шағын ауданының балалары. Облыстық білім басқармасының ұсынысымен бастауыш сынып оқушылары бұл мектепте тегін оқытылуда. Ал 5-11 сыныптарда оқитын 200-ден астам оқушы ақылы түрде білім алады. Атап айтсақ, бір айға бір оқушыға төленетін оқу ақысы — 120 мың теңге. Мектептегі оқушылардың 70 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс сыныбында білім алады.

— «Ақбөбек» халықаралық мектебінде әрбір оқушының негізгі және қосымша білім алуына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда оқушыларға 10-нан астам үйірме, сондай-ақ пәндерден қосымша дәріс беріледі. Атап айтсақ, дзюдо, футбол, қолөнер, би, гимнастика, бейнелеу өнері, вокал, актерлік шеберлік, тағы басқа үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ балалар спорт, жаттығу залдарында күн сайын жаттығады. Оқушылар төрт мезгіл тамақтанады.

Қазір елдегі шектеу шараларына байланысты тек бастауыш сыныптар ғана дәстүрлі форматта оқытылып жатыр. Ал 5-11 сынып оқушылары онлайн форматта білім алуда. Оларға пән мұғалімдері арнайы платформалар арқылы жан-жақты білім беруде. Жалпы оқушылардың халықаралық стандартқа сай оқытылуы үшін барлық жағдайды жасап отырмыз, — дейді К.Айдарханова.

Басты ерекшелік — оқыту және бағалау  

Қазір «Ақбөбек» халықаралық мектебі оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасымен оқытады. Яғни мұнда барлық сыныптар физика-математикалық бағытта және IELTS бағдарламасы арқылы ағылшын тілін тереңдетіп оқиды.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыста аталған бағдарламамен білім беретін бірнеше мектеп бар. Олардың қатарында Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақтүрік лицейі, облыстық мамандандырылған физикаматематика мектеп-интернаты бар.

Мектеп құрылтайшысының айтуынша, алдағы уақытта балалардың республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі олимпиадаларға, байқауларға қатысуы үшін оларға заман талабына сай білім беру өте маңызды. Себебі мұнда оқыған әрбір оқушы ағылшын тілінде еркін сөйлеуі тиіс.

«Ақбөбек» халықаралық мектебінің тағы бір ерекшелігі — бағалау жүйесі жалпы білім беретін мектептердегі бағалаудан бөлек. Мұнда оқушылардың білімін бағалау үшін критериалды бағалау жүйесі қолданылады. Яғни балалардың біліміне баға емес, балл қойылады.

  • Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты — мектепте білім беру сапасын көтеру, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру. Ал мектептің жалпы міндеті — үш тілді еркін мең­герген, ғылыми көшбасшы бола алатын түлектерді даярлау. Қазір біз осы мақсатта үздіксіз еңбек етіп жатырмыз. Атап айтсақ, биылғы жаңа оқу жылында мектебімізге 60-ға жуық педагог қабылданды. Жалпы ұжымда 100-ге жуық адам жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда мектеп мұғалімдерінің орташа айлық жалақысы — 250 мың теңге. Ал биылғы оқу жылына балаларды үш кезең бойынша конкурс арқылы қабылдадық. Ең негізгісі, бізге қабілетті, жан-жақты оқушылар керек. Себебі біз оқытатын бағдарлама — академиялық, ол ерекше ойлау қабілеті бар, білімді игеру деңгейі жоғары, қарымы мықты балаларға лайықталып, күрделендіріліп жасалған бағдарлама, — дейді мектеп директоры Қайрат Жұмабаев.

Оның айтуынша, оқу жылының басында мектепте барлық ата-аналар мен оқушыларға корпоративтік пошта ашылған. Аталған поштаға пән мұғалімдері тапсырмалар жіберіп, Microsoft Outlook бағдарламасы арқылы кері байланыс орнатады. Ал 5-11 сынып оқушылары Microsoft Teams бағдарламасы арқылы онлайн форматта оқытылуда. Яғни мұғалімдер оқушыларға синхронды түрде онлайн форматта сабақ өткізіп, тапсырмалар береді.

  • Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасына сәйкес, бізге келген әрбір мұғалім ағылшын тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, оқушыға қажетті білім беруге қабілетті болуға тиіс. Бұдан бөлек білім берудің озық технологиясын жетік меңгеруі қажет. Ондай мұғалімдер баланың әрқайсысына жекелей жол тауып, оның жасырынып жатқан талантын ашуда дайын білімді бере беретін ұстаз ғана емес, сонымен қатар жаттықтырушысы, тәлімгері бола білуі керек. Сондықтан біз жаңа оқу жылында кадрларды жұмысқа алғанда, олардың арасында үздіктерін іріктеп, қабылдадық. Айта кету керек, біздің мектебімізге қызметке келуге ниет білдіргендердің арасында өзге облыстардан да хабарласқандар болды. Алайда мамандарды баспанамен қамтуда бірқатар қиындықтар болғандықтан, біз басқа облыстардан кадрлар алмадық, — дейді мектеп құрылтайшысы Күлпаршын Алпысбайқызы.

Ендігі мақсат — білікті кадрлар дайындау

Негізгі мамандығы балалар дәрігері болғанымен, көп жылдан бері оқушыларға заман талабына сай жан-жақты білім мен тәрбие беру ісінде тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Күлпаршын Айдарханованың алға қойған жоспары көп. Соның бірі келер жылы «Ақбөбек» халықаралық мектебі жанынан 100 орындық интернат салу болса, ең ізгі арманы — Батыс-2 ауданынан 200 оқушыға арналған гуманитарлық колледж ашу.

Мақсат — білікті, бәсекеге қабілетті, ІТ технологияларды жан-жақты меңгерген кадрлар дайындау.

— Бүгінгі күні облысымызда ІТ технологияларды терең меңгерген, өте білімді, жан-жақты кадрлар жетіспейді. Егер сондай кадрларды оқытып шығарсақ, болашақта жас ұрпақты тәрбиелеуде бізде ешқандай кедергі де, мәселе де болмайды. Балалардың сапалы, жоғары деңгейде білім алуы үшін, ең алдымен, оны оқытатын педагог кадрларымыз мықты болуы керек. Сондықтан мен осы жобаны қолға алып, жүзеге асырғым келеді, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН, “Ақтөбе” газеті.