«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҢА МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ДИПЛОМДАРЫН АЛДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӘКІМДЕРМЕН ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІНЕ САПАЛЫ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШУ, ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ӘРІ СОЛ НЕГІЗДЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАБЫСЫ МЕН КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІН КӨТЕРУДІ ТАПСЫРҒАН ЕДІ. «НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ 2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ЕҢБЕК» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ» ОСЫ МАҚСАТТА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІП КЕЛЕДІ. БҮГІНДЕ АУДАНДА БҰЛ БАҒДАРЛАМАМЕН ОҚЫП, КЕЙІН ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ТҰРЫП ЖАТҚАН МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢДА САНЫ АРТУДА.

Мәселен, жуырда Қандыағаш қаласындағы «Миланья» оқыту орталығының түлектері өз дипломдарын қолдарына алды. Ақтоты Ілиясова негізін қалаған оқу орталығында биыл бірінші түлектер түлеп ұшты. — «Миланья» оқу орталығы үшін бүгін ерекше күн. Өйткені, ашылғанына бір жыл толмаған орталықтың алғашқы түлектері бір саланы игеріп, жұмысқа тұруға мүмкіндік алды. Курс қатысушылары бір ай бойы сағат 9:00-12:00 аралығында теорияны оқып, қалған екі айда алған білімдерін практика жүзінде жүзеге асырады. Нәтижесі де жаман емес. Қазіргі таңда қатысушылардың ішінен осы сән орталығына тұрақты қызметке орналасып жатқандары да бар. Ендігі жерде әрбір курс түлектері өз алдына кәсіп ашып, дамуларын, жұмысқа орналасып кетуін тілейміз. Болашаққа жоспар көп. Келесі бағдарламалық курстарға массаж, тырнақ әсемдеу тәрізді бағыттарды қоссам деймін. Әрине, бәрі де уақыттың еншісінде — дейді Ақтоты Нұралиқызы. Жаңа мамандық алып шыққандар осында аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген еді. 3 айлық қысқа мерзімді оқу курсында арнайы мамандар мен шеберлер өз тәжірибелерімен бөліседі. Бекітілген жоспарға сай, бір жылда 1 топ толық курсты меңгеріп шығады. Оқуға жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз болып тіркелгендер ғана құжаттарын дайындай алады. Оқытудағы мақсат — мамандық беріп, әрі қарай жұмысқа орналастыру. Биыл осы мақсатта 70 мұғалжарлық оқуға жолданып, 44-і оқуды аяқтады. Оның 43-і тұрақты жұмысқа орналасып, 1-еуі қайтарымсыз грант иегері атанған. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оқып жатқан әрбір жанға 21 787 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Биыл 5-ші тобына өз дипломдарын табыстаған «Бикеш» сән салонының меңгерушісі Бикеш Асылова — әмбебап шаштаразшы. Өзінің техникасын жанындағы шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын маман әр түлегінің кәсіп ашып, жұмысқа белсенді араласқанын қалайды.

— Бүгін мен тағы да қуаныштымын және осы сәтті асыға күтемін. Өз жолын тапқысы келетін әрі дамығысы келетін әрбір жанға қуаныш сыйлауға себепкер болуым үлкен мәртебе. 3 айлық курста білім алушылар шаш қиюды, сәндеуді, сан түрлі сәндік курстарды меңгеріп шығады. Мен осымен 5-ші топқа жетекшілік еттім. Осыған дейін колледжде арнайы уақыт бекітілген соң, оқыту процесі сол жақта жүретін. Енді биыл «Миланья» оқу орталығында бұл үрдіс жалғасын тапты. Бұл үшін алдымен, Мұғалжар ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығына және оқу орталығының меңгерушісі Ақтоты Нұралиқызына алғысымды білдіремін, — деді Бикеш Амангелдіқызы. Қолына дипломын алып, жаңа мамандық игеріп шыққан Салтанат Төлешова енді әрі қарай осы білімін практикада қолдануды жоспарлап отыр.

— Бұл — мемлекет тарапынан ұйымдастырылған мақсатты жоба. Олай дейтінім, әрбір үйде отырған немесе көпбалалы аналарға таптырмайтын мүмкіндік. Өзім шаштараз саласы бойынша оқыдым. Біріншіден, бұрын таныс болмаған саланы игеріп, үйреніп шығуыма себеп болса, екіншіден, бір сала бойынша дипломым, яғни, оқығанымды куәландыратын құжатым бар. Осы тұста аудандық жұмыспен қамту орталығына шексіз алғыс айтамын. Оқу туралы осы орталықтың инстаграм парақшасынан көрдім де, бірден барып, құжаттарымды дайындауға кірістім. Нәтижесінде, қазір дипломым қолымда, мамандық игеріп шықтым, — дейді ол.

А.АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ПРОШЛИ УЧЕНИЯ СПАСАТЕЛЕЙ НА ЖЕЛЕЗНОЙ ДОРОГЕ

admin_mugalzhar

ПОЛИЦЕЙСКИЕ ПОЗДРАВИЛИ ВЕТЕРАНА ТЫЛА

admin_mugalzhar

Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.