«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕҢГЕНІҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ — ТАРИХИ ҚАДАМ

1993 ЖЫЛ ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫНА ЕРЕКШЕ КЕЗЕҢ БОЛЫП ЕНДІ. СЕБЕБІ ОСЫ ЖЫЛЫ ЕЛІМІЗДЕ ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕ АЙНАЛЫМҒА ШЫҚТЫ. 15 ҚАРАША — ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА — ТЕҢГЕ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА СӘЛ ШЕГІНІС ЖАСАП, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛ ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТАРИХЫН ТАРҚАТЫП КӨРЕЙІК.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлы Жібек жолында орналасқан ежелгі қазақ даласында ақша айналымы өте қарқынды жүрді. Сауданың түртүрімен айналысқан халыққа айырбас ретінде алтын, күміс тәрізді асыл тастар мен мыс фельстер қолданылды. Түркі кезеңіндегі монеталарға аверс (тиынның оң жағы) бетінде басылған таңбалар, жабайы аңдардың суреті бедерленген. Белгілі археолог К.Байпақов жетекшілік еткен зерттеу тобының археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде, «Отырар алқабы: Күйік-Мардан, Алтынтөбе, Жалпақтөбе қала жұрты» атты еңбегі жарыққа шықты. Олар Отырар алқабындағы Күйік-Мардан қала жұртынан теңгелердің табылғанын, олардың VІІVІІІ ғасырларға жататынын және ол теңгелерде арыстан бейнесі мен таңбалардың бейнеленгенін келтірген. Жалпы, қазақ халқында теңге шығару сонау Қарахан әулет тұсында дамыған. «Теңге» ұғымының орнында «динар, дирхем, фулс» тәрізді атаулар қолданды. Тарқата берсек, тарихтың түбінде де теңгенің ізі қалғанын аңғарамыз. Жаһандық қаржы-экономикасы күйреп, қаржы құнсызданған кеңестік кезеңде құнын жоғалтқан «рубль алаңын» айналып өтуге тура келді. Өйткені қаржылық-экономикалық жүйеге талпыныс жасау сол кездегі мемлекет басшысының міндеттеген жұмысы болатын. Н.Назарбаевтің жүйелі жұмысы негізінде Ұлттық банкке өте құпия түрде ұлттық валюта қорын жинақтап, әзірлеуге тапсырма берген-ді. Бұл іргесі де қаланбаған, ұлттық қор қалыптаспағанын ескерсек, әрине, үлкен ерлікке лайық қадам екені шүбәсіз. Ұзақ уақытты қамтыған қомақты жобада жан-жақты ізденістер ірге болды. Мәселен, қазақ халқының бетке ұстар тұлғаларын тізіп, оларды банкнот беттеріне жариялау туралы, ұлттық ою-өрнектер, тарихи мекендердің бәрі бақылаудан тыс қалмады. 1992 жылдың тамызында купюралардың үлгісін құрастырған бір топ дизайнерлер Ұлыбритания еліне сапар шекті. Әл-Фараби, Абылай хан, Шоқан, Сүйенбай бабаларымыз бейнеленген банкноттар осылайша жарық көрген еді. Ал монеталар 1992 жылдың қарашасында Өскемен қаласындағы «Монета» сарайында ҚР Ұлттық банкінің тапсырысы бойынша дайындалды. Ол туралы Елбасы Н.Назарбаев: » 7 миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. Төрт «ИЛ-76» ұшағын жалдап, ақшамыздың 60 пайызын тасып алдық. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қоймаларын жасатып қойдық. Төрт ұшақ ЛондонОрал бағытына, одан әрі облыстарға апта сайын он сегіз рейс жасап тұрды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны табысты өткізуге жұмылдырдық. Ең қиыны — ақшаны барлық банктерге, аудандарға жеткізу болды. Ол сегіз күн ішінде атқарылды. Бәлкім, дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осылай тез әрі табысты жүзеге асырылмаған шығар», — деген. Ел 1991 жылы саяси жағынан тәуелсіздік алғанымен, экономикалық жағынан Ресей және тағы да басқа одақтас елдермен серіктес болуға мәжбүр болды. Бұл — елдік алғаннан кейін, еркіндікті сезіну қиынға соққан кез еді. Төл туындымыз валютаны «ақша», «алтын» деп атау жайлы да ұсыныс түсті. Дейтұрғанмен, ақылдаса келе түркі сөзі «теңге» болғаны дұрыс деген тоқтамға келді. Суретші-дизайнерлер Хайролла Ғабжәлелов, Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин және Ағымсалы Дүзелхановтар жедел түрде жаңа купюраның бет-бейнесін жасап шықты. Содан кейін, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданып, онда Қазақстан Республикасында алғашқы рет өз бетінше қаржы-несие жүйесімен ақша-несие саясатын жүргізу туралы заңға негіз қаланды. 1993 жылдың 13 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң қабылданды. Осы заңда Қазақстанның Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы территориясында өз бетінше ақша-несие саясатын жүргізуге құқылы және бірден-бір банкнот пен монет эмитенті болып саналатыны айқын көрсетілген. Саяси және экономикалық жағдайға байланысты 1993 жылдың 15 қарашасына дейін елімізде бұрынғы КСРО-ның ақша белгілері айналыста болды. Қазақстан Республикасы «кеңес рублі» аймағын тастап шыққан ең соңғы ел. Бұрынғы Кеңестер Одағының барлық республикалары, оның ішінде Ресей де 1993 жылдың тамызына дейін өз ұлттық валюталарын айналысқа шығарып үлгерді. Осылайша 1993 жылдың наурыз айында Ұлыбританиялық фирма ұлттық теңгеміздің жұмыстарын толығымен аяқтады. Содан соң, 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойғаннан кейін, 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8:00-де басталып, 20 қарашада сағат 20:00-де аяқталды. Бұл — еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы тарихи қадам екені даусыз. Жылнамалар легі осы ретпен 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталары жарыққа шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Сол кездегі ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл туындымыз валютаның туған күні және қаржыгерлер күні болып белгіленген болатын. 2006 жылы 15 қарашада жаңа формадағы банкноттар айналысқа енгізілді. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдермен бәсекеге бәйгесін нық тіге алады. Соның жетістігі — қазіргі таңда қазақстандық банкноталар 15 деңгейлі қорғаныс қабатына ие, қолдан жасау мүмкіндігі барынша шектелген қаржылық айналым құралы болып саналады. Бұл — ұлт мүддесінің жаһандық дамуындағы, теңгенің рөлі айрықша екендігінің айғағы.

50 ТЕҢГЕЛІК ҚАҒАЗ АҚШАДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ПОРТРЕТІ ТҰРУЫ ТИІС БОЛҒАН, АЛАЙДА НҰРСҰЛАН НАЗАРБАЕВ МҰНДАЙ МӘРТЕБЕДЕН БАС ТАРТҚАН.

ҚАЗАҚСТАНДА АҚША БАСЫП ШЫҒАРАТЫН ӨЗ ФАБРИКАМЫЗ 1995 ЖЫЛЫ АШЫЛДЫ. СОНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЕРЕКШЕ АТАУЛЫ КҮНДЕРДЕ МЕРЕКЕЛІК БАНКНОТТАР ШЫҒАРУҒА МҮМКІНДІК АЛДЫ.

ТЕҢГЕНІҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ ДИЗАЙНЫ ҚАЛАМ, КАЛЬКА ЖӘНЕ ТУШЬ АРҚЫЛЫ САЛЫНДЫ, ӨЙТКЕНІ ӘРЛЕУШІЛЕРДІҢ ҚОЛЫНДА БҰДАН БАСҚА ЕШҚАНДАЙ ҚҰРЫЛҒЫ БОЛМАҒАН.

ТЕҢГЕ — ЖАЛҒАНАҚША ЖАСАУШЫЛАРҒА ҚАРСЫ ТҰРА АЛАТЫН, ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАУІПСІЗ ВАЛЮТА. АМЕРИКАЛЫҚТАР ТЕҢГЕНІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫНА СҮЙЕНІП, ДОЛЛАР ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТКЕН. ДОЛЛАРДЫҢ ТАРИХЫ XVIII ҒАСЫРДАН БАСТАУ АЛАДЫ.

«ТЕҢГЕ» АТАУЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТҮРКІКҮМІС МОНЕТАЛАРЫНЫҢ «ДЕНГЕ» СӨЗІНЕН ШЫҚҚАН.

ТЕҢГЕНІҢ БІРІНШІ ТОПТАМАСЫ HARRISON & SONS ФАБРИКАСЫНДА ЖАСАЛҒАННАН СОҢ, ОНЫ ЕЛГЕ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР 18 ӘУЕСАПАРЫН ЖАСАҒАН.

Интернет материалдары арқылы дайындаған Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Акиматам поручено продолжить работу по стабилизации цен на социально значимые товары

admin_mugalzhar

Бір тәулікте 76 тілге аударылған қарт ананың 4 ауыз сөзі

admin_mugalzhar

Коронавирус статистикасы енді симптомды және симптомсыз болып бөлінбейді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.