«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘР ТӨБЕНІ ЗИРАТ ҚЫЛУ ДҰРЫС ЕМЕС!

«Мұғалжар» газетінде шыққан «Өмірден өткендер енді қайда жерленеді?..» атты мақалада қала аумағындағы 5 қорымның бары айтылған. Ия, қазіргі дерек бойынша, көзге көрініп тұрғаны осылар болар. Дегенмен мен Қандыағаш қаласында туып-өсіп, осы жерде есейген, тарихын білетін қала азаматы ретінде қала аумағында қала іші мен сыртындағы қорымдарды қосқанда 10 қорымның барын айтқым келеді. Ұмыт болып, ел жадынан өше бастаған қорымдарды түгендеп, өзіміздің газет арқылы оқырмандарға жеткізуді ойлап, қолыма қалам алдым.

Сонымен қорымдарды атап өтсем, бірінші, теміржолдың арғы бетіндегі «Томалар қорымы» атанған қыр басындағы қорым. Екіншісі — жалпыға ортақ үлкен қорым. Бұл қорымда қалған бос жерлерге техника кіргізбей, әруақтардың мазасын алмай, ауласына жаяу кіріп, жерлеу рәсімдерін өткізсе деймін. Үшіншісі — Алтынды көшесіндегі қоршалған ескі қорым. Бұл қорымның да тарихы тереңде жатыр. Келесі қорым — «Энергосистема» ЖШС-і мекемесінің жанындағы христиан ағайындар қорымы. Орыс ағайындар табытқа салып жерлейтін болғандықтан, бір қабірге бірнеше адамды салып жерлеу салты бар. Мұсылман, христиан дәстүрінде өз-өзіне қол салғандарды жалпы қорымнан 40 қадам тысқары жерленген. Орыс ағайындардың қорымында тыста жатқан адамдардың көбі солай жерленгендер. Бесіншісі — Ақтөбе қаласына шығар беттегі «Қыз әулие» атанған жер. Ол жер де қорым болып табылады. Одан кейінгілері 6 км жағындағы мұсылман қорымы мен 6 км жағындағы христиан қорымы. Бұл екі қорым кешегі советтер уақытында Шилісай ашылған уақытта, қала шетінен мөлтек аудан ашылған кезде пайда болған қорымдар. Қабірден су шыққан соң жерлеу тоқтатылды. Келесісі Амангелді көшесінің бос жағындағы «Шешендер моласы» атанған жер. Ұлы Отан соғысының 1942 жылында жер айдалып келген шешен ағайындардың тума-туысқандары бүгінде Басшилі, Сағашилі, Коганович ауылдарында тұрып жатыр. Солардың өмірден озғандары жерленген жер бұл. Енді бірі — Аманкелді көшесінің №50-55 үйлердің маңында ашық алаңқай жер бар. Сол жерде мұсылмандар зираты бар. Бұны қаланың байырғы тұрғындары жақсы біледі. Бұл қорым Алтынды көшесіндегі қорымнан бұрын түскен ескі қорым. Ал соңғы қорымға келсек, 1942 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинград қаласына майдан шебі жақындағанда қазіргі Қандыағаш ол уақытта кішкене ғана разъезд болатын. Сол кезде шұғыл түрде қазіргі Доссаф маңында лазарет, госпитальдар салынған болатын. Кейіннен Доссафқа, ОРС, СИП қоймаларына берілді. 1950 жылдары ол жер перзентхана болып өзгертілді. Соғыс уақытында қазіргі 1-ші станса жолының қасындағы тұйық жолға жаралыларды әкеліп, жақын жердегі лазарет, госпитальдарға апарып емдеген. Қайтыс болғандарды қазіргі вагон баяулат-қыш (подрезной) маңы ашық алаңқай жер болғандықтан, сол жерлерге жерлеген. 1947 жылы Доссор-Мақат мұнайын тасымалдау үшін Мақат-Қандыағаш-Орск бағытында теміржол салына бастаған. Қандыағаш стансасы 4 жолдың торабы болатын болғандықтан, вагон сұрыптау салыну керек болды. Сол уақытта ашық алаңқайдағы зираттан «Орыс» моласына көбі көшірілді. Көшірілмегендер сол жерлерде қалып қойды. Күні кешегі дейін сол жерлерде жұмыста жүрген бірнеше адам шейіт болып, көбісі ауыр жарақат алды. Бұл — қай ұлт болса да, әруақтардың мазасын алмай, өлген әруақтарды қадірлеп, құрметтеу керектігін ұқтырғандай.

Ал мақалада айтылған қорымға қажетті жаңа жер жөніндегі әңгімеге келетін болсақ, өзімнің туып-өскен қаламның іші-сыртын қорымға толтыра беруге қарсымын. Үлкен қорымның ішін дұрыстап, қадағалап жерлеп, толтырылып,  содан кейін ғана жабу керек деп есептеймін. Ал қорымға қалайда жаңа жер керек десек, оған теміржолдың арғы бетіндегі Жарық ауылына шығатын жақтағы қыр басындағы «томалар» қорымы лайықты жер деп білемін. Рас, ертеректе №313 разъезге шығу қиындыққа соғатын. Ал бүгінде ол уақыттағыдай ағылып жатқан пойыздар жоқ. Ал қимасын, жақынын мәңгілік сапарға шығарып салып отырған адам ешқандай қиындықтан қашпайды. Ертеректе өз руының қорымына жерлеу үшін бірнеше күндік жерді жүріп өтіп, жерлеу рәсімдерін өткізген. Сондықтан марқұм болған туысын жерлеймін деген жан қайда болса да, апарып жерлері анық. Сол жақтан орыс ағайындарға да орын қарастыру керек деп есептеймін.

Базарбек Күшкімбаев, Қандыағаш қаласының байырғы тұрғыны.

Ұқсас ақпараттар

Павлодар облысының әкімі лауазымына Әбілқайыр Сқақовты тағайындалды

admin_mugalzhar

Билл Гейтс айтқан 7 өзгеріс

admin_mugalzhar

Құлақты мақта таяқшамен шұқуға болмайды – дәрігер

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.